Қазақстан халқы Ассамблеясы

12 Қазан, 2020

798

«Ақ орамал» жобасы Қызылорда облысының үш ауданында жалғасын тапты

«Ақ орамал» ақпараттық-насихаттық жобасы Қызылорда облысының бірнеше аудандарында жалғасын тапты. Сырласу форматында Жалағаш ауданында өткен отырыс қоғамдағы, отбасындағы ананың орны, ұрпақ тәрбиесiнiң маңыздылығы төңiрегiнде өрбiдi. Ақ жаулықты аналармен жылы жүздесудi Бойтұмар-Ханым» қоғамдық қорының басшысы, облыстық Аналар кеңесiнiң мүшесi Рахима Ахметова жүргiздi.

Жалағаш аудандық бiлiм бөлiмiнiң басшысы Гүлзат Құрманбаева бүгiнгi күнi жастардың тәрбиесiне аса мән берiп, адамгершiлiк тұрғысынан үлкенге деген құрмет пен сыйластықты арттыру қажет дейдi. Осы бағытта мектеп оқушыларының балаларымен белсендi жұмыс жасап жатқандығын айтып өттi. Одан кейiн, М.Шәменов атындағы ауылдық Аналар кеңесiнiң төрайымы Кеңескүл Ысқақ сәби сүймеген отбасылар көбiне ажырасып, нәтижесiнде жас келiншек күйзелiске түсетіндіктен, оларға басу айту жұмыстарын жүргiзудi ұсынды.

Аудандық Аналар кеңесiнiң төрайымы, акушер-гинеколог Аманкүл Махамбетованың медицина саласында 36 жылдық еңбек өтiлi бар. Ол қазiр жас аналардың бар жағдайы жасалған, туу саны жыл санап көбейіп кеткендігін айтады. Дегенмен тұңғыш сәбиiн босанатын әйелдер арасында кесiп алу жиiелеп кеткендiгiне алаңдап отыр. Осы ретте жаңа отбасына түскен келiндерге ата-енесiнiң қамқорлығы қажет екендiгiн алға тартты.

Ақсу ауылдық Аналар кеңесiнiң төрайымы Мейрамкүл Ержанова:

- Енем менi үнемi қолдайтын. Қазiр мен де сол iзбен келемiн. Келiнiмдi оқытып, оның жақсы ана, ибалы келiн атануына ықпал етудемiн. Ал, қызымның енесi маған жақсы қыз тәрбиелепсiң деп үнемi алғысын жаудырып отырады, - дейдi.

Мәдениет ауылдық Аналар кеңесiнiң төрайымы Бағдагүл Балапанова қыз бала тәрбиесi – халықтың байлығы саналады дейді. Әр қыз бала анасынан алған тәрбиесiн жалғастырушы, өнегелi қыз тәрбиелеп, оны ұядан ұшырып, қанаттандыру үлкен жауапкершiлiктi қажет етедi дейдi.

Қаракеткен ауылдық Аналар кеңесiнiң төрайымы Мира Жүсiпова ақ орамалдың киелiлiгiне тоқталып, ауылдағы жас келiндер арасында тәрбиелiк мәнi жоғары шаралардың ұйытқысы болып жүргендiгiн айтып өттi.

Ал ардагер ана, «Асыл әжелер» ансамблiнiң жетекшiсi Тынышкүл Жұбанышева жастарды өнерге баулу керектігіне баса назар аудару қажет деп отыр, себебi өнердiң өрiсi ұзақ дейдi.

Корей этносының өкiлi Галина Нам:

- Бала тәрбиесi ешқашан салғырт қарауды көтермейтiн, аса күрделi iс. Адамды адамдық қалыпқа келтiретiн де, аздырып, тоздыратын да тәрбие жұмысы. «Баланы жастан» деп халқымыз бала тәрбиесiн әрiден бастау керектiгiн айтып кеткен. Мiне, осы бағытты ұстанып, мен де ұл-қыздарымды жетiлдiрдiм. Қазiр еңбегiмнiң нәтижесiн көрiп отырмын. Әр баламмен мақтанамын», - дедi.

