Қазақстан халқы Ассамблеясы

22 Қазан, 2020

653

Қазақ тілін үйретудің еріктісі болуға тиіспіз

Менің аты-жөнім – Михуля Юрий. Туғанымнан, ана сүтімен Сарыарқаның самалын, жусанның иісін, қазақ халқының дархандығын бойыма сіңіріп өстім. Ұлтым – орыс.

Менің айтайын дегенім, әрқайсымыздың қасымызда қазақ тілін үйренгісі келетін азаматтар көп. Сондықтан, әрқайсымыз қазақ тілінің еріктісі болсақ, яғни, мемлекеттік тілді үйренгісі келетін адамдарға ерікті түрде көмектессек деймін. Тілге жанашыр болып жүрген өзге ұлт өкілдері баршылық. Олар өз ортасында тілдің қолданылу аясын кеңейтуге атсалысып жүр. Біздің мақсат – сол тәжірибені бір жерге жинап, ұйыстырып, азаматтарға көмектесу. Сол мақсатты жүзеге асыру үшін бізге сөзден іске көшу керек. Әрқайсымыз өз ортамызда тілді үйренуге ниет еткен адамдарға қол ұшын созуымыз қажет. Ерікті түрде шын ниетпен көмектесейік. Әрине біреулер тілді білу міндет дейді. Әлбетте, Қазақстанда тұрып жатқандықтан, мемлекеттік тілді білу міндет, дегенмен, құлықсыздар да баршылық. Тағы бір айтып кететін жағдай, егер біз қазақ тілін үйренгісі келетін адамды көріп, ол адам талпынып жатқанда қате жасап қалса, үстіне күлуге мүлдем болмайды. Керісінше ол адамға көмектесуіміз қажет. Қазақ тілі дамып, өзіне лайықты деңгейде болсын десек, қазақ тілін оқытып жатқандар, үйренгісі келетіндер, қазақ тілін білетіндер, барлығымыз осы мәселеде бірігейік!

Михуля Юрий

Қарағанды облысы «Жаңғыру жолы» РЖҚ аймақтық штабының мүшесі


Кейін қарай