Қазақстан халқы Ассамблеясы

24 Қыркүйек, 2020

653

Израиль Елшісі Ақтөбедегі Достық үйінде болды

Ақтөбе қаласына жұмыс сапарымен келген Израиль мемлекетінің ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі Лиат Вексельман Достық үйіне келіп, облыстағы «Шалом» еврейлер этномәдение бірлестік өкілдерімен кездесті.

Облыстағы этномәдени бірлестік өкілдерінің алтын ұясына айналған Достық үйіне келген Елшіні өңірлік ҚХА хатшылығының меңгерушісі Маржан Қорғанбаева мен «Қоғамдық келісім» КММ директоры Нұрхан Ағниязов қарсы алды.


Одан әрі хатшылық меңгерушісі Лиат ханымды ҚХА ғимаратымен таныстырып, ақтөбелік этнос өкілдерінің облыстың қоғамдық-саяси дамуына қосқан үлестерін тілге тиек етті. Кездесу барысында Лиат Вексельманға шаһардағы «Шалом» еврейлер ЭМБ-нің төрағасы Полина Савицкая өз этносының жұмыстарын көрсетіп, этномәдени бірлестік өкілдерімен таныстырды.


- «Біздің «Шалом» ЭМБ пандемия кезінде көптеген қайырымдылық шаралар мен акцияларға белсене қатысты. ЭМБ құрамындағы кәсіпкерлер әрдайым игі істің басынан табылады. Олардың демеушілігімен карантин кезінде 500-ден астам медициналық маска тігіліп, тұрғындарға тегін таратылды. Сонау қиын замандарда біздің ұлтымызды жатсынбай, бауырына басқан қазақ халқына мәңгілік қарыздармыз. Бүгінде Тәуелсіз елімізде 100-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері бақытты күн кешуде. Бұл қазақ халқының бірлік пен татулықты әрқашан бәрінен биік қоятындығының дәлелі», - деді Полина Савицкая.


Кездесу соңында Лиат Вексельман алғысын білдіріп, Достық үйіне арнайы Израильде жасалған көп реттік медициналық маскалар мен еврей тіліндегі кітапты сыйға тартты.

- «Байқағаным, Достық үйінде әрбір этномәдени бірлестіктің жұмысын жүргізуге, шығармашылығын дамытуға жақсы жағдай жасалған. Сондықтан еңбектеріңізге табыс тілеймін. Өздеріңіз білетіндей, өткен жұмада еврей халқының Жаңа жылы мерекесі басталған болатын. Барлықтарыңызды құттықтаймын. Екі ел арасындағы серіктестігіміз бен достығымыз арта берсін!», - деген тілегін жеткізді Елші.

Айта кетейік, қазіргі таңда Ақтөбе облысының аумағында 500ге жуық еврей ұлтының өкілдері мекендейді. Өңірдегі «Шалом» еврей этномәдени бірлестігі 1995 жылдан бері жұмыс жасап келеді.

Кейін қарай