Қазақстан халқы Ассамблеясы

07 Ақпан, 2020

1831

Елордалық ҚХА Қоғамдық келісім кеңесі мен Қоғамдық кеңес ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Елордадағы Достық үйінде «Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық келісім кеңестері мен қоғамдық кеңестердің өзара әрекеттістігі» тақырыбында Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық келісім кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.


Жиында Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова күн тәртібіндегі мәселенің маңызын ашып, атқарылған жұмыстарға тоқталды.


«2019 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесі 120-дан аса іс-шара өткізді. Мәселен, Қазақстан халқы Ассамблеясы «Қайырымдылық керуені» жобасы аясында 150-ге жуық шара ұйымдастырылды. Бұқаралық ақпарат құралдарында 2500-ден астам материалдар жарық көрді.


2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА-сының қоғамдық келісім кеңесі 15 іс-шара ұйымдастырса, Тұрғындардың 10 мәселесі мен проблемалары шешімін тапқан. Мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарына 5 ұсыным жіберілген», - деді Л. Құсайынова.


Өз кезегінде Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Әміржан Әлпейісов Кеңестің атқарған жұмыстарына тоқталды.


«Бастысы, кеңестің қамтитын жұмысының бағыты сан қырлы. Олардың қатарында жұмыссыздықты реттеу, ардагерлермен жұмыс, сондай-ақ кәсіподақтар мен саяси ұйымдарға қатысты мәселелер де бар. Бұл ретте біз тұрғындармен етене араласып, олардың проблемаларын шешуге атсалысамыз. Соның бір айқын дәлелі – Көктал шағын ауданындағы тұрғындар мәселесі. Ол депутаттар назарына ұсынылып, тиянақты дәрежеде шешімін тапты», - деді ол.


Жиында Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық кеңестің хатшысы Мұхтар Еркетаев бюджеттік бағдарлама жөнінде, ал Сарыарқа ауданы әкімі аппаратының жергілікті өзін-өзі басқарудың сұрақтарын үйлестіру бөлімінің басшысы Қуандық Ержанов «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын, «Nur Otan» партиясы филиалы төрағасының орынбасары Владислав Сергеев партияның қоғамдық бақылауы қызметі туралы айтып берді.


Жиын қорытындысы бойынша Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА қоғамдық келісім кеңесі мен Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық кеңесі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.


Кейін қарай