Қазақстан халқы Ассамблеясы

10 Ақпан, 2023

212

Көршіге ізет – өзімізге құрмет

Бүгінде жүргізген нәтижелі саясаттың арқасында Қазақстанның көрші елдермен территориялық талас-тартысы жоқ. Қытай, Ресей сынды алпауыт мемлекеттермен көрші орналасқан еліміз өз кезегінде шекараға қатысты барлық мәселені тәуелсіздік алған жылдары тыңғылықты шешіп алды. Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан сынды қоңсы мемлекеттермен де жерге қатысты күрделі шатысымыз болған емес.

Халқымызда «Көрші ақысы – Тәңір ақысы», «Туыс – атадан, көрші – Алладан» дейтін нақыл сөздер бекер айтылмағаны анық. Біз көрші елдермен тату тұруымыз керек. Геосаясат аумалы-төкпелі болып тұрған тұста бұл мәселенің өзекті екенін көріп отырмыз.

Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы геосаяси жəне геостратегиялық қарым-қатынастар тең құқықты, достық қатынастар негізінде қалыптасуда. Іс жүзінде бұрынғы кеңестік кеңістіктегі барлық елдерге, оның ішінде Қазақстанға да Ресей басты əріптестердің бірі болып қала береді. Ресей – бұрынғы кеңестік кеңістіктегі мемлекеттердің ішіндегі аумақты жəне қуатты державаның бірі. Сондықтан да Еуразия кеңістігінде тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтауда Ресейдің де үлесі едəуір салмақты. Қазақстан Республикасы тəуелсіздігін жариялаған жылдардан бастап өзінің сыртқы саяси стратегиясында Ресей Федерациясымен қарым- қатынастарды басымды бағыт деп жариялады. Ресей Федерациясы Қазақстанмен барлық салаларда, атап айтқанда, саяси, экономикалық, əскери-техникалық жəне гуманитарлық салаларда өзара əрекеттестікті белсенді жүргізуге мүдделі болып отыр.

Қазақстанның да сыртқы саясатының басты бағыттарының бipi Ресеймен қарым-қатынас болып табылады. Бұл мемлекетпен біздің ел көп жылдар бойы тығыз қарым-қатынаста болып келеді. Өзара бөлісіп жатқан мемлекеттік шекараның ұзындығының өзі 7591 шақырымға созылып жатыр. Мемлекетаралық достастық екі бipдeй президенттің және екі ел халқының өзара тығыз байланысы арқасында дамып отыр. Қазақстан мен Ресей арасында отын-энергетикалық кешен, көлік және коммуникация, қорғаныс өнеркәсібі caлалары бойынша байланыс орныққан. Қазақстан-Ресей қарым-қатынасының біртұтас спектрі көптеген екі жақты құжаттар және келісімдермен реттелуде. Екі жақты қарым-қатынаспен қоса екі бipдeй мемлекет аймақтағы әскери-саяси және экономикалық сипаттағы көптеген аймақтық ұйымдар шеңберінде өзара белсенді әрекеттесуде. Сөз тиегі болып отырған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Еуразиялық Экономикалық Қауымдастығы, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы және Ұжымдық қауіпсіздік туралы келісім Ұйымдары.

Көршілеріміздің көршілерімен арасындағы ахуал ушығып тұрған сәтте әрқайсымыз әлеуметтік желіде ойымызға келген дүниені оңды-солды жаза бермегеніміз жөн. Журналистер мен саясаттанушылар жазсын, талдасын. Жас буынды әлеуметтік желінің ықпалымен азғыру, көршілес елдердің азаматтарын бір-біріне айдап салу сынды қауіп-қатерден сақтауымыз қажет.

Қысқа қайырғанда айтарым, құдай қосқан көршілерімізбен тату-тәтті тұрып, күрделі мәселелерді талдап-сараптауды, лайықты пікір айтуды кәсіби мамандарға қалдырғанымыз дұрыс.

Шымкент қаласы «Ынтымақ»

этносаралық қоғамдық бірлестігінің

төрайымы Төлепова Гаухар Уәліханқызы

Кейін қарай