Қазақстан халқы Ассамблеясы

24 Мамыр, 2021

473

Қарағандыда Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған шаралар кешені басталды

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» жобасы аясында Қарағанды облысы ҚХА ғылыми-сараптамалық тобы қала оқушыларына арнап КарЛаг-тың саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайына экскурсия ұйымдастырды.


1997 жылдан бері Қазақстанда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні атап өтіледі. Тарихи деректер бойынша, Қазақстанда 1921 жылдан 1954 жылға дейін 100 мыңға жуық адам сотталып, оның 20 мыңнан астамы атылған. Жазықсыз ату жазасына кесілгендердің қатарында Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Бейімбет Майлин, Міржақып Дулатов, Мұхамеджан Тынышпаев, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров және басқалары бар.

Қазақстан түрлі этностардың миллиондаған өкілдері үшін депортация орнына айналғаны белгілі. Бүкіл ел бойынша тоталитарлық режимнің жазалау жүйесі үшін 953 лагерь мен елді мекен жұмыс істеген. Қазақстан аумағында ГУЛАГ-тың ең ірі және қорқынышты лагерлерінің бірі – бүгінгі күнде Карлаг деп аталатын Қарағанды еңбекпен түзету лагері орналсасты.


- Бірінші кезекте экскурсия өскелең ұрпақ үшін маңызды деп ойлаймын. Мұнда қазіргі заманғы мамандар тауып мұражайға қойылған түгелдей дерлік жәдігерлер - қалпына келтірілген сол кездегі шынайы заттар болып табылады, олар сол уақыттың бейнесін айшықтайды. Мұражайды аралап көріп, біз адам тағдырын тәлкек еткен сол қатыгез уақыттың ойранына ойша саяхат жасағандай болдық. Мұндай тағылымды шараны ұйымдастырушыларға алғысымызды білдіремін, - дейді №15 мектеп оқытушысы Тимур Садықов.

Естеріңізге сала кетейік, ҚХА-ның «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» – «Память во имя будущего» халықаралық мәдени жобасы 10 жылдан астам уақыт бойы ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайтуға, ортақ құндылықтарды қалыптастыруға және тарихи тәжірибені болашақ ұрпаққа беруге ықпал ету мақсатында жүзеге асырылып келеді. Қарағанды облысында аталған жоба бойынша 10 жыл ішінде республикалық, өңірлік конференциялар ұйымдастырылды. Облыстың Ғылыми-сараптама тобының тарихшылары мен сарапшыларының жұмыстары енгізілген ғылыми кітаптар шығарылды.

Кейін қарай