Қазақстан халқы Ассамблеясы

09 Наурыз, 2021

878

Абилфас Хамедов: Әлем әйелмен гүлдене түседі

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абилфас Хамедов барша қазақстандық әже-аналарды, қыз-келіншектерді 8 наурыз – халықаралық әйелдер күнімен құттықтайды.


- Көктемнің алғашқы айы – наурызды өзге маусымдардан ерекшелеп тұратын артықшылығы мерекелер айы екендігі. Қазақстан халқы Ассамблеясы дүниеге келген 1 наурыз, міне бес жыл бойы Алғыс айту күні ретінде республикамызда кеңінен атап өтіліп, дәстүрлі мерекелер тізбесі қатарынан берік орын алды. Күн мен түн теңеліп, жер-жаһанның жаңарар кезеңі – Наурыз мейрамының жөні тіптен бөлек! Осындай көңілге шуақ, жүрекке қуаныш себетін мейрамдар арасында, әрине 8 наурыз – халықаралық әйелдер мерекесі тағы бар.

Қай-қай ұлтты да іргелі мемлекет, еңсесі биік ел ретінде қалыптастыратын отбасы институтының ең маңызды әрі басты тірегі ана екені әлімсақтан белгілі. Адам Ата мен Хауа Ана жаратылғалы бері шаңырақтың ұйытқысы - ана рөлі жоғарыламаса еш төмендеген емес. «Ананың басқан жерінде пейіш бар» дейді халық даналығы. Бұдан біз ана деген ұғымның асқақ биіктігі мен ұлылығын анық аңғарамыз.

Айтыс өнерінің ұйытқысы болып жүрген көрнекті қазақ ақыны Жүрсін Ерманның «Әйелге ода» деген әйгілі өлеңі:

Қай жерде мейлі, қай елде

Әлемнің мәні – Әйелде.

Шын мықты болсаң оныңды

Әйелге барып дәлелде! –

деген әзіл-шыны аралас әлемі шумақпен басталады. Иә, «әлемнің мәні – әйелде» екені де, кім-кімнің де мықтылығы әйел алдында дәлелденсе ғана танылатыны өмір шындығы ғой!

Ал өздерін ер-азаматтардың орнына қойып, ерлержұмысын еңсеріп жүрген, көпке танылып жүрген әйел-аналарымыз қаншама! Көне тарихқа назар жүгіртсек, мұндай аналарымыздың аз емес екендігіне нақты көз жеткізе аламыз.

Жаугершілік замандарда қыздарымыз ер-азаматтармен бірге сауыт-саймандарын асынып, елі мен жерін сыртқы дұшпандардан қорғауға атсалысқан. Арғы-бергі әлем тарихын былай қойғанда, Қазақстан тарихында да мұндай ұлағатты ару-аналарымыз аз емес. Солардың ең көрнектілерінің бірі әрі бірегейі – ұлы сақ ордасының падишасы Тұмар – Томирис ханым.

Шамамен біздің дәуірімізге дейінгі 570-520 жылдар арасында өмір сүрген ержүрек Тұмар ханымның есімі нешеме аңыз-оқиғалар мен көне тарихи деректер арқылы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, біздің заманымызға дейін жеткен.

«Азия әміршісі» атанған көне парсы еліндегі Мидия патшасы Кир мен ұлы сақ ордасының ханымы Тұмардың арасындағы жер үшін болған қанды жойқын шайқас сақ әскерлерінің жеңісімен аяқталады. Ұлы шайқас барысында Тұмардың ұлы Спаргапис айлакер Кирдің тұтқынына түсіп, шейіт болады. Ұлы грек тарихшысы Геродоттың жазбаларында жанкешті шайқаста Тұмар ханым бастаған әйел жауынгерлердің ерекше ерлік көрсеткені келтіріледі. Бұлар Геродоттың атауымен айтқанда жастайынан әскери өнерге машықтанған, әрқайсысы бір-бір дұшпанын жер жастандырмай тұрмысқа шықпайтын «ер-апалар» - «эорпаталар» еді. Көшпелі елдің қыз-келіншектерінің әскери жасақ қатарында соғысуы бұрын да скиф, сақ тайпаларының дәстүрінде бар салт болатын. Ал патша әйел адам болса, оның жасақтарының ерекше бір бөлігі осы «ер-апалардан» құралады екен. (Дерек тарихшы Т.Жұртбайдың «Дулыға» еңбегінен алынды). Ұлы сүргін шайқас соңында жалғыз ұлынан айырылған Тұмар ханым жанарынан жасы моншақтап, жауыз Кир патшаның кесілген басын қолына жиіркене ұстап тұрып:

