Қазақстан халқы Ассамблеясы

20 Сәуір, 2020

2710

Амангелді Айталы: Пандемия кезінде бүкіл әлемде тыныштық орнады

Бүгінгі күні барша адамзат баласының басына ауыр зауал төніп тұрған шақта етек-жеңімізді жинақтап, бірлігімізді одан әрі бекемдей түсуге тиіспіз. Ел-жұртымызға арнаған ақ тілеулі сөзінде Елбасы ежелгі халықтық құндылығымызға екпін түсірген екен. Ашығы да, дұрысы да осы ғой.

Бұл індет көзге көрінбейтін, құлақпен ести алмайтын, түсі де, иісі де жоқ бейнебір радиация секілді белгісіздеу бір құбылыс болып тұр емес пе. Егер дер кезінде сақтандыру мен алдын алу шаралары белгіленбесе, оның бірден басқа шауып, төске өрлеп кететіні де белгілі болып отыр.

Осы тұрғыда елімізде мемлекет тарапынан бірқатар жұмыс жасалғанын әрі жасалып та жатқанын отандастарымыз жақсы сезініп, түйсініп жүрсе керек. Әйтсе де менің ойымша бұл мәселенің бір ғана жағы мен қыры секілді көрінеді де тұрады.

Пандемияны ауыздықтау өте қиын шаруа. Сондықтан оның зәрі сынып, уыты қайту үшін ең алдымен жоғары психологиялық сана мен сенім қажет. Егер бұл екі фактор жетіспесе – індетпен күрес ойдағыдай нәтиже бере қоюы екіталай. Нұрсұлтан Әбішұлының елге арнаған үндеуінен мен осы қағидатты ұғынғандай күй кештім.

Біз бірінші байлық – денсаулық деп, оның қадір-қасиетін жоғары қоя білген халықтың ұрпағымыз. Денсаулыққа қауіп-қатер төнбесе, «ақ жаулық та, он саулық та» болатыны табиғи жайт. Бұл тұста аталған ұғымдар отбасылық құндылықтар мен экономикалық категорияларды тұспалдап тұрғанын айтуға тиіспіз.

Денсаулығы қалыпты адам ғана өзіне-өзі иелік етіп, еңбек ете алады. Қауіпті инфекция таралуы кезінде, әсіресе елдегі ер-азаматтар еңселерін түсірмей, өз отбасыларына моральдық және материалдық тұрғыдан қолдау көрсету қажет деген ойдамын.

Осындай сыни шақта: «Он екі мүшең сау болса, Қара басың – ханмен тең, Он екі мүшең сау болса –дәулет емей немене. Он екі мүшең сау болса – сәулет емей немене», деген халықтық қағидалар мен ой-тұжырымдардың мәні бүгінгі кезде көкейге одан әрі қонақтай түскендей болады.

Дана халқымыз әртүрлі жұқпалы дерттердің неден пайда болатынын әрі одан қалай сақтану керектігін де философиялық тұрғыдан зерделей білген ғой. Бұл тұрғыда дала данышпандарының «қотыр қолдан жұғады» деп өсиет қалдырып кетуі де бүгінгі пандемия жағдайында сақтандыру шараларын мұқият сақтау керектігін тағы бір еске салады.

Әлем елдерін түгелге жуық жайлай бастаған қауіпті індетті адамзат баласына жіберіліп отырған зілді ескерту, зардабы ауыр сынақ деп түсінуге де болады. Бір қайғының – бір қуанышы, бір күйініштің – бір сүйініші болады демекші, пандемия қанша жерден қауіпті әрі қорқынышты болғанымен, жалпы планеталық сана-сезімге өзгерістер енгізіп жатқаны да назарда тұруға тиіс.

Қазіргі жаһандық құбылыстарға ой жүгірте қараған адам елдер мен мемлекеттер арасындағы дау-жанжалдар мен ұрыс-керістер баяулап, керісінше бір-біріне көмек көрсету сипатындағы оң нышандардың пайда бола бастағанын аңғара алады. Айталық бүгінгі күні Израиль мен Палестина арасындағы қырғи-қабақ соғыс қимылдары тоқтау шегінде екені, терактілік әрекеттерімен әлемге танылған Ауғанстан да тыншу тапқанын естіп, көріп отырмыз.

Екінші мыңжылдықта жер планетасының жан төзгісіз, аянышты күйге түскенін ең алдымен оны ғарыштан көріп бақылаған ғарышкерлер тұжырымы да барша әлем жұртшылығына ой салары анық. Оның мәнісі: жерге адам қолымен жасалған қиянаттар мен қорлықтарға жол бергендерді ғарышқа әкеліп көрсетер ме еді. Сонда мүмкін жерге жаны ашымайтын қаныпезерлер бір сәт ойланар ма еді деген гуманистік ойға табан тірейді.

Қалай дегенде де бүгінгі бүкіл планеталық ақыл-ой пандемияны бірлесіп жеңуге ойысып келе жатқаны оң нышан мен тәубеге келудің белгісі бола алады. Олардың өмірде мәңгілік ештеңе жоқ, бәрі де өзгереді деген диалектикалық даму заңдылықтарына сүйенсек, коронавирустың да белі бүгілетін кезі келетініне ешқандай күмән келтіруге болмайды. Бәріміз де сол күндерге аман-есен жетейік.

Қай кезде де қиындық пен қуанышты, ауыртпалық пен жа­ғымды өзгерістерді өз халқымен бөлісе алатын Елбасымыздың өз халқына арнаған жүрекжарды ой-тілегі мені осындай ойларға жетеледі.

Амангелді Айталы,

Ақтөбе облысы ҚХА жанындағы

ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі

Кейін қарай