Қазақстан халқы Ассамблеясы

26 Тамыз, 2020

1761

Ата заң – бірлік нышаны

Әр қоғамды қалыпты ынтымақта ұстаушы қағида заң. Саналы адам саналы қоғам жасақтау барысында әлеуметке ортақ тізбектерді бекітіп келеді.


Ақтөбе облыстық ҚХА жанындағы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының үйлестірушісі Берік Нұрмұхамедов қазіргі дүние тұрғысынан алғанда көп функционалды қабілетке ие жарғылар жобасы кемелденген келісім негізінде өз негізі мен қызметін тұрақты атқарып келетінін айтады.

- Біз мекен ететін Ұлы Дала төсі өткеннің қай парағын ашсақта сан алуан заң нормаларын бекітіп, көшпелі мәдениеттің мәнеріне дәйектелген жарғылар құрастырып қолданған. Әр қоғам өз заманының талаптарына сәйкес заң нормаларымен әлеуметтік бірізділік пен біркелкі тұрақтылықты қанағаттандырып отырған. Көпшілікке жақсы таныс тарих беттеріндегі Есім ханның ескі жолы мен Қасым ханның қасқа жолы заңдар жинағы біздің еліміздің мемлекет құраушы халық тұтстығының бірегей дәйегі болса керек. Жарты әлемді жабы жылқының тұяқ дүбірімен дүмпіп өткен Шыңғыс ханның да «Жасақ» деген заңнамалар жинағының өз заманында дәуірлеп, тарихқа шынайы шежіре болып із салып кеткені тағы бар. Сондықтан заң, жарғы, қағидат теориясы мен практикалық жүзеге асуы қазақ даласына жат құбылыста, құрылым да емес. Яғни, заң ұлт болмысының бойына сай, қоғамға еркіндік пен әлеуметтік үйлесім үстеуші көшбасшы болуы шарт. Біз атаған заң нормалары көшпелі мәдениет пен өмірге өрнек бабалар тұрмысына қабысатын қағидалар.

Кейіннен отарлық жүйе дала төсіне баса көктеп енген тұстарда талай патшалық заңнамалар еркін халықтың қадамына тұсау, шаттығына шідер, өміріне өре болып матаған шақтар тарихта енші алып тұр. 1824 жылы « Орынбор қырғыздары туралы Жарғы», 1822 жылы 22–маусымын да орыс заңгері М. М.Сперанскийдің басшылығымен орта жүз жерін басқару үшін «Сібір қазақтары туралы Жарғы» сияқты саны көп отарлаушы озбыр нормалар өте көп болды. Заң бұқара халыққа қызмет етпеген жағдай да ел еңсесі еңіске құлдилап, кешегісі мен бүгінін бағдарлай алмай, толқыныс түйсігін түрпектейтін болады. Біздің тарихтың отты жылдары деп оқулықтарда жүрген ұлт азаттық көтерілістердің де тұтануына сеп болған патшалық жүйе жарғылары болатын. Келімсіктерді бабаларынан балаларына аманатқа қалдырған жерлерге топылтып, өз ата қонысынан ығыстырған заң озбырлығы бар қазақтың әулетіне әңгір таяқ ойнатып-ақ бақты. Заңның жалғыз жерге ғана емес салық тұрғысынан, әскери міндеттілік тұрғысынан, әлеуметтік ахуал тұрғысынан жаныштаған баптары адами ұғымнан алыс, гуманистік нақышқа жат екендігі тұрмыс тіршілікті титықтатқаны мәлім. Осыдан барып, Сырым батыр, Жанқожа батыр, Тентек төре, Исатай-Махамбет, Иса-Досан, Кенесары-Наурызбай бастаған намысты ерлердің атқа қонып, озбыр заңға қылыш сермеді. Міне, заң мен жарғының талайын бастан өткерген ұлт – Ұлы Даланың қазағы. Заңның да есері бар, естісі бар деп айтуға өткеннің әр күні дәйек айтып тұрғандай.

