Қазақстан халқы Ассамблеясы

26 Наурыз, 2021

5575

Көкшетауда қазақ ұлттық киімдерінің көрсетілімі болды

Ақмола облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру шеңберінде «Қоғамдық келісім» КММ Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Этноfashion» ұлттық киім үлгілерінің көрсетілімін өткізді.

Іс-шараның мақсаты – қазақтың ұлттық киімін насихаттау. Байқау төрт кезеңнен тұрды. Бірінші күні сахнаға Ақкөл, Жарқайың, Жақсы және Ерейментау аудандарынан келген қатысушылар әйелдер мен ерлердің ұлттық киімдерін ұсынды.

Әр аудан ұлттық нақыштағы киімдердің үш нұсқасын көрсетті. Әрбір қатысушы «Қоғамдық келісім» КММ атынан диплом, бағалы сыйлықтармен марапатталды. «Этноfashion» көрсетілімінің бірінші кезеңі мерекелік концертпен аяқталды.


Араға біршама күн салып, «Этноfashion» көрсетілімінің екінші кезеңі өтті. Қазылар алқасының қарауына қатысушылар авторлық коллекция заттарын да әкелді. Құрамында кәсіби сәнгерлер де бар қазылар алқасы, әр композицияның орындалуының күрделілігін атап өтсе, олардың ерекше пішімі, геометриялық ою-өрнектің ерекшелігі, ұсынылған костюмдердің түстік полихромиясы бойынша сыннан өткізіп, өз бағаларын берді.

Екінші кезеңнің қорытындысы бойынша бірінші орынды Атбасар және Зеренді аудандарының командалары өзара бөлісті. Барлық қатысушылар дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.


Байқаудың үшінші кезеңіне Көкшетау қаласы, Бұланды, Бурабай, Шортанды және Біржан сал аудандарының командалары қатысты.

Қазылар алқасы атап өткендей, байқауға қатысушылар ұлттық киім көрсетілімінде бірін-бірі қайталамай, түрлі стильді таныстырды.

Үшінші күннің қорытындысы бойынша Гран-при жүлдесі Бурабай ауданының командасына бұйырды. Ал бірінші, екінші және үшінші орындарды Шортанды, Бұланды аудандарының, Көкшетау қаласының командалары иеленді. Барлық қатысушыларға диплом мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.


Байқаудың төртінші кезеңіне Астрахан, Аршалы, Целиноград және Қорғалжын аудандарының өкілдері қатысты.

Қазылар алқасы бірінші орынды Қорғалжын және Целиноград аудандарының командаларына берсе, екінші және үшінші орындарды Астрахан және Аршалы аудандарының өкілдері иеленді.

Кейін қарай