Қазақстан халқы Ассамблеясы

30 Қараша, 2022

302

Ақтауда Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы өтті



2022 жылы 30 қарашада Ақтау қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі М.А.Әзілханов және Маңғыстау облысының әкімі Н.А.Ноғаев Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясына қатысты. Сондай-ақ, шараға мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, ҚХА қоғамдық құрылымдары мен облыстағы этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен белсенділері қатысты.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі М.А.Әзілханов өз сөзінде Ассамблея қызметінің негізгі бағыттарын нақтылай келе, Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында және Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын орындауды ұйымдастыру мәселелеріне тоқталды.«Бірлік әралуандықта» әмбебап қағидасы негізінде этносаралық бірлік пен конфессияаралық келісімді нығайту саясатын дәйекті жүзеге асыру бойынша ортақ міндеттер сөз болды.


М.А.Әзілханов жергілікті деңгейде кеңінен қолдауды қажет ететін Ассамблеяның салалық жобаларына жеке тоқталды. Мәселен, ҚХА Аналар кеңестері аналарды рухани тәрбиелеуге және жан-жақты дамытуға бағытталған «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасын жүзеге асыруда. Қазірдің өзінде бұл жобаға 100 мыңға жуық адам қатысуда. Ассамблеяның жастар қанатының жұмысын жандандыру аясында ағымдағы жылдың басынан бастап еліміздің барлық өңірлерінде өкілдіктері бар «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда «Ассамблея жастары» аясында 100 мыңнан астам адамды қамтыған түрлі форматтағы 500-ден астам іс-шара өткізілді.
Сапалы және креативті БАҚ жұмысы негізінде бірлік пен ұлтаралық келісім құндылықтарын насихаттау бағытында позитивті ақпараттық күн тәртібін қалыптастыруға ерекше назар аударылды. ҚХА Төрағасының орынбасары түрлі оқиғалардың этносаралық сипат алып кетуіне жол бермеу, ақпараттық кеңістіктегі арандатушылық әрекеттердің алдын-алу мәселелеріне тоқталды.


Сессия соңында аймақтық Ассамблеяның бірқатар өкілдері қоғам өміріне белсенді араласып, этносаралық келісімді нығайтуға үлес қосқаны үшін «Бірлік» медалімен және алғыс хаттармен марапатталды.
Сессия аясында Марат Әзілханов көпшілікпен бірге ағаш отырғызып, «Достық саябағының» ашылу рәсіміне қатысты. Сондай-ақ, шараға қатысушылар этнос өкілдерінің ұлттық тағамдар жәрмеңкесін тамашалап, облыстық Достық үйіндегі қазақ тілі үйірмесінің жұмысымен танысты.
Сонымен қатар, ҚХА төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі М.А.Әзілхановтың қатысуымен аймақтардың Достық үйлері, «Қоғамдық келісім» КММ жетекшілерімен әдістемелік кеңес өтті.
Кездесу барысында Ассамблеяның әлеуметтік маңызы бар жобаларын жүзеге асыру үшін Достық үйлерін ресурстық орталықтар мен жобалық кеңселер ретінде жан-жақты дамытудың өзекті мәселелері мен міндеттері талқыланды.

Кейін қарай