Қазақстан халқы Ассамблеясы

05 Мамыр, 2021

300

«Бейбіт өмірдің қадірін білеміз»

Қарағанды қаласында Ұлы Отан соғысының ардагері, Соғыс даласындағы ерлігі үшін ІІ дәрежелі орденінің, «Ерлігі үшін» медалінің иегері Бүркіт Есжанов тұрады.


Ол 19 жасында қолына қару алып ұрыс даласына аттанған. Ұшқыштар училищесін аяқтап, әскери әуемеханик деген мамандық алған. Жаяу әскер қатарында жүріп жарақат алып, көпшілікпен бірге майдан госпиталінде емделген соң, міндетіне қайтып оралады. 5-ші атқыштар дивизиясының қатарында жүріп, Екінші дүниежүзілік соғыстың ең күрделісі саналатын - Курск түбіндегі шайқасқа да қатысыпты.

Кейін солтүстік-шығыс Қытай мен Моңғолияны азат етуге қатысып, 1948 жылы елге қайтып, отбасын құрады.

- Бейбіт өмірдің қадірін бір кісідей білемін. Сұм соғыстың бетін аулақ қылсын. Толарсақтан саз кешіп, қаншама азамат отан қоғауда жанын берді. Ел үшін мерт болды. Бүгінгі ұрпақ жеңісті ардақтап, түсінсе екен. Қасым ақын «Сен неткен бақытты едің келер ұрпақ!» - деп жырлағандай, қазір заман тамаша. Тек мақсат қойып, өз өміріңді көркем ет. Елімізде барлық жағдай жасалған», - дейді.

Есімі бүгінде Қарағанды жұртына танымал аңыз адам - Бүркіт Есжанов еңбекқорлығы мен адамгершілігінің арқасында ел құрметіне бөленген жан. Қоғамдық шаралардан қалмай, салауатты өмір салтын да ұстанады. Күмісжан әжеймен бірге отасқандарына 69 жыл болды. Қазір 8 баладан тараған немере, шөберелерінің қызығын көруде.

- Көшеде кезіккен балалар жүгіріп келіп, сәлем беріп жатады. Мұны көргенде жүрегім елжірейді. Ал олардың аналары «баламыз қарияның бастасын алды» деп қуанып жатады», - дейді майдангер.

Кейін қарай