Қазақстан халқы Ассамблеясы

27 Сәуір, 2021

463

Біздің күшіміз – бірлігімізде

Татулықты тіршілігіміздің тірегіне айналдыра білгендіктен болар, көпұлтты мемлекетімізде достық пен бірлік жылжыған жылдармен бірге нығая түсуде. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігін төрткүл дүниеге паш еткенде оны әлем халықтары жақсы қабылдап, санасып қана қоймай, барлық сала бойынша біте қайнасып, тығыз қарым-қатынас орнатуға ұмтылғаны анық.


Елбасы сарабдал саясаткерлігі мен көрегендігін сол бір шақта таныта білді. Сөйтіп, елімізде халықаралық қатынастың өзіндік моделі қалыптасты. Бұл саяси тұрақтылықты іс жүзінде бекітіп, нығайтқанын уақыт көрсетіп отыр. 130 этнос өкілі тұратын мемлекетте әуелгі кезекте ынтымақ орнады. Мұндайда қазақ «Ырыс алды – ынтымақ» деген екен. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев дәстүрлі жолдауларында санамызға сіңірген ұлтаралық келісімді, татулықты сақтауды өзіміз ғана ойлап қоймай, соңымыздан ілескен жастарға да үнемі айтып, іске асыруға тырысып жүрміз.

Шыны керек, біздің жүрегімізде 1 Мамыр – халықаралық ынтымақ күні ерекше орын алады. Бала күнімізден осы күнді асыға күтетін едік. Жалпыхалықтық мерекеге айналған осы мейрам санамызға бірлікті, ынтымақты, достықты сіңірді. Енді, міне, бұл күнді заман талабына сай етіп, Қазақстан халқының бірлігі күні деп жаңаша атап жүрміз. Бұл да тәуелсіз ел үшін аса қажет мереке екені анық. Сондықтан да болар, «Біздің байлығымыз – әр ұлттан болғандығымыз болса, күшіміз – бірлігімізде» деген сөз дәл тауып айтылған.

Жылдар бойы әр түрлі этностардың қатар өмір сүруі біртұтас мемлекеттігімізді одан ары дамытты және оған бөтен қылықтар жат. Қазақстанның мәдени мұрасына біздің елімізде тұратын әр этнос жауапкершілікпен қарайды. Кез-келген, тіпті ең кіші ұлттық топтың мүдделерін, ұлттық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын шынайы құрметтеу әділетті халықаралық бейбітшіліктің негізі болып табылады. Міне, Қазақстан осындай ел.

Әр ұлттың өз тілі мен мәдениеті бар. Тілі бөлек елдің дүниеге деген көзқарасы, сенімі бөлек болады. Әлемде орын алып жатқан түрлі келеңсіздіктердің дені – осындай түсінбестіктен туындаған жағдайлар. Қазіргі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы - мемлекеттің этностық саясатын қоғамдық келісім саясаты деңгейіне көтерген бүкілхалықтық институтқа айналды.

28 сәуір күні Елбасы бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясы өткелі отыр. Бұл сессияда алдағы уақытқа жоспар қойылып, этносаралық татулықты сақтау бағытында ғана емес, қоғамдағы келеңсіздіктерді жою, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді сақтау бағытында жұмыс істеу тәртібі айтылатын болады. Барша Қазақстандықтарды келісім мен бейбітшіліктің, татулық пен ынтымақтастықтың айшықты мерекесі Бірлік күнімен құттықтаймын!

Виталий Хмелевский,

Қарағанды облыстық «Полония» поляк қоғамының төрағасы


Кейін қарай