Қазақстан халқы Ассамблеясы

07 Желтоқсан, 2020

623

Атырауда ҚХА-ның 25 жылдығына орай өңірлік ғылыми - тәжірибелік конференция өтті

Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына орай ұйымдастырылған конференцияға Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарынан «Қоғамдық келісім» КММ басшылары мен бөлім меңгерушілері, облыстық Ассамблея ардагерлері, Атырау облысы ҚХА-ның ғылыми-сараптамалық топ мүшелері мен этномәдени бірлестік өкілдері және кәсіби медиаторлар қатысты.

Алғаш сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бақтыгүл Хаменова қатысушыларды ҚХА-ның 25 жылдығымен құттықтап, 25 жылдық тарихы бар Ассамблеяның қол жеткізген жетістіктері мен нәтижелеріне және облыстық Ассамблеяның қызметіне тоқталып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.


Конференция жұмысы пленарлық мәжілістен, І,ІІ панельдік секция жұмыстарынан тұрды. Шараны жүргізген Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті ҚХА Институтының директоры Жанна Қыдыралина пленарлық мәжілісте «Қазақстан халқы Ассамблеясын құрудағы және ұлттық бірліктің қазақстандық моделін қалыптастырудағы Елбасының рөлі» тақырыбында баяндама жасап, ҚР Түңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ассамблея сессияларында сөйлеген сөзінен түйген ойларын ортаға салды.

Ғылыми - тәжірибелік конференцияға арнайы келген қонақтар Маңғыстау облысының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Амангүл Джайлханова Маңғыстау облысының этномәдени бірлестіктерінің тәжірибелерімен бөлісіп, ҚХА-ның 25 жылдығына орай дайындалған бейнероликті ұсынды.

- Осындай маңызы зор іс-шараға қатысу мен үшін үлкен қуаныш. Көршілес облыстармен тәжірибе алмасып, ортақ мүддеге қызмет ету біздің парызымыз. Сондықтан этносаралық қатынастар саласы бойынша жұмыс бағыттарымен ой бөлісу тәжірибемізді одан әрі шыңдай түседі деп білемін, - деді КММ басшысы.


Ал Батыс Қазақстан облысы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Медхат Қамбетов Батыс Қазақстан облысы Қоғамдық келісім кеңесінің жұмыс тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ, өңірде атқарылған бірқатар жұмыстарды айтып, бүгінде Батыс Қазақстан облысы бойынша 54 этномәдени бірлестіктің жемісті еңбек етіп келе жатқанын және 4 ауданда орналасқан Достық үйінде этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді үйренуге деген құлшыныстарын ерекше атап өтті. І панельдік секция жұмысында сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясының ардагерлері Қатимолла Ризуанов «Қазақстан халқы Ассамблеясы қалыптасу бастауында» тақырыбында, Алевтина Воронцова «Біз бірлігімізбен мықтымыз» тақырыбында, Владимир Стамов «Бейбітшілік пен қоғамдық келісім – біздің басты құндылығымыз» тақырыбында, Халид Джамалетдинов «Бірегейлікті, бейбітшілік мен келісімді қамтамасыз ететін институт» тақырыбында, Жаннат Асабаева «Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының бірлік пен толеранттылық үлгісін қалыптастырудағы рөлі» тақырыбында баяндама жасап, «Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл» деректі фильмін ұсынды.

ІІ панельдік секция жұмысында «Тхоньиль» кәріс этномәдени бірлестігінің жетекшісі Людмила Ли «Қазақстан кәрістерінің қауымдастығы: белгіленген бағытпен 30 жыл» тақырыбында, «Былина» орыс этномәдени бірлестігінің жетекшісі Андрей Кораблев «Этномәдени диалогтағы «Былина» бірлестігі» тақырыбында, Қазақстан халқы Ассамблеясының ардагері Любовь Монастырская «PR-дың мәдениетаралық диалогтағы рөлі: Қазақстан халқы Ассамблеясының журналист-сарапшылар клубы» тақырыбында және «Халықаралық медиация орталығы» Республикалық қоғамдық бірлестігі Атырау филиалының директоры, кәсіби медиатор Гүлбаршын Марданова «Қазіргі Қазақстандағы этносаралық жанжалдардың алдын алудағы медиацияның рөлі» тақырыбында баяндама жасады.


Қатысушылар баяндама тақырыптарына талдау жасап, өзіндік ой-пікірлерін білдірді. Шара соңында Атырау облысы Ішкі саясат басқармасы басшысының

орынбасары Гүлмира Шакирова конференция жұмысына атсалысқан барлық қатысушыларға алғыс білдіріп, арнайы келген қонақтарға «Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл» естелік сыйлығын тарту етті.

Кейін қарай