Қазақстан халқы Ассамблеясы

14 Желтоқсан, 2020

856

Қарағандыда жастар қозғалысы облыстық штабының отырысы болды

Қарағанды қаласы Достық үйінде Тәуелсіздік күніне арналған «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы облыстық штабының отырысы өтті. Шараға этномәдени бірлестіктердің өкілдері, тарихшылар, студенттер және штаб мүшелері қатысты. Санитарлық талаптарға сәйкес, қалғандары онлайн қосылды.

Кездесуде "Тәжік диаспорасы" этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы - Шакарбек Норматов, Қарағанды медицина университетінің оқытушысы, "ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері" төсбелгісінің иегері Александр Долгополов, «Жаңғыру жолы» мүшелері Юрий Михуля және Ханануз Расулова тәуелсіздік жайында орамды ойларын ортаға салды.

«Тәуелсіздік-бұл, ең алдымен, бірлік, халқымыздың батыл рухы және бүгінгі жетістіктеріміз. Биыл біздің Тәуелсіздігімізге аттай 29 жыл толады. Осы уақыт ішінде біздің еліміз үлкен жетістіктерге жетіп, көптеген кезеңдерді еңсере алды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында елімізді әлем таныды. Бүгінгі шараның маңызы өте зор, өйткені еліміздің кемел келешегі жастардың қолында. Заманға сай даму үшін жаңа технологиялырды игерген, жаңаша ойлайтын білімді жастар қажет. Елімізде барлық этностарға тыныштықта, тұрақтылықта өмір сүруге, жастарға жоғары деңгейдегі білім алуына барынша жағдай жасалып келеді. Өйткені озық білім мен ғылымды игерген, санасы, ашық, барды қадірлейтін жастар – еліміздің ертеңгі тірегі»,- деді Шәкәрбек Саадуллаұлы құттықтау сөзінде.

Сондай-ақ, "Жаңғыру жолы" дөңгелек үстелінде бүгінгі таңда облыстық Ассамблеяның қазақ халқының құндылықтарын насихаттап, рухани тұрғыда жастарға жаңа серпін беріп жүрген "Ұлы Дала Елінің киелі мұрасы" тарихи-экологиялық экспедициясы, «Мың бала», «Сарыарқа жастары», «Қазақтану» секілді ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатқаны атап өтілді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының "Жаңғыру жолы" республикалық жастар қозғалысы 2018 жылдың наурыз айында жастардың бойында әлеуметтік-азаматтық белсенділікті қалыптастыру, әрбір жас қазақстандықты рухани тәрбиеде дамыту, сондай-ақ, Қазақстанның түрлі этностық топтарының жастарын Қазақстан халқының ұлттық бірлігі, этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімді нығайту негізінде топтастыру мақсатында құрылды. Бүгінгі таңда еліміздің әр өңірінде жас көшбасшылар басқаратын өңірлік штабтар құрылды. Штабтар Достық үйлерінде орналасқан және шамамен 255 жас өкілдерден тұрады. Негізгі бағыттары жастарды мәдени құндылықтарға тарту, қазақ халқының ұлттық ғұрпын, тарихын, мәдениетін дәріптеу, адамгершілік қасиеттерге баулу.

Юрий Михуляның айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясы үшін жастармен жұмыс - басты бағыттардың бірі болып табылады. Себебі, Қазақстанның болашағы тәуелсіз елдің жастарының қолында. «Ендігі мақсатымыз – қасиетті Тәуелсіздіктің тұғырын берік, келешегін кемел ету»,- дейді ол.


Кейін қарай