Қазақстан халқы Ассамблеясы

22 Қазан, 2021

413

Қарағанды облысы ҚХА Қоғамдық келісім кеңесінің отырысы болды

Қарағанды қаласының Достық үйінде Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңесінің отырысы өтті.


Ұзақ уақыт карантин шектеулерінен кейінгі өткен алқалы жиында ҚХА XXIX сессиясында қабылданған шешімдер және жаһандық жаңа сын-тегеуріндер кезінде Ассамблея жұмысының тиімділігін арттыру мәселелері қарастырылды. Кеңес отырысына облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Бекзат Алтынбеков төрағалық етті. Атқарушы органдардың өкілдері, ҚХА құрылымдарының, этномәдени бірлестіктердің мүшелері және қоғам қайраткерлері Мемлекет басшысының қатысуымен өткен ҚХА Кеңесіне қатысты пікірлерін ортаға салды. Өз сөзінде Бекзат Қомарұлы: “Ассамблея елді бірлікке, ынтымаққа шақыратын еліміздегі барлық этностарды қазақ халқының маңына топтастыратын бірегей институт. Сондай-ақ, мемлекетіміздегі ішкі саяси тұрақтылықтың сақталуына, этносаралық татулықты, бірлікті бекемдеуге бағытталған жұмыстарды жүзеге асыратын ұйым. Ассамблея туралы кейбіреулер айтып жүргендей біржақты пікірлерге, негізсіз пікірлерге жол бермей, бұл құрылымның байыпты бастамаларға бастайтын, басқару жүйесіндегі өзіндік орны бар ұйым екендігін қоғамға, жастар арасында насихаттауымыз қажет. Бүгінгі өткен Кеңесте Президентіміз мұндай күрделі әрі проблемалы жағдайлар туралы ашық айтылуы керек деді. Бұл проблемаларға көз жұмуға болмайды. Әйтпесе, бұл келеңсіздікке әкеп соқтыруы мүмкін екенін айтты. Ендеше Қоғамдық келісім кеңестерінің негізгі бағыты осы”, — деді.

Қатысушылар бірлік пен қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған тиімді саясатты орнықтыру, мемлекеттік тілді оқытуды халықты біріктірудің басты факторына айналдыру, Қазақстандағы этносаралық қатынастарды дамытудың қазіргі заманғы үрдістерін дамыту, барлық қазақстандықтардың ортақ мәдени коды, бірыңғай құндылықтары мен жалпыұлттық тарихи санасы негізінде халық бірлігін нығайту аясында атқарылған істер де, жасалар шаралар да жетерлік екенін атап өтті.

Қарағанды облысы ҚХА Қоғамдық келісім кеңестерінің басты бағыты қайырымдылық екенін ескерсек, 2021 жылдың 9 айында 1200-ден астам іс-шара өткізіп, 5 531 адамға 82 608 056 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсеткен.

Атап айтқанда, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мектепке жол» науқаны бойынша мектепалды кезеңде өткізілген іс-шаралар аясында Қарағанды облысында 328 көпбалалы, аз қамтылған отбасыларындағы 1 132 балаға 49 609 300 теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетілді.

Жиын соңында отбасы құндылықтарын насихаттау мен мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту бойынша жұмыстарды ары қарай ілгерлету жолдары қарастырылды.

Кейін қарай