Қазақстан халқы Ассамблеясы

11 Ақпан, 2020

1197

Ақтөбе облыстық ҚХА: Бірлігіміз бен татулығымызға көз салғандардың арандатушылықтарына ермеуге шақырамыз

Қордай ауданындағы оқиғадан кейін қоғам қатты алаңдауда. Ұлтаралық келісім мен халықтың бірлігі – қазақстандықтар үшін ең маңызды басымдық. Сондықтан, мемлекетте бейбітшілік пен тыныштықты сақтау және нығайту – маңызды.

Еліміздегі халықтар достығы әрдайым көп жылдар бойы ұрпақ үшін бейбіт өмірдің ажырамас бөлігі ретінде қабылданып келеді. Соның нәтижесінде кең байтақ Қазақ жерінде әр түрлі ұлт өкілдері бір-біріне көмек қолдарын созып, ынтымақ пен бірлікте ғұмыр кешуде.
Қақтығыстықты тудырған қандай да бір себеп болса да, сабырлық танытып, ақылға қонымды шешім қабылдап, тәртіпсіздікті тоқтатуымыз қажет.

Отандастарымды болашақта осындай қайғылы қателіктерге жол бермеуге және арандатушылыққа алданбауға шақырамын!

Тилапжан Ибрагимов,

Ақтөбе облысындағы ұйғыр мәдени

орталығы филиалының төрағасы


Қазалы жағдай аналарға ауыр тиеді

Жамбыл облысында орын алған қақтығысты ауыр қабылдап, қаза тапқан жандардың отбасыларына, туған-туыстарына қайғыра көңіл айтамыз.

Ел ішінде болып жатқан кез-келген қазалы жағдайлар мен ауыр оқиғалар ең алдымен әлемді әлдиімен тербеткен аналардың жүрегіне қатты бататыны сөзсіз.

Бейбіт күнде орын алған бұл келеңсіз оқиғада ең алдымен еліміздің ертеңі болатын жастарымызды сабырға шақырып, ашумен шешім қабылдауға ерік бермеулерін сұраймыз! Біздің бірлігіміз бен татулығымызға көз салғандардың арандатушылықтарына ермеуге, халықтың тыныштығын бұзбауға шақырамыз!

Сонау ерте заманнан қылышы қанға боялған соғысты да ата-бабаларымыз, данагөй халқымыз бейбіт жолмен, әділ үкіммен шеше білген.

Ұрпақ болашағына алаңдайтын біз, аналар қауымы, еліміз аман, заманымыз тыныш, ынтымағымыз бен ұлтаралық татулығымыз мәңгілік болсын деп аналық тілегімізді жеткізгіміз келеді!

Ақтөбе облысы ҚХА

жанындағы Аналар Кеңесі


Жамбыл облысында болған қайғылы жағдай жанымызға қатты батты, қаза болғандардың отбасыларына және де барша Қазақстан халқына қайғырып көңіл айтамыз.

Қай ұлт болса да, қазақ жері әуелден ата жұртымызға айналды, сонымен қатар осы Ұлы даланың иесі қазақ екенін ұмытпағанымыз жөн деп санаймын. Осы кезге дейін барлық ұлттарды бауырына басқан қазақ халқымен бауыр болып, татулықта, бірлікте, достықта бір аспанның астында өмір сүріп келдік.

Біз, Ақтөбе облысындағы Әзірбайжандар бірлестігі филиалының мүшелері атынан ұлтаралық татулықты, бірлікті, достықты сақтауға, сабырлық танытуға, арандатушылыққа бой алдырмауға шақырамыз!

Осындай қайғылы жағдай енді қайталанбасын, адам қаны төгілмесін деп тілейміз! Тұрмыстық сипатта ушыққан мұндай қақтығыстарды болдырмауға барлық күшімізді саламыз, жапа шеккендерді сабырға шақырамыз!

Шахбаз Джамалов,

Ақтөбе қалалық «Әзірбайжандар қауымдастығы»

филиалы директоры

Кейін қарай