Қазақстан халқы Ассамблеясы

25 Ақпан, 2023

253

Депортация құрбандарын еске алды

24 ақпанда Қызылорданың Достық үйінде облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ қолдауымен «Вайнах» облыстық шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен шешендер мен ингуштардың жер аударылуының 79 жылдығына арналған еске алу және қайғы-қасірет күні өтті.

Іс-шараға «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов, мекеме қызметкерлері және облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктері мен құрылымдарының өкілдері қатысты. Іс-шара депортация құрбандарын еске алу үшін бір минут үнсіздік жариялаудан басталды.

Шешендер мен ингуштарды депортациялау 1944 жылы 23 ақпанда басталды. Қазақстанға келген Кавказдың жер аударылған халықтары тек қазақ халқының бауырластық көмегінің арқасында ғана аман қалды. Олар ынтымақтастықта өмір сүріп қана қоймай, тілі мен мәдениетін де сақтап қалды, мұнда өздері және ұрпақтары үшін екінші Отанын тауып, қазіргі қазақстандық қоғамда лайықты орын алды.


Депортация кезеңін бастан өткерген әр отбасында сол жылдардағы қиыншылықтарды жеңе білудің және жергілікті тұрғындардан өзара көмек пен қолдауға ие болудың өзіндік тарихы бар. Іс-шара барысында шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің ақсақалдары мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері өз естеліктерімен бөлісіп, қонақжай қазақ халқына ыстық ықыластарын білдіре отырып, зор алғыс айтты.

Сондай-ақ, бүгін шешен этномәдени бірлестігінің өкілдері әлеуметтік аз қамтылған Қызылорда тұрғындарына құрбандыққа шалынған етті таратып берді.


Кейін қарай