Қазақстан халқы Ассамблеясы

09 Қараша, 2018

6302

Виталий Хмелевский: Өзара сыйластық пен түсіністік – баға жетпес құндылық

«Полония» Қарағанды облыстық поляк қоғамы 1991 жылдың қарашасында құрылған. Жиырма жеті жыл ішінде қоғам білім беру, мәдени-ағартушылық ісі, поляк салт-дәстүрлерін жаңғырту және дамыту, көрмелер, концерттер, конкурстар, кештер өткізу, көркем өнерпаздарды қолдау, жастарды Польшаның жоғары және орта оқу орындарында оқуға дайындау жұмыстарын сәтті атқарып келеді.

Қоғам төрағасы – Виталий Альбертович Хмелевский. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясының және облыстық ассамблея Кеңесінің мүшесі. Көп жылдар бойы қоғамдық келісімді нығайту жолындағы еңбегі үшін «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы», «ҚХА-ның 20 жылдығы», «Қарағандының 80 жылдығы» медальдарымен марапатталған.

— Виталий Альбертович, «Полония» Қарағанды облыстық поляк қоғамы қандай мақсат-міндетті жүзеге асырып отыр? Жалпы қызметімен таныстырып өтсеңіз?

— Бірлестік 1991 жылы ресми тіркеліп, қызу жұмысын бастады. Ол кезде Қазақстан тәуелсіздік алған жылдар еді. Елімізде тұрып жатқан көптеген этностар өзара бірігіп, өз тілдерін, діндерін және салт-дәстүрлерін жаңғыртып, оны сақтап, дамытуға зор мүмкіндік алды.

Біз де сол мүмкіндікке қол жеткізуге асыққан көштің қатарынан табылдық. Құрылған күннен бастап мүшелері қоғам өміріне ғана араласып қоймай, аймақтың мәдени іс-шараларына қатыса бастады. Қарағандылық поляктар облыстық Ішкі саясат бөлімі ұйымдастырып өткізетін конкурс, дөңгелек үстел және көрмелердің тұрақты қатысушыларына айналды. Тіпті біздің бірлестік көптеген іс-шараларды ұйымдастырушы ретінде өзге орталықтарға үлгі болып тұрған жөні бар.

Қарағандыда көпшілікке мәлім «Карлаг» орналасқанын білесіз. Міне, жыл сайын Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде маңызды іс-шараның басы-қасында жүреміз. Өйткені ата-баба рухына тағзым етуді басты міндетіміз деп қабылдаймыз.

— Орталықтың миссиясы қандай?

Біз үшін Қазақстанда мәдениеті бай этнос болу – маңызды. Қызығушылық танытқандарға поляк тілін оқытып, мәдениетімізбен және салт-дәстүрімізбен таныстырамыз. Қоғам мүшелері өте көп. Арамызда басқа этностар да бар. Олар Польшамен іскерлік қатынас орнатуға, Речь Посполитая корольдігіне білім алуға немесе тіл үйрену қызығушылығымен келгендер. Біз өз кезегімізде барлығына дерлік құшағымызды айқара ашып, құрметпен қарсы аламыз. Осылай Қазақстан мен Польша арасында достық көпірін орнатуға қолғабыс тигіземіз.    

— Қарағанды облысында қанша поляк тұрады?

— Соңғы халық санағына сәйкес облыста бес мыңға жуық поляк тұрып жатыр. Әрине, басым көпшілігі облыс орталығында.

— Орталықта жексенбілік мектеп бар ма?

 — Бізге жыл сайын Польша Республикасынан поляк тілінің мұғалімдері келіп тұрады. Өзара тәжірибе алмасамыз. Сонымен қатар, екі мықты мұғалімдеріміз – Ивона Точек академик Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде және Теміртаудағы филиалда сабақ береді, ал Веслава-Барбара Собишек Қарағандыда тіл үйретіп жүр.

— Ұлттық мерекелер туралы айтып өтсеңіз?

— Поляктардың тарихы католицизммен тығыз байланысты. Сондықтан екі ең басты христиан мерекесі – Рождество және Пасханы міндетті түрде атап өтеміз. Сонымен қатар 1 қарашада барлық әулиелер күні аталып өтіледі. Биылғы жылы 11 қарашада Речь Посполитая корольдігінің тәуелсіздік алғанына жүз жыл толады. Бұл мерекелі күндер поляктар үшін өте маңызды.

— Ұлттық тағамдарыңыз туралы айтып берсеңіз?

— Поляк ас мәзірі әр алуан және ол туралы ұзақ айтуға болады. Біздің ұлт ет пен шұжықты жақсы көреді, көптеген сорпалардың түрі де бар. Ең танымалы – жүрек және қызыл борщ.

Жүрек – бұл дәстүрлі поляк сорпасы. Бұл сорпаны әр түрлі тәсілмен дайындауға болады. Бірақ негізгі құрамында қара бидай ұнынан жасалған ашытқы мен сарымсақ кіруі керек. Екінші тағамдардан – бәліштер, саңырауқұлақ және етпен бұқтырылған қырыққабат.

— Польша Елшілігімен ынтамақтастық қарым-қатынас құрылған ба?

— Біздің Польша елшілігімен және өзге де ұйымдармен қарым-қатынасымыз мәдени және ғылыми жобаларды жүзеге асыруға бағытталған. Бірлесіп концерттер, конференциялар және көрмелер өткіземіз. Қазақстан-Польша сауда-өнеркәсіп палатасымен бірлесіп бизнесмендерге сенімді серіктестерді жолықтырып, іскерлік қатынас орнатуға көмек береміз. Жерлестерімізге Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан жауынгерлердің зиратын Польша Республикасында табуға мұрындық болып отырған жөніміз бар. 

— Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделі туралы ойыңыз.

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған көреген саясатын қолдаймын. Президент тек бірлікте және келісімде алдыға қойған мақсаттар мен міндеттерге жетуге болатынын айтып өтті. Біз әрқайсымыз әртүрліміз, бірақ мүддеміз бір. Біздің байлығымыз – бірлік. Өзара сыйластық пен түсіністік баға жетпес құндылық деп түсінемін. 

— Ассамблеяның өміріңізде алар орны.

— Мен үшін Ассамблея мүшесі болу – үлкен мәртебе. Сегіз жылдан бері көптеген оқиғалардың куәгері болдым. Өткен жылы Ассамблея кеңесінің мүшелігіне сайландым. Менің әр әріптесім Қазақстанда бейбітшілік пен тұрақтылықтың сақталуының маңыздылығына көп көңіл бөледі. Бұл шынымен ұлы миссия. Жаныңның қалауымен еңбек ету Қазақстанға және халқына деген сүйіспеншілік пен құрметтен құралады.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.