Қазақстан халқы Ассамблеясы

27 Мамыр, 2021

10581

Қарағандыда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған конференция өтті

Қарағандыда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған "Тарихтан тағылым – өткенге тағзым" атты ғылыми – тәжірибелік конференция өтті.


Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған шараға тарихшылар, қоғам қайраткерлері, ғылыми орта өкілдері мен сарапшылар қатысты.

Конференцияға қатысушылар мұрағат негізіндегі материалдар мен зерттеулерін ұсынды. Олардың көпшілігі алғаш рет ғылыми айналымға енгізіліп, зиялы қауым жұртшылығына тарихтың ақтаңдақ беттерін сипаттайтын нақты фактілердегі бірегей материалдарға кең жол ашады. Сондай ақ, шарада тарихи жадыны сақтау, жалпыұлттық тарихи сананы қалыптастыру, ұлттық бірлікті нығайтатын біріктіруші факторларды іздеу мәселелері талқыланды.

Халқымыздың тарихында болған «тар жол тайғақ» кезеңдер өшпестей қасіретті із қалдырды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Әрбір жұрт тарихтан өзінше тағылым алады. Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды. Біз тарихтың сабағын айқын түсінуіміз керек» деген еді. 1997 жылдан бастап Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні атап өтілуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз» деп атап өтіп, қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырған еді.

Бүгінгі конференция жұмысы барысында Мәмбет Қойгелдиев, Жамбыл Артықбаев, Әлихантанушы Жүсіп Аққұлұлы, Зарқын Тайшыбай, Герман Ким, этнограф Төрехан Майбас сынды ғалымдар тың зерттеулер ұсынды. Алаш қозғалысының көрнекті өкілдерінің өмірі мен қызметі жайлы да кеңріек айтылды. Қарағандыдағы Карлаг, басқа да лагерьлермен, еңбек қоныстарымен және саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды ұстау орындарымен байланысты тарихи деректерге шолу жасалып, Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалысы (Бахты, Тоқырауын көтерілістері) және "Есеп" партиясының Алаш қайраткерлері мұрасының контекстіндегі қызметі қаралды.

Кейін қарай