Қазақстан халқы Ассамблеясы

08 Шілде, 2021

324

Елордадағы Достық үйіне Өзбекстан елінің делегациясы келді

Нұр-Сұлтан қаласындағы Достық үйіне Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі Мехриддин Хайриддинов бастаған делегация келді.


Делегация Достық үйінде орналасқан елорда этномәдени бірлестіктерінің жұмыс кабинетін аралап, олардың атқаратын қызметтерімен танысты. Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі Мехриддин Хайриддинов бастаған делагация құрамында Өзбекстан Республикасы Жұмыспен қамту және еңбек қатынастары министрінің бірінші орынбасары Эркин Мухитдинов, Өзбекстан Республикасы Министрлер кабинетінің қызметкері Отабек Ботиржонов, Өзбекстан Республикасы Жұмыспен қамту және еңбек қатынастары министрлігі жанындағы сыртқы еңбек көші-қон агенттігі халықаралық ынтымақтастық басқармасының бастығы Равшан Атабаев, ҚР-дағы Өзбекстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Саидикром Ниязходжаев, Өзбекстан Республикасы Елшілігінің көші-қон мәселелері бойынша хатшысы Фарход Махмуджанов, Қазақстандағы Өзбекстан Республикасы Елшілігінің консулы Дилшод Хакимов бар.

Нұр-Сұлтан қаласы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Л.С. Құсайынова елордалық Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы жайында мәлімет берді.

- Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің бірегей институты ретінде құрылған болатын. Сонымен бірге, мемлекет тарапынан Қазақстанда тұратын әрбір ұлттың ана тілі, тарихы мен мәдениеті, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының дамуына тиісінше қамқорлық жасалып келеді. Мұндай игі қамқорлық бәріне бірдей тең жасалған деп сеніммен айта аламыз. Соның айқын дәлеліндей, бір ғана мысалды атап өтер болсам, ұлы ғұлама Әлішер Науаидің өмір жолы мен шығармашылығына арналған әдеби-мәдени кештерді жыл сайын өткізіп келеміз. Мұнан өзге, елордада әрбір этностың ана тілін дамытуға арналған жексенбілік мектептері бар,-деді Л. С. Құсайынова.


Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі Мехриддин Акмалович Хайриддинов елорда этномәдени бірлестіктері өкілдерімен кездесу барысында Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында зор табыстарға қол жеткізгенін, осы істерді ұтымды ұйымдастырып, оның іске асырылуына аянбай жұмыс жасап келе жатқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі ұшан-теңіз екенін атап өтті. Сондай-ақ ол биыл Өзбекстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы атап өтілетінін және Президент сайлауы өткізілетінін мәлімдеді.

Өз кезегінде сөз алған Өзбекстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі С. П. Ниязходжаев екі елдің достығы мен ынтымағын, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық байланыстарын нығайтуға айтарлықтай үлестерін қосып келе жатқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа шынайы алғысын білдірді.

Кездесу барысында Нұр-Сұлтан қаласы өзбек этномәдени орталығының төрағасы Ш.А. Пулатов, Нұр-Сұлтан қаласы “Жайхун” қарақалпақ этномәдени орталығының белсендісі А.Ш. Хангельдина және тағы басқалары сөз алып, өздерінің атқарған жұмыстары туралы мәлімдеді.

Кейін қарай