Қазақстан халқы Ассамблеясы

30 Сәуір, 2020

782

Арыстанбек Анжиков: Қазақстан халқы киіз үйдің керегесі мен уықтары секілді жұмыла бірлік пен ынтымақты дәріптеп тұр

Қазақ ұлтының кешегі көрінісі көшпелі болса, бүгінгі күнде тәуелсіздігін алған егемен ел. Еліміз басына түскен сын сағаттарда сыннан сүрінбей өтіп, тарыдай шашылмай, жұдырықтай жұмылып, ынтымақ пен ауызбіршіліктің туын желбірете білді.

Бейбіт сүйгіш халқымыз «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» 100-ден астам түрлі өзге ұлт өкілдерімен бірге қырық пышақ болмай, тату тәтті өмір сүріп, қаймағымыз бұзылмаған елге айналдық.

Қазақстан - өзге ұлт өкілдерінің де өмір сүріп жатқан Отаны, ұрпақтарының кіндік қаны тамған жері. Осы ұлт өкілдерімен қоян қолтық араласып түсінісуіміз, достығымыздың жарасуы, қиын қыстау кезеңде бір құйқаны бірге бөлісіп жеп, көзімізді алартпай, тереземіз тең, керегеміз кең бір шаңырақтың астында өмір сүруіміз - біздің еліміздің ең басты байлығы болып табылады және бұл - Елбасының көреген саясаты.

1995 жылдың 18 қазанында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығы бойынша 1мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні деп жарияланды. Содан кейін баршамызға ортақ бұл мереке 1996 жылдан бастап тойланып келеді. Мерейлі мерекені бәріміз бір ел болып, бір шаңырақтың астында, салт-дәстүрімізді, әдебиетімізді, мәдениетімізді, тілімізді, ұлт деген болмысымызды дәріптеп асыға күтіп, құшақ жая қарсы алып тойлаймыз.

Қолымызға шар мен жалауды желбіретіп, көңілімізді қуаныш кернеп, үстімізге ұлттық нақыштағы киімдерді киіп, ұлттық тағамдарымызды насихаттап, ерекше атап өтеміз. Бұл мейрам еліміздегі ұлттарды достыққа, татулыққа, ынтымаққа, бірлікке шақырады. Ұлттардың арасындағы сүйіспеншілікті, достықты нығайта түседі.

Қазақстан халқының көп ұлттылығы менің ойымда киіз үй бейнесінде көрініс тапты. Керегенің кеңдігі – Қазақстан жері мен қазақ ұлтының көңілінің кеңдігіндей. Шаншылған уықтар көп ұлтты халық екенімізді білдірсе, шаңырақ қыран құсы самғаған бейбітшілік аспанының бейнесіндей. Уықтар бірдей жұмылып шаңыраққа шаншылу арқылы бірлік пен ынтымақты, достықты дәріптеп тұр.

Қазақстан халқының бірлігі мерекесі - Елбасының бейбітшілік және келісім саясаты деп түсінемін.

Арыстанбек Анжиков,

ШҚО ҚХА ҚКК төрағасының орынбасары


Кейін қарай