Қазақстан халқы Ассамблеясы

01 Қараша, 2017

1594

«БІЗ БІРГЕМІЗ»

Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы қайырымдылық, қамқорлық пен тәлімгерлікті дамытуға көп көңіл бөлуде. Болашақ жастардың қолында болғандықтан, олардың бойына төзімділік пен патриотизмді, бірлік пен келісімді сіңіру маңызды.

Жер жаһанда тәрбиелеудің ең басты бағыттарының бірі – тәлімгерлік.  Балаларға қоғамдық қатынас пен өмірлік қиындықтарды жеңуге, баланың жетілген әрі жауапты тұлға болып қалыптасуға көмектесу мақсатында Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жастарының бастамасымен «Біз біргеміз» акциясы бастау алды. Акция аясында еліміздің игі жақсылары мен шоу бизнес жұлдыздары, сан түрлі бағытта қызмет ететін тұлғалар өз тәжірибелерінде жетістікке жету құпияларымен бөліседі.

28 қазанда «Таңшолпан» балалар үйінде Олимпиада  чемпионы,  Вэл Баркер кубогінің иегері Серік Сәпиевпен кездесу өтті.

Жылы кездесу балалар үйінің тұрмыс-жайымен танысудан басталды. Мұнда шартты аңықтамалар жоқ, балалар бір-біріне «ағалы-інілі», «апалы-сіңлілі», ал бұл үйдің үлкендері әке мен ана болып келеді. Кез келген қонақжайлы үйдегідей, мұнда да қонақтарды құшақ жая, балалардың орындауындағы ән-күймен қарсы алды.

Балалардың өнеріне тәнті болған Серік Сапиев оларға зор алғысын айтып, мұндай кездесу жүректі жылытып қана қоймай, бастаған іске қанат бітіретінін атап өтті.

«Жастар – еліміздің болашағы. Келешегіміз, жастардың бүгінігі мәселелеріне қаншалықты жауапкершілікпен қарасақ, соншалықты ашық болмақ. Бұл эстафета балаларға өз сөзін, ойын айтуға мүмкіндік беріп отыр. Әрине, әрбір жас өз кумирімен кездесуді армандайды. Акция аясында облысымыздың ғана емес, еліміздің танымал тұлғалары балалармен кездесіп,  жастарға жетістікке жетудің мүмкіндіктерімен бөліспек. Олимпиада  чемпионы, велошабандоз, Александр Винокуров, олимпиаданың күміс жүлдегері Василий Левит пен шоумен Әнуар Нұрпейісовпен кездесулер ұйымдастыру жоспарымызда бар»,- дейді облыстық ҚХА жастарының Үйлестіру кеңесінің төрағасы Александр Урмашов.

Кездесу барысында Серік Сәпиев балалардың сұрақтарына ашық әрі бұрмалаусыз жауап беріп, соңында әрбіріне естелікке автограф сыйлады.

Дата события ассамблеи: 01.11.2017

Кейін қарай