Қазақстан халқы Ассамблеясы

08 Ақпан, 2019

3951

Хасан Шарипов: Қазақстан халқы Ассамблеясы – достықты, татулықты сақтайтын үлкен үй

Астаналық тұрмысы төмен жас отбасына көмегін беріп, қамқорлығына алған кәсіпкер Хасан Шарипов тарихи отанын артқа тастап, Қазақстанға жер аударылып келген ата-анасының ақылын тыңдап өскен көрегенді жан. Бүгінде жүзден астам отбасын жұмыспен қамтып, кәсібін арттырып отыр.

— Хасан Халматұлы, сізді меценат ретінде танып жүрміз. Қазақстан халқы Ассамблеясы қайырымдылық акциясына бастама берді. Өңірлерде осыған қатысты қызу жұмыстар жүріп жатыр. Қайырлы істің басы-қасында өзіңіз жүрсіз. Игілікті іске бет бұруға сізге не түрткі болды?

— Тәуелсіздік алған жылдары елімізде күйзеліс уақыты еді ғой, бірақ Елбасы басу айтып, біріксек алынбайтын қамал болмайтынын, қиындық та артта қалатынын және бір-бірімізге қамқор болуға, жанашырлық танытуға, бауырластықты нығайтуға үндеген еді. Оның үстіне ұрпақ тәрбиелеп отырмыз, оларға үлгі-өнеге болу керек, ол үшін жақсылығың артып тұрғаны абзал.

Ата-бабаларым Таразға тұрақтап, қазақ халқымен бір атаның баласындай жақын болып, тонның ішкі бауындай араласып, бір үзім нанды бөле жеген қазаққа сіңіп кеткен. Маған ата-анам әрдайым қасиетті отанымызға айналған Қазақстаннан ешқайда кетпейсіңдер, осы жерде туып-өстіңдер, осы жердің суын ішіп, нанын жеп отырсыңдар, ондай болса, Қазақстанның өркендеуіне, өсуіне де пайдаларыңды тигізіп, үлес қосыңдар. Отан алдындағы парызды өстіп өтеңдер дейтін. Сонымен қатар, өздеріңнің тарихи тілдеріңді, тарихтарыңды, салт-дәстүрлеріңді ұмытпаңдар, бірақ қазақтың тілін, мәдениетін, әдет-ғұрпын білуге міндеттісіңдер. Оны қадірлеңдер дейтін. Осы сөздер менің жадымда сақталып қалыпты.

1991-1992 жылдары Тараз қаласында кәсіпкерлікті бастадым. Наубайхана ашып, кәсібім нәсібіме айналған соң, мұқтаж жандарға да қол ұшын беруді ойластыра бастадым. Елбасының қолдауымен мемлекет тарапынан көмек көрсетілген соң, мен де алған көмегімді басқамен бөліскім келді. Қазіргі уақытта Алматы, Астана, Тараз, Павлодар қалаларында наубайхана желісі жұмыс істеп тұр.

Қарияларға, көпбалалы, әлеуметтік хал-ахуалы төмен отбасыларға, медициналық көмекке зәру жандарға қолымнан келгенше көмегімді беріп тұрамын. Ыстық тамақ ұйымдастыру керек кезде де шет қалмаймын.

Сол қиын кездері кәсіп бастау оңайға соқпады. Десе де, айналамда үйіріліп жүрген жастарды қанатымның астына алып, қолдау білдірдім. Оларға кәсіптің қыр-сырын үйретіп, қамқорлығыма алдым. Қазіргі күні олар өз алдына үй болып, қатарынан қалмай, саналы азаматқа айналды.

Мұны неге айтып отырмын? Мемлекет ісін бастаған адамға қай жағынан болсын көмек көрсетіп отыр. Қолыңнан келгенше мүмкіндігіңді пайдалан да, еңбектен, оның қызығын көр деп отыр. Ал енді осыдан неге жастарға арқа болып, іскерлікке баулымасқа. Біз көрген мемелекеттің қамқорлығын біз неге жастарға көрсетпеске. Барыңмен бөлісу қажет.

Қазақстан халқы Ассамблеясы – Қазақстан халықтарының достығын, татулығын сақтайтын үлкен үй. Мұнда қайырымды жандардың саны көп.

— Көбіне қай бағыттағы қайырлы іске бет бұрасыз?

— Науқас балаларға көмек беруді бірінші орынға қоямын. Одан соң үлкен бұқаралық іс-шараларда қарияларға қамқорлық жасаймыз. Жыл сайын «Мектепке жол» акциясының тұрақты қатысушысымын. Сексен-тоқсан балаға керек-жарағын алып береміз.

— Наубайханаңыздан күніге әжептәуір нан пісіріліп шығады. Оны дүкендерге жеткізесіз. Әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға тегін тарату туралы ойыңыз жоқ па?

— Әр бейсенбі, жұма күндері келісім бойынша дүкендерде қарияларға, көпбалалы отбасыларға тегін нан беріледі. Бір мың-екі мың нанға дейін барлық қалалар бойынша бөлінеді (Астана, Алматы, Тараз, Павлодар).

— Қайырымдылықты қалай дамытуға болады?

— Қайырымдылық жасайтын адамдардың көбісі жасаған ісін жария қылмайды. Ал енді солар туралы көбірек айтылса, жазылса, басқаларға өнеге болар еді.

«Арбаның алдыңғы дөңгелегі қайда бұрылса, артқы дөңгелегі сонда бұрылады» дейді ғой. Біздер, орта буын өкілдері, жастарды артымыздан ерту үшін осындай ізгі ниеттегі істерге жетектеуіміз керек. Қазіргі жастар көздері ашық, көкірегі ояу. Білімді, жақсы мен жаманды айыра алатын қабілетті. Мен өзімді дұрыс үлгі көрсетіп жүрмін деп үміттенемін.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.