Қазақстан халқы Ассамблеясы

31 Қаңтар, 2020

1649

Қарағандыда республикалық деңгейде «Достық аймағы» атты жалғыз басылым жарық көреді

Қазақстанның ішкі саясатының тұтқасы этносаралық келісім мен тұрақтылық екені бесенден белгілі. Бүгінде елімізде тату-тәтті тұрып жатқан барлық этностарды біріктіріп отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы бірлік пен қоғамдық келісімді нығайтатын құрылым.


Ерсін Мұсабеков

Оның мақсаты – елімізде қазақстандық патриотизм, азаматтық және рухани-мәдени құндылықтар мен қазақ халқының біріктіруші рөлі негізінде мемлекетімізде келісім мен татулықты сақтау әрі нығайту. Қарағанды облысы Қазақстан халқы ассамблеясының атқарып жатқан қызметі – осыған дәлел.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында этносаралық қатынас рөлін арттыру мақсатында Журналистер мен сарапшылар клубын құруды тапсырған болатын.

2017 жылы Арқа төсінде журналистердің басын қосып, ортақ мүдде жолына жұмылдырған ұйым – Қарағанды облысы Қазақстан халқы ассамблеясының Журналистер мен сарапшылар клубы құрылды. Клуб мемлекеттік ұлттық саясатты жетілдіру, этносаралық келісім мен қоғамдағы тұрақтылықты нығайту бойынша мақалаларды, этносаралық сипаты бар тақырыптарды дұрыс мазмұндау бойынша БАҚ үшін ұсынымдар әзірлейді.

Клубтың құрамында республикалық және өңірлік БАҚ-тың этносаралық тақырыпқа жазатын 22 журналист пен этносаралық қатынастар саласындағы сарапшылар, этномәдени орталық өкілдері бар.

Қарағанды облысы бұқаралық ақпарат құралдарының саны мен сапасы жағынан алғанда ел көлеміндегі ірі орталықтардың бірі болып табылады. Аймақ көп ұлтты болғандықтан, мемлекеттік төзімділікті, этносаралық, конфессияаралық келісімді, азаматтық бірлікті, патриотизмді және рухани-мәдени тұтастықты нығайтуға ықпал жасау өте маңызды болып табылады. Және журналистер клубы осы мәселеның дамып, өркендеуіне ықпал жасайды.

Облысымыздың әр ауданы мен қаласында жергілікті газет-журналдар, телеарналар мен радиолар бар. Бұл – үлкен күш. Төртінші билік ретінде бұқаралық ақпарат құралдарының мемлекеттік саясатты жүргізуде, Клубтың ақпараттық кеңістігінде танымал брендке айналуы, кәсібилік пен құзыреттіліктің эталоны болуы – маңызды.


Қарағанды облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ-нің тапсырысымен тоқсан сайын «Достық аймағы» журналы жарық көреді. Форматы жағынан алғанда республикалық деңгейде әзірге жалғыз басылым және оң бағаға ие болып отыр. Клуб журналмен тығыз жұмыс істей отырып, жұмысын танымды, ақпараттық, қызықты қылуға ат салысады. Әрине, бұл ең алдымен журналды шығарушылардың да еңбегінің арқасында қол жеткен жетістік болып табылады.

Қай елдің болмасын атағын шығарып, мәртебесін көтеруде журналистер қауымының қосып отырған үлесі зор. Әрбір басқосу, іс-шара – жиындардың бәрі тілшілерсіз өтпейді. Ел тыныс-тіршілігінен хабардар етіп, белсене араласып, оны жариялап жүрген де журналистер. Сондықтан да қажетті ақпаратқа дер кезінде қолжеткізу мақсатында осындай алаңдардың болуы және оның жұмысын жолға қоюдың өзектілігі әркез назарда.

Ассамблея жұмысы қай, тілдегі журналист болмасын, бейтаныс мәселе емес. Бұл мемлекеттік саясаттың үлкен бағыттарының бірі болғандықтан, әрбір журналистің қаламында ұлтаралық, дінаралық татулық тұруы керек деген ойдамын.

Клубтың жұмысын ұйымдастыру, үйлестіру мәселесіне барлығымыз ат салысудамыз. Ассамблея, достық тақырыбы – өте қызық. Сонау ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы тағдырлар тоғысында жан-жақтан ағылып келген ұлттар мен ұлыстарды кең құшағына басқан қазақ халқының тарихымен астасып жатқан тақырыпты бүгінгі мемлекеттік саясатпен сабақтастырып, ортақ ойымыздың қазанында қайнату журналистердің шеберлігіне байланысты.

Ерсін Мұсабеков,

Қарағанды облысы ҚХА

Журналистер мен сарапшылар клубының төрағасы

Кейін қарай