Қазақстан халқы Ассамблеясы

10 Қаңтар, 2022

368

Қазақстан халқы Ассамблеясының үндеуі

Құрметті отандастар!

Бүгінде біздің еліміз – Қазақстан Республикасы – өз тарихының күрделі күндерін өткеруде.

Экстремистер, террористік бандалар және оларға қосылған бұзақылық элементтер елдегі жағдайды жаппай тұрақсыздандыруға, Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктеріне қауіп төндіруге әрекет жасады.

Жаппай тәртіпсіздіктермен, мемлекеттік және қоғамдық ғимараттарға шабуылдармен, тонаумен және кісі өлтірумен бірге мемлекетке қарсы жасалған қылмыстар азаматтардың қауіпсіздігіне, бірлікке, бейбітшілік пен келісімге қарсы алдын ала ойластырылған және жақсы үйлестірілген қылмыстық жоспар болғандығын көрсетті.

Біз, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, экстремистердің арсыз әрекеттерін конституциялық құрылысқа, азаматтық бостандықтарымызға және туған жерімізде, егемен мемлекетте бейбітшілік пен келісімде өмір сүру құқығына шабуыл ретінде қарастырып, ауыр, әрі үлкен алаңдаушылықпен қабылдадық.

Қызметтік және азаматтық парызына адал Ұлттық ұланның жауынгерлері мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері конституциялық құрылысты және азаматтарымыздың бейбіт өмірін қорғап, экстремистер мен террористердің қолынан қаза тапты. Олардың қаны – террористердің мойнында.

Бүгін, Жалпыұлттық аза тұту күні Қазақстан халқы Ассамблеясы жеріміздегі бостандық пен бейбітшілік үшін өз өмірін құрбан еткен азаматтарды еске алуға шақырады. Біз қабырғамыз қайысып, қайғының қара тасы желкеден батпандай басқан бүкілхалықтық қасіретке ортақпыз.

Елімізде төтенше жағдайды енгізу және терроризмге қарсы операцияны жүргізу өте дұрыс және заңды, бұл біздің отандастарымыздың қауіпсіздігі мен өмірін қамтамасыз етуге бағытталған қажетті шара.

Аталған қадамдарды барлық азаматтарымыз – Қазақстан халқы қолдады. Біз Қазақстан Президенті – Ассамблея Төрағасы Қ.К. Тоқаев елдегі жағдайды тұрақтандыру үшін жасап жатқан шараларды толық қолдаймыз. Наразылық акциясына қатысушылардың барлық заңды талаптары Мемлекет басшысымен тыңдалып, қолдау тапты. Сонымен қатар, Президент қалыптасқан жағдайдың салдарын жоюға қатысты жүйелі тапсырмалар, сондай-ақ жалпы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру бойынша бірқатар қосымша тапсырмалар берді.

Біз Президенттің, азаматтардың конституциялық құқықтарының кепілі ретінде, мемлекетіміздің саяси, әлеуметтік және экономикалық құрылымы өзгеріссіз қалатындығы, ал біртұтастық, заң үстемдігі, меншік құқығын құрметтеу және нарықтық экономика сияқты қағидаттар мемлекеттік саясатымызда негізгі басымдық болып қалатындығы туралы сөздерін толықтай қолдаймыз.

Біз Қазақстан азаматтарын Мемлекет басшысын елдегі ахуалды тұрақтандыру жөніндегі жұмысында қолдауға шақырамыз және Қазақстанның даму драйвері ретінде аяқасты наразылықтың энергиясы емес, жасампаздық еңбек, азаматтық парыз бен әрбір азаматымыздың жауапкершілігі болуы тиіс екенін толық жауапкершілікпен мәлімдейміз.

Кейін қарай