Қазақстан халқы Ассамблеясы

30 Қыркүйек, 2022

178

Алғаш рет тәжіктердің республикалық этномәдени орталығы жастар форумын өткізді

Достық пен татулықтың темірқазығын жастар бекемдемек. Алғаш рет Тәжіктердің республикалық этномәдени орталығының ұйытқы болуымен өткен жастар форумына қатысушылар осылай деп отыр. Түркістан облысы Мақтаарал ауданында өткен шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, Тәжіктердің республикалық этномәдени орталығының төрағасы Акбаржан Исмаилов, этномәдени орталықтың барлық аймақтағы филиал төрағалары мен мүшелері қатысты.

Іс-шараның мақсаты этностар тығыз қоныстан жерлерде жастардың әлеуметтік мәселесін шешу, мемлекеттік бағдарларды жүзеге асыру. Форумға қатысушылар этникалық тегіне қарамастан қазақ жерінде туғандарын мақтан тұтатындары, Қазақстаннан басқа Отан жоқ екенін атап өтті. Жастарға артылар жүк, олардан күтілер нәтиже көп. Басқосуда достық, сыйластық, татулықты нығайту бағытында тұшымды ойлар айтылды. Президенттік Жолдауда басымдық берген бағыттарын талқылады.


Елдің ертеңі жастар. Мемлекет басшысы студенттердің барлық мәселесін Жолдауда назардан тыс қалдырмады. Жатақхана, оқу ақысы, оқу орындарына талаптың күшейетінін тілге тиек етті. Мұның барлығы жастардың болашағы үшін жасалып жатқан қадамдар. Бірлігіміз бекем болып, елдің дамуына жұдырықтай жұмылып атсалысайық, - деді Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов.

Форумда «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Т.Жұмырбаев, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің проректоры Р.Абишева, «Тәжіктердің республикалық этномәдени орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігі Жастар қанатының торағасы Б.Хидиров сөз сөйлеп, жастарға мотивациялық кеңестерін айтты. Озық ойлы, бәсекеге қабілетті болуы үшін жастардың сапалы білім алуы маңыздылығына тоқталды. Әрқайсысы өз тәжірибесімен бөлісті, жетістікке жетудің жолдарын көрсетті.


Біз – Көк Тудың астында берекелі бірлік пен тату тірлікті қалыптастырған, болашағы жарқын халықпыз. Осы сөзді жиі айтамыз. Меніңше, қазақ еліне қарыздармыз, қиналғанда бір үзім нанын бөлісті деген жаттанды ұран іспеттес. Алғаусыз алғысымызды осындай келелі іспен дәлелдесек. Барлығымыз атсалысып, бірліктің бекемдігін көрсетейік, - деді Тәжіктердің республикалық этномәдени орталығының төрағасы Акбаржан Исмаилов. Алғаш рет ұйымдастырылған форумнан жастар айтарлықтай жігер алды, алдағы міндетті жұдырықтай жұмылып атқаруға уағдаласты.


Кейін қарай