Аналар бас қосқан жүздесуде басқа да өзектi ойлар айтылып, ұсыныс-пiкiрлер тыңдалды.

«Бойтұмар-Ханым» қоғамдық қоры, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесi және облыстық iскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастыруымен өтiп жатқан «Ақ орамал» ақпараттық-насихаттық жобасы Жаңақорған ауданында да жалғасын тапты.

Жүздесуде «Бойтұмар-Ханым» қоғамдық қорының басшысы, облыстық Аналар кеңесiнiң мүшесi Рахима Ахметова алғы сөздi iскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Баян Божбанбаеваға бердi. Ол: «Үнемi 30-40 қыз-келiншектердi жинап кездесулер өткiземiн. Жұмысы жоқ қыз-келiншектерге түрлi жұмыстар ұсынамын. Оларды оқытқым да келедi. Адамды еңбек тәрбиелейдi демекшi, барлық жұмыс жақсы. Тек соның көзiн тауып, еңбек ете бiлу қажет», - дейдi.

Аудандық Аналар кеңесiнiң мүшесi, кiтапхана меңгерушiсi Әсем Тiлеубергенова:

- Осындай тәрбиелiк мәнi бар шаралардың дiңгегiн ұстап, кезiнде қара еңбектiң басында жүрген тұлғаларды жас буынға насихаттап, үлгi етуiмiз қажет. Себебi жас ұрпақ оларды бiле бермейдi, - дейдi.

Ал мұсылман әйелдер төрайымы Қыздығой Сәруарова 20 жылдан берi мешiтте дәрiс берiп келедi. Ол 4 қыз, 1 ұл тәрбиелеп, немере, шөбере сүйiп отырған ақ жаулықты әже. «Ененi сыйлап, құрметтеген келiннiң мерейi үстем болады» дейдi. Аналар кеңесiнiң мүшесi, түрiк этносының өкiлi Наргиза Ахмедова өзi тәрбиешi болып қызмет атқарады. Ол балаларын қазақы салт-дәстүрмен тәрбиелеп, имандылыққа үйретудi жөн санайды. Ал 6 баланың анасы Жәудiр Әбдiкәрiмова ауданнан көпбалалы аналарға арналған арнайы бiрлестiк ашылса және оның жұмысы қиындыққа тап болған аналарға жәрдемдесiп, мәселелерiн шешiп беру бағытында жүргiзiлсе деген ойын ортаға салды. Тағылымы мол жүздесуде жас ұрпаққа жол сiлтер ұтымды ойлар айтылды.

«Бойтұмар-Ханым» қоғамдық қорының басшысы, облыстық Аналар кеңесiнiң мүшесi Рахима Ахметова бастаған топ Шиелi ауданында да болып қайтты.

Шиелi ауданы Аналар кеңесiнiң мүшесi Баян Нәлiбаева:

- Ауданның ақ жаулықты аналары медиатор болып жүр. Осы кiсiлердiң еңбегiн барынша насихаттағанымыз абзал. Баспаналы бола алмай жүрген көпбалалы аналарға асарлатып үй алып берсек деген ұсынысым бар. Жабыла көтерген жүк жеңiл дегендей, арнайы қор ашып, соған қаржы жинасақ, - деген пiкiрiн бiлдiрдi.

30 жылдан берi Алғабас ауылдық округiнде әйелдер кеңесiнiң төрайымы қызметiн атқарып келе жатқан Айжамал Әбдiхамитқызы Аналардың округтегi ауқымды жұмыстарына тоқталып өттi. Жас ұрпақты дұрыс жолға салу бағытында қолдан келгенше аянбай, өмiрдi қадiрлеуге шақырды.

Жүздесуге келген аналар ұйымдастырушыларға алғысын жаудырып, жақында бастау алған «Ақ орамал» жобасының маңыздылығын ескерiп, ақ баталарын бердi.

Кейін қарай