Қазір егемендік таңы атқан, жан-жаққа жалтақтамайтын, дара да даңғыл қоғамның уақыты. Мәңгілік ел боламыз деген құндылыққа бас ұрып, болашақтың дидарын қазақылыққа қондырып келеміз. Озбыр патшаның да, орақ пен балғаны байлаған кеңестік жүйенің де дәурені өтіп, бабаларды зар қақсатқан жарғы заңдардың да құны арзымай қалды. «Заман қандай, заң қандай» деп әкелеріміз айтып отыратын әңгіменің астарынан да заман мен заңның құбылуынан сақтанған екі ұшты ой генетикалық жадқа сіңіп кеткенін аңғарамыз. Талай заман мен заңның құқайын маңдайын тосып қарсы алған халықтың тарихи санасына рефлекстік қабат түзіп, тілдік қолданысына қабысып кеткендігін мойындаймыз.

Бұл тәуелсіз қоғам, демократиялық ел бағдары. Жаңа тарих бастап тәуелсіз ел болғалы заң қабылдап, конституциялық тең құқықты мемлекетте өмір сүреміз деп келеміз. Ата заң тарихы кәрі, тәуелсіздігі жаңа елге ширек ғасырдан бері қызмет етіп тұр. Зайырлы мемлекеттің заманауи дамуы қолданыстағы заңына да тікелей байланысты. Заңның өміршеңдігі қоғам еркіндігінің төлқұжаты болмақ. Алып даланы жазылмаған жарғыларымен билеген бабалардың жолын бүгінгі Ата Заң қаншалықты ізбасарлық танытып, тектілік биігінде біріктіріп келе жатқанын қоғамдық сана мен әлеуметтік пікір айқындай жатар. Қай заманда да заңның міндеті ортақ қоғамдық тәртіпті сақтап қана қоймай, бір орталыққа бағыну жүйесін қалыптастырып, халықтың еркін ғұмыр кешуіне ықпал ету және бірлікке бастау. Бірлік құны ескірмейтін қазына. Қай уақыттың маштабымен алса да бірлік үлкен күш пен іргелі ынтымақтың кепілі. Бірлік бар жерде тірлік бар деп әлімсақтан айтып келе жатқан ұлтпыз. Яғни, тірліктің бары өмірдің өзі. Тірлік жансыз денеде ғана болмайды десек, тірі адамның тіршілігі бірліктен. Ал бірлік алға бастаушы күш. Бұл күшке серпін беретін стратегиялық жоба заң. Заң тірлік иелерін бір арнаға біріктіріп, дамудың жолына жолдама ұсынуы тиіс. Сонда ғана бірлігі бүтін қоғам, тірлігі ірі әлеумет пайда болмақ. Осыдан ақ, заң деген құрылымның негізін бағдарлай беруімізге болады. Біздің елімізге қазіргі жаһандық заман дидары тұрғысынан бірліктің аса қажет құндылық екені айқын. Ата Заңның потенциалы бірлікке бастаушы институт болуы шарт. Заңның кемелдігі демократиялық қоғамның алғышарты ғана емес, дамудың бірден – бір құралы да болмақ.

Бірлік заман талабы болғанда, талаптың тактикалық тиянақты жүзеге асуын қамтамасыз етуші құрал - Ата Заң. Сондықтан, елдік мұратпен мөрленген бұл құжаттың құны әр азаматтың айқын бағдары болуы тиіс. Негізгі мемлекет құраушы ұлт пен Қазақстан территориясында өсіп өнген өзге этнос өкілдерін бір тудың астына ырысы ортақ ынтымаққа шақырушы штабта осы Ата Заңның халыққа қайырлы әр бағаны болуы шарт. Осы бірліктің бекемдігін сақтаушы ел болашағы мен бүгініне татулық нәрін сепкен қоғам болмақ. Қоғамның қоғам болуы сана көрсеткіші мен тұрақты бірлігіне тікелей байланысты. Демек, біздің зайырлы мемлекеттің Ата Заңы аталмыш ауқымды істің локомотиві болуы керек. Осы талаптарды толық қанағаттандырғанда ғана өміршең құжаттық биігінде қалады. Олай болса, әлеуметтік бірлік нотасы сіз бен біздің татулық гармониямызда болса, мөрленіп таңбаланған тұсы Ата Заңда.

Кейін қарай