Қазақстан халқы Ассамблеясы

12 Қазан, 2021

381

«Аналар кеңесі ұлттық құндылықтарды жас буынның бойына сіңіруге күш салып келеді»

Қазақстан халықы Ассамблеясының жанынан құрылған Аналар кеңесі қоғамдық ұйымының негізгі мақсаты - қазақстандық патриотизмді, толеранттылықты және этносаралық келісімді, ұрпақтар сабақтастығын, ұлттық дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды сақтау, әйелдерді, аналарды тәрбие жұмысына тартып, белсенділігін арттыру. Осы жылдарда Қарағанды облысы көлемінде аудандық, қалалық кеңестер құрылып, әлеуметтік жобалар таныстырылып, жетім балаларға арналған интернат үйлерімен бірлескен жобаларды іске асырып, әйелдер қауымының әлеуетін арттыру, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін дәстүр сабақтастығын жалғастыру мақсатында жұмыс жасалып жатыр.


Кеңестің құрамын зерделеп отырсақ, көпбалалы аналар, мемлекеттік құрылымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері, этномәдени бірлестіктердің, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымның өкілдері, қоғамдық ұйымдардың белсенділері, медиаторлар, жас аналар көптеп саналады. Бұл біле білген адамға үлкен күш. Қазіргі жаһандану дәуірінде жастар сыртқы әлемге кірігуге ұмтылатындықтан басқа мәдениеттердің ерекшеліктерін жақсы түсінеді. Бірақ өздерінің құндылықтарын онша жақсы біле бермейтіні жасырын жай емес. Сондықтан Аналар кеңесінің мүшелері жас ұрпаққа біздің ұлттық құндылықтарымыздың, әдемі де тәрбиелік мәні зор дәстүрлеріміздің мәні түсіндірілетін шараларға қатысып, ұйымдастырады.

Бұл кеңестегі әйелдер жергілікті жерлерде әр отбасының жағдайын байқап, мектептермен бірлесе жұмыс істеп жүр. Бастапқы кезеңдерде «Біз жұмыстамыз. Баланы мектептер тәрбиелесін» деген ұстанымдағы аналар көп болған. Қазір біздің кеңестің арқасында бала тәрбиесіндегі негіз ата-анасының берген тәрбиесіне байланысты екеніне көзі жетті.

Мәселен, біздің қыз балаға беретін тәрбиеміз қандай еді? Соны қайта жандандыру мақсатында аудан, қалаларда «Қыздар клубы» секілді ұйымдар пайда болды. Ата-анаға құрмет, салт-дәстүрді насихаттау жұмыстары алға қойылған.

Жылдан жылға заман талабына сай жұмыстарымыз түрленуде. Көп балалы аналарға көмек көрсететін қайырымдылық жұмыстары өтуде. Бүгінде біздер, ардагерлер кеңестің төрайымымен, мүшелерімен үлкен буын ретінде бірлесіп, ақылымызды айтып, бағдар береміз.

Тәуелсіздік – аға ұрпақтың арманы болған. Енді міне, 30 жыл Тәуелсіз елде бақытты ғұмыр кешудеміз. Біздің замандастар бұл кезеңнің бастапқы сатыларында қызмет етіп үлгерді. Біздің еліміздің аяққа нық тұруы жас буынның қолында. Әлбетте, басты құндылығымыз-бірлігімізді сақтау парызымыз. Әсіресе, қоғамда теріс пікір таратып, іштей іріткі салушыларға жол бермей, әуелден салынған сара жолмен жүріп, келісіп, ел дамуы жолында аянбау керек. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Әр шаңыраққа мол табыс және бақытты ғұмыр тілеймін!

Сәлима Нұрмағамбетова

Қарағанды облысы ҚХА Аналар кеңесінің құрметті төрайымы

Кейін қарай