Қазақстан халқы Ассамблеясы

31 Наурыз, 2023

278

Қазақстан Республикасының Президенті ең алғашқы достық туралы келісім шартты Ресей елімен жасасқан болатын

Қазақ елі мен Ресей арасындағы байланыс ежелден басталады. Халық тілімен айтқанда, патша заманынан бері қарай қазақ пен орыс көрші болып келеді. 70 жылдай Кеңес одағының құрамында бірге болдық. Ал одан кейін де арамыз ажыраған жоқ. 1991 жылдан бері тәуелсіз ел ретінде байланыс орнаттық.

Түрлі қоғамдық құрылымдар болса да, әр адам көршісімен тату тұрғысы келеді ғой. Халықтар бір-бірімен бейбіт жағдайда араласып тұрды. Бірінде жоғын екіншісінен алды. Қазақтар ауыл шаруашылығы өнімдерін орыстардың құрал-жабдықтарына айырбастады. Өзара сыйлас болған қазақтар мен орыстар туралы мысалдар өте көп. Сондықтан да қазақтар өзіне дос болған орыстарды «тамыр» деп атаған. Яғни, өзінің жақын туысындай санаған.

Қазақстан Республикасының Президенті ең алғашқы достық туралы келісім шартты Ресей елімен жасасқан болатын. 1992 жылдың 25 мамыры күні достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартқа қол қойылды. Бұл - тәуелсіз екі елдің арасындағы дипломатиялық қарым-қаты­нас­тар орнаған тарихи күн. Міне, биыл сол айрықша оқиғаның 20 жылдық мерейтойы кең түрде аталып өтуде.


Терең үңіліп қарасақ, бұл жүріп өткен өзіндік жолы бар тарихи мәні зор кезең. Халқымыз үшін, саяси-экономикалық даму жолына түскен еліміз үшін маңызды қадам болды. 20 жыл ішінде қарым-қатынасты арттыру саласында екі ел тарапынан ауқымды істер атқарылды.

Соңғы жылдары Қазақстан, Ресей және Беларусь елдері бірігіп, Кедендік одақ құрылды.

Тарихи-мәдени байланыс жағынан да, бүгінгі таңда экономикалық тұрғыдан алғанда да Қазақстан үшін Ресейдің орны бөлек. Неге десеңіз, іргелес жатқан елдер болғандықтан, экономикалық даму үрдісі де, қоғамның дамуы да бір-біріне оң ықпал етері сөзсіз. Екі ел арасындағы байланыстың дами түсуі бәрімізге де тиімді болмақ.

Кедендік одаққа, Еуразиялық одаққа бірігудің мәні зор. Бұл жаңа әлемдегі Қазақстан мен Ресей арасындағы үрдіс. Енді Бірыңғай экономикалық кеңістік құрылып жатыр. Тарихи байланыстағы үлкен бір қадам деп айтуға болады. Нарық қоғамында осындай үрдістің арқасында екі ел де өз экономикасын дамыта алады. Жаһандық қаржы дағдарысы есік қағып тұрған заманда бір-бірінсіз тіршілік ету қиынға соғады. Ал бірігіп күш салып, әлемдік нарыққа бейімделсек, қиындықтардан өту әлдеқайда оңай болады және жетістіктермен шығамыз.

Екі елдің халқының достығы мен бірлігін мызғымайтын тұрақтылық белгісі деп айтуға болады. Егерде халықтар арасында бірлік болса, саясатта да, экономика саласында да тұрақтылық сақталады. Сондықтан да мызғымас достықтың маңызы айрықша.


Кейін қарай