Қазақстан халқы Ассамблеясы

31 Қаңтар, 2020

2074

Алматы: Отбасылық медиация – түсіністік пен келісім жолы

Алматыдағы республикалық Достық үйінде «Отбасылық медиация: түсіністік пен келісім жолы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Жиында отбасы медиациясы және медиативтік тәсілдерді, отбасындағы даулардың алдын алу мен шешу кезінде қолдану тәсілдері, отбасын сақтау арқылы қоғамдағы тұрақтылық кепілін ныйғайту бойынша пікір алысып, алдағы уақытта отбасылық дауларды алдын алу шараларын іске асыру, үгіт-насихат жүргізу барысы талқыланды.

Мұндағы негізгі мақсатымыз - отбасылық құндылықтарды нығайту, отбасы ұғымының қоғамдық санамен сабақтасқан ішкі үйлесімін қалыптастыру, мемлекеттің негізі бөлшегі – бала мен оның құқығын қорғау жайлы болды.

«2019 жылы басталған бағдарлама биыл да жалғасын табуда. Әлі де жұмыс істейміз. 2019 жылдың нәтижелеріне келсек, сотқа 1719 талап арыз түскен», - дейді № 2 Әуезов аудандық сотының төрағасы Ербол Т. Түлеев.

Статистика бойынша ажырасуға 85 пайыз жағдайда әйелдер арыз-шағым түсіреді екен. Шараны ұйымдастырушылар бала құқығын қорғау мақсатында мұндай жобалар ауадай қажет дейді.

«Ендігі негізгі мақсат - отбасылық институтты ары қарай жетілдіріп, сөзін өткізе алатын, елге белгілі азаматтардың арасынан топ құрып, үйленуге бет бұрған және ажырасуға ниет етіп отырған азаматтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу», - деді ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» ММ сарапшысы Нұрсәуле Әлтекова.

Дөңгелек үстел соңында қонақтар мен қатысушылар отбасылық медиация саласында талқыланған мәселелерден туындайтын дауларды шешуге қатысты өз ұсыныстарын білдірді.

Дөңгелек үстелдің екінші бөлімінде тренер-медиаторлар тараптарды татуластыруда медиация әдістерін қолдану бойынша шеберлік сыныптарын өткізді.

Кейін қарай