- «Іздегенің қан еді, ал іш, ендеше!» - деп, саба толы қанға басын батырыпты деседі. «Кирдің өлімі туралы көп аңыздың ішіндегі шындыққа жанасатыны осы», - делінеді Геродот жазбасында.

Әйел-аналар жасағы туралы сақ тайпасының тағы бір ержүрек аруы Зарина (Сара) туралы аңыздарда да деректер келтіріледі. Жиырма бес ғасыр бойы ұрпақтан ұрпаққа айтылып келе жатқан аңыздарда Зарина бастаған «арулар жасағының» Ұлы дала төсіндегі тамаша ерліктері жырланады.

Бұлардан беріде атақты Қабанбай батырдың жары Гауһар, Кенесары ханның қарындасы Бопай батырлар да ел тәуелсіздігі үшін шыбын жандарын шүберекке түйіп, ер-азаматтармен бірге қанды жорықтарға қатысқан, ата жауларымен қасық қаны қалғанша айқасқан.

Қазақ елінде ерекше көзге түсіп, ел тізгінін қолына алған қыз-келіншектер атымен аталатын Қызай, Мұрын, Сыбан, Қыстық секілді рулар да бар. Мұның өзі қыздарымыздың ел басқару ісінде де айрықша орын алғанын көрсетеді емес пе?! Топты жарып, ер-азаматтармен айтысқа түскен жезтаңдай Ұлбала, Сара, Қойдым сияқты ақындар қыздарымыздың сөз өнері саласында да осал болмағанын дәлелдейді.

Күні кешегі «Шығыстың қос жұлдызы» атанған Әлия мен Мәншүк, жауына қыранша шүйліккен ұшқыш Хиуаз Доспановалар – ел атағын шығарған ерен тұлғалар.

«Атадан – өсиет, анадан – қасиет» демекші, аналарымыздың бойындағы асыл қасиеттер күрмеуін үзбей күні бүгінге дейін жетті. Біз мұны ел басқарған әйел азаматтардан, сөз тізгінін ұстаған ақын қыздарымыздан, түрлі халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап, алтыннан алқа таққан спортшы аруларымыздан, темір тұлпарлар мен ұшақтарды ұршықша иірген жүргізуші, ұшқыш қыздарымыздың бойынан көріп келеміз.

Әйелдер басқарған ауыл, аудан әкімдіктерінің ізгі бастамалары туралы жиі естиміз. «Ерге жаққан әйел елге де жағады» деген тәмсіл бар. Ұлағатты ісімен ұлтқа қызмет жасап, қоғамға пайдасын тигізсе елге неге жақпасын! Қазірде Қызылордадай білдей бір облысты Гүлшара Әбдіхалықова, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігін Аида Балаева, Мәдениет және спорт министрлігін Ақтоты Райымқұлова сынды іскер ханымдар біліктілікпен басқарып отыр. Кеше ғана шахматшы қызымыз Динара Сәдуақасованың халықаралық шахмат федерациясы комиссиясының басшылығына сайланғанын естіп, тағы бір қуандық.

Сөзіміздің басында келтірген ақын Жүрсін Ерман аталмыш өлеңін:

«Әйелмен құның өлшенер,

Құдайдан кейін сол шебер.

Бақытты сен де болмайсың

Әйелің сорлы болса егер!

Сырыңды соған ашасың,

Шөліңді содан басасың.

Адамның күні әйелмен,

Әйелдер мәңгі жасасын!»-

деп аяқтайды.

Иә, бүгінгідей әдемі мереке күні біз де «Әйелдер мәңгі жасасын!» дей отырып, күндей күлімкөз, айдай көркем, жібектей жұмсақ аруларымызды мейрамдарымен құттықтаймыз!


Кейін қарай