Қазақстан халқы Ассамблеясы

29 Қараша, 2021

273

Көкшетауда орыс, славян және казак әндерінің дәстүрлі республикалық фестивалі ұйымдастырылды

Көкшетау қаласының «Қоғамдық келісім» КММ қабырғасында «Ән – халықтың жаны» атты орыс, славян және казак әндерінің дәстүрлі республикалық фестивалі өтті. Ұйымдастырушы «Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ Ақмола облыстық филиалы.

Фестивальге «Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдарының қауымдастығы» облыстық филиалының және Теміртау, Шымкент, Щучинск және Көкшетау қалаларынан келген «Дала өлкесі казактарының одағы» РҚБ казак қоғамдық ұйымдарының шығармашылық ұжымдары қатысты. Қатысушыларды ОСКҰҚ облыстық филиалының төрағасы Осиненко Геннадий Вениаминович және «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Раисов Айдын Мақсұтұлы қарсы алып, құттықтау сөз сөйледі.


Байқау ережесіне сәйкес қазылар алқасы қатысушылардың өнерін келесі номинациялар бойынша бағалады: мемлекеттік тілдегі ән, ансамбльдер, дуэттер мен солистердің өнері. Қатысушылардың орындауында қазақ, орыс, украин және татар тілдерінде әндер шырқалды.

Орыс композиторы Брусиловскийдің музыкасына жазылған «Шолпан» ескі қазақ әнін Щучинск қаласынан келген Марина Кузнецова мен Нина Максимец орындаса, «Дала өлкесі казактарының одағы» РҚБ Теміртау филиалының вокал тобының солисті Светлана Березина «Өмірге ғашықпын» әнін шабытпен шырқады, көрермендер Көкшетау қаласының тұрғындары Татьяна Кулыгина мен Нина Иванованың орындауындағы «Сыған серенадасы» және «Арыс жағасында» қазақ халық әндерін де ыстық ықыласпен қарсы алды.


Фестиваль көптеген жаңа есімдерді ашты, олардың ішінде Щучинск қаласынан келген «Балагуры» жас ұжымы көрермендерді таң қалдырса, жоғары кәсіби деңгейде халық орыс және татар әндерін орындаған Теміртаудан келген әйелдер вокалдық тобы да көрермен көңілінен шықты.

Жеңімпаздар мен қатысушылар «Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдарының қауымдастығы» Ақмола филиалының дипломдары және сыйлықтармен марапатталды. Фестиваль лауреаттарына ұйымдастырушылар бес бұрышты жұлдыз түрінде жасалған арнайы сыйлықтарды табыс етті.

Кейін қарай