Қазақстан халқы Ассамблеясы

30 Шілде, 2021

660

Аймақтағы діни ахуал және толеранттылық ұғымы

Қазақстан Республикасы - әрбiр адамның діни сенім бостандығы құқығын құрметтейтiн демократиялық, зайырлы мемлекет болып табылады. Дінаралық және ұлтаралық келісімді нығайту, діндер үнқатысуын қамтамасыз ету, діни тағаттылықты дамыту – Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының шешуші басымдықтарының бірі. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығында барлық ұлттар мен ұлыстардың рухани келісімі сақталды. Қазақстанда қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз ететін этностар мен діндердің өзара әрекеттесуінің тұрақты моделі қалыптасты.


Сыр елі – қашанда қоғамның рухани саласына ерекше мән беріп, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрдің, дәстүрлі ұстанымның өркендеуіне бірден-бір үлес қосқан киелі мекен. Аймақта тәуелсіздік алған сәттен бастап, ғасырлар қойнауындағы осы асыл құндылықтар дәріптеліп, бабалар сабақтастығы жылдан-жылға жалғасып келеді. Әлеуметтік сауалнамалар көрсеткендей аймақ тұрғындарының 75 %-і түрлі конфессия өкілдеріне, мерекелері мен дәстүрлеріне құрметпен қарайды. Бұл өз кезегінде облыстағы діни ахуалдын тұрақтылығын сақтауға септігін тигізуде. Және де ең бастысы, талай тарихты қойнауына бүккен, мәдени мұралардың асыл көмбесі болған, алты алаштың анасына айналған Сыр өңірінде халықтың ұстанымы әуелден- ақ діни тағаттылыққа негізделгендігі.

Дінаралық және ұлтаралық татулық - ел тұтастығының маңызды факторларының бірі. Осы орайда, әр алуан діни конфессия өкілдерінің бір жерде ынтымақ пен сыйластықта өмір сүрулері біздің қоғам үшін де маңызды. Діннің тұтастығы қашанда елдің тұтастығы. Біздің мақсатымыз елімізде, аймағымызда жергілікті тұрғындар арасында, әсіресе жастар мен діни ортада зайырлылық қағидаттарына қарсылық танытатын кез-келген деструктивті діни идеологиялардың таралуына жол бермеу және конфессияаралық келісімді сақтау.

Бүгінде аймақтағы 7 конфессияға жататын 189 діни ұйымда өз қызметтерінде елдегі конфессияаралық тұрақтылыққа өз үлестерін қосуда. Биылғы жылы Қызылорда облысының дін істері басқармасы жанынан діни бірлестіктер клубы құрылды. Клубтың негізгі мақсаты - діни бірлестіктер арасында конструктивті диалогты кеңейту және конфессияаралық келісімді нығайту үшін жағдай жасау, діни бірлестіктер мен жергілікті атқару органдарының байланысын орнату. Қызылорда облысы дін істері басқармасы дін мәселелерін зерттеу орталығы әр тоқсан сайын облыс бойынша діни ахуалдың тұрақтылығын зерделеу мақсатында әлеуметтік сауалнама жүргізіп келеді. Ағымдағы жылғдың І тоқсанында жүргізілген сауалнамаға қатысушы респонденттердің 95,4%-ы (2020 ж. І т.- 77%) облыстағы «діни ахуалдың жай-күйін тұрақты» - деп бағалады.

Әрине, мемлекетіміздің болашаққа нық қадам басуына кепілдік беретін бірден-бір жәйт этно-конфессияаралық келісімнің сақталуы. Осы мақсатта біздер жергілікті этно-конфессия өкілдерімен, сала бойынша жергілікті атқарушы органдармен және өзге де ҮЕҰ бірлесіп рухани келісімді сақтаудағы шараларымызды тұрақты түрде жалғастыратын боламыз.

Бақытжан Камалов,

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директоры,

облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі

Кейін қарай