Қазақстан халқы Ассамблеясы

ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ КЕҢЕСТЕРІНІҢ ҚР ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ 25 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН «ТӘУЕЛСІЗДІК НЕГІЗІ – ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ» АТТЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФОРУМЫ

2016 жылғы 4 қарашада Талдықорған қаласында, Алматы облысының әкімшілігі ғимаратында Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңестерінің ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздік негізі – қоғамдық келісім» атты республикалық форумы болып өтті.   

Форум жұмысына ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, ҚХА Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Бақытбек Смағұл және Юрий Тимощенко, ҚХА мүшелері және өңірлердегі Қоғамдық келісім кеңестерінің мүшелері, мемлекеттік органдардың, этномәдени бірлестіктердің және БАҚ өкілдері қатысты.

Форум қатысушыларына арналған құттықтау сөзінде  Г.Әбдіқалықова қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайту мен дамыту бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының Қоғамдық келісім кеңестері жүргізетін жұмыстың маңызын, Қоғамдық келісім кеңестері ҚХА Төрағасы – ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен құрылғанын атап көрсетті.    Қоғамдық келісім кеңестерінің міндеті мемлекеттік реформаларды іске асырудың басты шарттарының бірі ретінде тұрақтылықты, азаматтық татулықты, қоғамдық келісімді және жалпыұлттық бірлікті нығайту болып табылады.   

Форумда Жамбыл, Қарағанды және Қостанай облыстарының Қоғамдық келісім кеңестерінің жұмыс тәжірибелері, Ассамблеяның Аналар кеңестерімен,  медиация институттарымен өзара іс-қимыл жасаудың негізгі бағыттары және басқа мәселелер қаралды.

Кеңестердің қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтудағы және халықтың өзекті мәселелерін шешудегі қоғамдық бақылау тетігі ретіндегі рөлін арттыруға бағытталған ұсыныстар тұжырымдалды.

«Қоғамдық келісім» РММ Баспасөз қызметі:

тел.+7(7172) 74-12-15, 74-12-13,

+7775 400 86 39,

E-mail: info_rgy@mail.ru,

www.assembly.kz