Қазақстан халқы Ассамблеясы

03 Қараша, 2021

357

Қарағанды облысы Саран қаласының Достық үйінде «Мәміле» клубы ашылды

Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVІ сессиясында қазақ тілін, мәдениетін, тарихын, философиясын, қазақ елінің құндылықтарын насихаттауға бағытталған «Мәміле» сұхбат клубтарын ашу тапсырылған болатын.

Алғашқылардың бірі болып Қарағанды Достық үйінде ашылған клуб алаңы, енді аймағымыздың қалаларында да құрылып жатыр. Сарандықтар үшін клубтың ашылуы осындағы шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің ұсынысынан туған екен. Жалпы, мақсаты - мемлекеттік тілдің беделін көтеру, қазақ тілін үйрену үшін тілдік орта қалыптастыру.


Қарағандыдағы клубтың аз ғана уақыт ішінде тұрғындар арасында танымалдығы артып, мемлекеттік тілді меңгеруге ниет білдірген түрлі этнос өкілдерінің зор қызығушылығын тудырды. Келушілердің арасында студенттер де, зейнеткерлер де, бизнесмендер де, кеңсе қызметкерлері де бар.

Атап өтейік, тіл үйрету барысында белгілі ғалым Қанат Тәсібековтің «Ситуативный казахский» атты әдістемелік құралы басшылыққа алынды. Аталған әдістеме қазақ халқының құндылықтар жүйесі арқылы тілді мейлінше жеңіл әрі жетік оқуға мүмкіндік береді.

Салтанатты шараға облыстық ҚХА төрағасының орынбасары, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы – Увайс Джанаев, «Ахыска» түрік этномәдени бірлстігінің өкілі Зарина Сафарова, Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ директоры – Әйгерім Исбекова, Қарағанды қалалық Мәслихатының депутаты, "Қазақстан азаматтары" ҚБ жетекшісі Дмитрий Полтаренко, қаланың этномәдени бірлестіктер мүшелері, мемлекеттік қызметшілер, мәдениет саласының мамандары, «Мәміле» клубына қатысуға тілек білдірген қала тұрғындары қатысты. Увайс Джанаев құттықтау сөзінде «Мәміле» клубында мемлекеттік тіл арқылы қазақ халқының қатпаралы тарихынан сыр шертетін салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптары, олардың мағынасы түсіндіріледі. Сондай-ақ келушілерге күнделікті өмірде соны пайдаланып, ауызекі араласуға көмек береді. Клубтың әр жерлерде ашылып жатқаны қуантады. Мемлекеттік тілді меңгеру баршамызға міндет. Сіздерге сәттілік тілеймін», - деді.

Шара барысында қалалық Аналар кеңесінің төрайымы – Гүлжан Жүсіпбекова мен тілдерді дамыту орталығының директоры Береке Жарылғапова «Мәміле» клубына қатысуға тілек білдіргендерді мүшелікке қабылдап, мүшелік төсбелгілерін тақты. Шараны қазақ және орыс тілдерінде шебер жүргізген Абай атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің студенттері Андрей Мурзин мен Евгения Бенко, жас домбырашылар оркестрі мен әнші- бишілер көптің көңілінен шықты. Алғашқы сабақты Ахмет Байтұрсынұлы атындағы республикалық «Үздік оқытушы» байқауының бас жүлде иегері Динара Жупенова өткізді.


Кейін қарай