Қазақстан халқы Ассамблеясы

05 Сәуір, 2021

435

Қарағандыда білім берудегі цифрлық трансформацияның тиімділігі талқыланды

Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің «Әлеуметтік жұмыс және ҚХА» кафедрасының онлайн алаңында «Білім беруді жаңғырту және цифрландыру» атты конференция ұйымдастырылды.

Конференцияның мақсаты – білім беруді цифрландыру және ақпараттандыру тәжірибесін талдау, білім беру ұйымдарының электрондық ақпараттық-білім беру ортасын дамыту, сондай-ақ шет елдердегі білім берудегі цифрлық трансформацияның тиімді нақты әдіс-тәсілдерімен таныстыру. Конференцияға жоғары оқу орындарының студенттері, профессорлары, оқытушылары және ғылыми қоғамдастық өкілдері қатысты.

Әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор, т.ғ.д., кафедра профессоры Қосман Әбілов әлемде «санға» бағдарланған жаңа тәсілдердің енгізіле бастағанын айтты. Ал Қазақстанда тиімді цифрлық экожүйені дамыту үшін 2017 жылы желтоқсан айында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бекітілген болатын.

Ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ ғылыми - сараптамалық сүйемелдеу және әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің сарапшысы Айжан Дүйсекеева интерактивтік технологиялар әлемінде кез келген білім беру ұйымының қашықтықтан оқыту технологияларын қолданатын қызметі оқытушы мен студенттің уақытын үнемдеуге, оқыту нәтижелерін бақылауға және бағалауға мүмкіндік беретіндігін атап өтті.

Цифрлық трансформация - қазіргі заманғы мемлекеттің және Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің басты мақсаттарының бірі, аталған оқу ордасында білім берудің барлық сатыларында IT-құзыреттілікті арттырумен қатар, студенттердің ғылыми ізденіс біліктері мен дағдыларын дамытуға, цифрлық технологияларды пайдалану есебінен креативті ойлау мен шығармашылық қабілеттерін қалыптастыруға және дамытуға бағыттай отырып осы салаға көп көңіл бөлінеді.

Студенттер цифрлық оқыту технологияларын жүйелі пайдалануға бағытталған заманауи білім беру ортасының оң және теріс жақтарын жан-жақты қарастырып, өз ойларын ортаға салды.

Конференция жұмысын қорытындылай келе, модератор кафедра профессоры Марина Клишина бүгінгі күні цифрландыру тренді іс жүзінде барлық қызмет салаларында дамудың негізгі векторларының бірі болып табылатынын атап өтті. Бұл бағытта білім беру жүйесі де қағыс қалмасы анық.

Кейін қарай