Жанар Бейсенбекова: Елбасы тоқталған мақаланың әр бөлімі – ұлтымыздың нағыз брендтері

Версия для печати

Мемлекетіміз өз алдына тәуелсіздік алғаннан бастап еліміздің рухы да асқақтап келеді. Бүгінгі күні бір шаңырақ астында ымыра бірлікте өмір сүріп жатқан этностардың достығы әлем елдеріне үлгі болды.

Жеткен жетістік те, алған белес те Елбасының саралы саясатының арқасы деп білеміз. Нұрсұлтан Назарбаевтың 21 қараша күні  Егемен Қазақстан газетінде жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы ұлттық кодымызды сақтай отырып, өркениетке нық қадам басуға бағытталған.

Елбасының кезекті бағдарламалық мақаласында айтылған жалпы тақырып - ұлттық сананы жаңғыртып, бай мұрамызды жастарға жеткізіп, ұлықтау, сақтау. "Ел боламын десең бесігіңді түзе" дегендей, болашағымызды ойласақ, бүгіннен бастауымыз керек.  Біртұтас ұлт болу үшін, осынау бастамаға атсалысу – әрқайсымызға міндет.

Жылқы асыл да қасиетті жануар. Сайын даламызды қорғаған рухты бабаларымыз аттың үстінде жүріп, білектің күшімен, найзаның ұшымен сақтады. Қазақылық деген не десе-ат құлағында ойнаған ерлер мен парасатты әкелер, ошақ қасы берекелі, қонақжай, алтын құрсақ аналар, әке сөзін санаға түйген, ырысы тасыған бекзада халқымызды айтамыз.

Елбасы тоқталған  мақаланың әр бөлімі-ұлтымыздың қазіргі тілімен айтсақ, нағыз брендтері. Тарих пен география, зияткерлік ынтымақтастық, ұлы бабалар есімін ұлықтау бәрі-бәрі ұлтымыздың айнасы.  

«Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасау, «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын  ашу, «Ұлы Дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығару, «Дала фольклорының антологиясын» жасау сияқты бағыттар «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жалғастыру деді, Президент өз мақаласында. Аталаған мақаланы жүзеге асыру ұлтымыз үшін аса маңызды әрі қажет. Себебі, тарихи сана қалыптаспай, мемлекеттің санасы да қалыптаспайтыны белгілі.  Ұлттық сананың өресі-ұлттық болмысымызбен өлшенеді.  

     Жанар Бейсенбекова,

 Қарағанды облысы ҚХА

Аналар кеңесінің төрайымы