Қазақстан халқы Ассамблеясы

22 Қазан, 2020

596

Қазақтың тілін ғана емес, ұлттық өнерін де дамытқым келеді

Менің атым Денис Яковлев, 1991 жылы, Қостанай облысы, Аманқарағай ауылында туғанмын. Ұлттым – орыс.

Н. Островский атындағы орта мектебін бітірдім. Қазір Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай аймақтық университетінде оқимын.

Мен бала кезімнен ән айтамын. Алғашқы рет үлкен сахнада, қазақ тілінде Батырхан Шүкеновтың «Отан Ана» әнін орындадым. Ол кезде, мен сегізінші сыныпта болатынмын. Бұл облыстық конкурсқа қатысқан кезім еді. Осы әннің арқасында, мен шығармашылық жолымда көптеген белестерге қол жеткіздім. Бұл әнді маған үйреткен, менің ұстазым Серебров Валерий Анатольевич, бүгінгі күнде өкінішке орай арамызда жоқ. Бірақ оның аты әрқашан есімде қалады.

Күнделікті өмірде достарыммен және қызметтестеріммен қазақ тілінде сөйлесуге тырысамын. Ал, қазақша сөйлеуді әскерде үйрендім. Әскери орта маған барынша көмектесті, қарулас достарым жақын тартып, менімен қазақ тілінде сөйлесті. Қазақ тілінде қалай сөйлеп кеткенімді өзім де байқамай қалдым. Бірақ үйренетінім әлі де көп. Ең қызығы, әскерден кейін музыкалық колледжге түскім келген кезде, мен тандаған мамандық бойынша, тек қазақ тобы болды. Сосын – мен нар тәуекел деп көзімді жұмдым да түсіп кеттім.

Тіл үйренгенімнің арқасында, өмірімде көптеген өзгерістер орын алды. Тындаушыларымның аясы кеңейді, достарым көбейді, кез – келген жерде ақпарат пен жаңалықтар қолжетімді болды.

Жалпы кез – келген тілді үйрену үшін, оның ортасына бейімделу керек, адамның жеке ынтасы керек, қиындық болған кезде, кедергіден асып өту – адамның өзінің қолында. Ынта болғанда еш нәрсе кедергі бола алмайды. Ең бастысы мен сөйлеген кезде ұялмай сөйлей беремін. Қателесуім мүмкін, бірақ күннен күнге нәтиже жақсаратынын білемін.

Әскери орта – ерекше орта. Әскери қызмет маған көп достар тауып, талантымды дамытуға көмектесті. Қызмет атқару барасында республикалық әскери әндер конкурсына қатысып, 2-ші орынға ие болдым. Кейін, осы жетістіктер Ұлттық ұлан ән – би ансамбліне қызметке тұруға көмектесті.

Қазір менің репертуарымда көп қазақша әндер бар. Олардың ішінде: халық әндері, авторлық әндер, тағы операдан үзінділер бар

Қазақ әндері менің жаныма өте жақын, әсіресе лирикалық әндер. Оларды орындаған кезде жүрегіме алуан түрлі сезімдер толады. Сол сезімдерді тындаушыларға жеткізуге тырысамын. Жүректен орын тапқан ән – ой толғатып, арман – мақсаттарға жетелейді. Абай атамыз айтпақшы «Құлақтан кіріп бойдалар, әсем әнмен тәтті күй, көңілге түрле ой солар әнді сүйсе менше сүй»-деп.

«Әу» демейтін қазақ жоқ деген сөз бекер айтылмаған. Енді менің мақсаттым – осы ұлттық өнерімізді дәріптеп, қазіргі жастарға насихаттап, дұрыс бағытта көрсетіп, соны жүректеріне жеткізсем деген ниеттемін.

Өйткені қазір шыны керек ұлттық өнерімізді, дәстүрімізді ұмытып бара жатырмыз. Ұлттық өнерімізді, мәдениетімізді ұмытпауымыз керек. Қазақ еліне өзімнің ықпалымды, пайдамды тигізгім келеді. Өйткені осынау қасиетті жерде, өніп, өстім.

Достар , мен өз арманыма қол жеткіздім. Адамның талабы болса – алмайтын қамалы жоқ. Тек қана алға! Сонда ғана жеңіске жетесіздер! Біз, ортақ Отанымыз – Қазақстанды мақтан тұтамыз. Осындай мемлекет, мәңгі жасайды!
Сөзімнің соңында көңілдеріңізді көтеріп, домбырамен бір ән салып берейін.

Денис Яковлев, ҚР Ұлттық гвардиясы ән-би ансамблінің концертмейстері)


Кейін қарай