Қазақстан халқы Ассамблеясы

22 Қазан, 2020

489

«Ақ орамал» жобасы Қармақшы ауданы мен Арал қаласында жалғасын тапты

«Бойтұмар-Ханым» қоғамдық қоры, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі және облыстық іскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Ақ орамал» ақпараттық-насихаттық жобасы Қармақшы аудан III Интернационал ауылында жалғасын тапты.


«Бойтұмар-Ханым» қоғамдық қорының басшысы, облыстық Аналар кеңесінің мүшесі Рахима Ахметова бастаған топ ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға ықпалын тигізіп жатқан «Достық жер» ЖШС директоры Мұрат Сәрсенбаев ашқан тігін цехымен танысты.

Мұнда қатысушылар түрлі этнос өкілдерінің ұлттық тағамы мен қолөнер бұйымдарынан әзірленген көрмені тамашалады.


Ақ орамалды аналардың жүздесуі тігін цехының мәжіліс залында жалғасты. Алғы сөзінде аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Гүлжауһар Раева Аналар кеңесінің толымды жұмыстарына тоқталды.

Батыр ана, алтын алқа иегері Қуаныш Ахметқызы өнер саласында жүріп 7 баланы тәрбиелеуде. Жұмыс пен бала тәрбиесін қатар алып жүріп, «Қожабековтер» ансамблін құрған. Соның нәтижесінде бас жүлдені иеленіп, Турцияға саяхаттаған. Ол қай жерде жүрсем де ақ орамалды басымнан тастаған емеспін дей келе, «Домалақ ана» әнін барша аналарға арнады. Өз кезегінде батыр ана Қ.Ахметқызы игі дәстүрмен жас келін, түрік этносының өкілі Нигара Изатованың иығына ақ орамалды жапты.Сондай-ақ, жүздесу барысында іскер әйелдер қауымдастығының аудандық филиалына төрайым болып Ақерке Рахметова сайланды.


"Ақ орамал" жобамы енді кезек Арал қаласына сапар шекті. Ақ жаулықты аналар бас қосқан шараға 20-ға жуық көпбалалы, жалғызбасты аналар мен жас отбасының келіндері қатысты.

Кездесудің шымылдығын «Бойтұмар-Ханым» қоғамдық қорының басшысы, облыстық Аналар кеңесінің мүшесі Рахима Ахметова ашты. Қазіргі қазақ әйелінің, қазақ қызының қоғамдағы рөлі, елдің еңсесін көтеруге атсалысып жүрген аналардың жұмысына тоқталды.

Көпбалалы батыр ана Ранай Сатаева жоба ұйымдастырушыларына алғысын білдіре отырып, алдағы уақытта бірлескен жұмыстар жүргізуге дайын екендігін жеткізді.«Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы, көпбалалы ана Жұмакүл Қосымбаева ене мен келін тақырыбын сөз етіп, мұғалім мен оқушының арақатынасын қозғады.

Ал, аудандық «Толқын» газетінің редакторы, жас келін Назерке Маратқызы ененің өнегелі өмірін үлгі тұтатынын айтты. Ене тәрбиесін көрген дана келін «Сауысқандай сыңқылдап, күлгенің жетер басыңа, тымсырайып отырсаң, кім жуиды қасыңа?» деп әңгімесін әжесінің сөзімен жалғастырып, дүйім жұрттың көңілін босатты.

Кездесу соңында аналар тарапынан өнегелі ойлар мен құлақасар пікірлер айтылды. Ана туралы және отбасына байланысты бүгінгі күні туындап жатқан мәселелерді талқылау, оларды шешу жолдары ұсынылды.

Кейін қарай