Қазақстан халқы Ассамблеясы

01 Шілде, 2020

731

«Қазақша ақпарат бере алмайтындар қызметінен қош айтысуы тиіс»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев республикалық «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында ана-тілімізді сақтап, өз тарихымызды терең дәріптеу жөнінде кеңірек айтып өтті.

Олай болса, мемлекеттік тілдің аясын кеңейту жолында әрқайсымыз өзіміздің азаматтық міндетімізді атқаруымыз керек.

Демек, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін биіктетіп, оның қай салада болмасын кеңірек етек жаюына әрбіріміздің қосар үлесіміз бар. Ол үшін мемлекет басшысы айтқан барлық игі іс – шараларды қос қолдап қолдаған жөн.

Осы тұрғыда мен бір ұсыныс жасағым келіп тұр. Қазір тіл үйрену үшін жаһандық пандемияға айналған індет кезіндегі карантин уақытын үнемді пайдалануға болады. Бұрын қазақ тілін үйренуге уақыт таппайтын болсақ, қазіргі таңда уақытымыз жеткілікті. Сол уақытымызды үнемді қолданып, қазақ тілін үйренуге шақырамын. Бұл тек өзге ұлттарға ғана емес, барша Қазақстандықтарға тиісті деп ойлаймын.

Телеарналардан қазақ тілін үйренуге арналған бағдарламалар мен мультфильмдер, он минуттық шағын фильмдер мен роликтер де жиі көрсетілгені жөн. Күніне бірнеше мәрте қайталап көрсетсе де артық етпейді.

Бұдан бөлек, қазақ тілінде сөйлеу мақтанышқа айналуы үшін, қоғамда қажеттілікті арттыру қажет. Парламент жиындары, баспасөз мәслихаттары мемлекеттік тілде өтіп, халыққа қазақша ақпарат бере алмайтын шенділер қызметімен хош айтысуы тиіс.

Арзу Гурбанова,
Шымкент қаласы әзербайжан этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары


Кейін қарай