Қазақстан халқы Ассамблеясы

25 Желтоқсан, 2020

847

ҚХА мүшелері Парламент Мәжілісінің сайлауына қатысты пікір білдірді

Ағымдағы жылдың 11 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысы өтті.


Онлайн форматта өткен кеңеске Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және облыс әкімдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, ҚХА Кеңесінің мүшелері қатысты.

Өз кезегінде Қырымбек Елеуұлы этностар арасындағы өзара әрекеттестіктің жаңа алаңдарын қалыптастыру, этникалық негіздегі кез келген жанжалды бейтараптандыру маңызды екенін атап өтті.

«Бүгін біз жаңа VII шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар ұсынып отырмыз. Мемлекет басшысы Ассамблеяның XXVIII сессиясын шақыру туралы өкімге қол қойды, онда 9 депутат сайланады. Бұл сайлау алдағы жылдардағы этносаралық қатынастар саласында саясаттың тиімділігін арттыруы тиіс», - деді ол.

Азаматтар үшін ең маңыздысы – әл-ауқаттың артуы. Республикамыздың экономикалық жетістіктерін әр қазақстандық сезінуі тиіс. Осындай ауыр жүкті арқалау - қажырлы еңбекті талап етеді. Сайлауға ҚХА тарапынан қатысатын депутаттар өз елі алдындағы міндеттерді ұмытпай, еліміздегі шешілмей жатқан мәселелердің түйінін тауып, қоғамның дамуына өз үлесін қосады деген үміттеміз!

Ибрагим Зуфаров,

Жамбыл облыстық «Ахыска» түрік

этномәдени бірлестігінің мүшесі,


11 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысы еліміздегі татулық пен достықтың нығаюына одан әрі жол ашатын маңызды іс шара болды. Елбасы, Тұңғыш Президентіміз, ҚХА Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың бейбітшілік пен келісім саясатын жүзеге асыру мәселелері, сондай-ақ еліміздің Тәуелсіздігін нығайтудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі маңызды деп санаймын.

Қазіргі таңда Еліміз күн санап жаңа дауірге қадам басып, өсіп өркендеп келеді. Осыған орай ұлтаралық қарым-қатынастарды одан әрі дамытуда басты нақты бес қадамын ерекше атап көрсетті. Соның ішінде өзгеше тоқталған жағдай ерекше мәртебеге ие Қазақ тіліне тереңірек мән берілгендігі мені өте қатты қуантты.

Атап айтатын болсақ:

Біріншіден, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы Ұлттық жаңғырудың өзегіне айналуы тиіс деді.

Екіншіден, Ұлттық жаңғырудың басында мемлекеттік тіл мәселесі тұруы қажет екенін көрсетті.

Қазақ тілі – әлемдегі ең жылдам дамып келе жатқан тілдердің бірі. Лексикалық және әлеуметтік базасын кеңейтіп, жаңа қаріптік кескінге көшу керектігін атап өтті. Біз бұрынғыдай қазақ тілін сақтау қажеттігі туралы мәселе көтермейміз. Қазақ тілі – елімізде ұлтаралық қарым-қатынас тіліне және біріктіруші факторға айналуы үшін барлық жағдай жасалғанын баяндады.

Үшіншіден. Қазақ халқының мемлекетқұрушы субъект ретіндегі мәртебесін түсінуді нақты айқындап, Қазақ халқы басқа этностар үшін интеграцияның табиғи орталығына, ұлттың өзегіне айналуы керек. Сонымен қатар барлық этностар Қазақстанның болашағы үшін жауапкершілікті бөліседі. Бұл барлық сындарға жауап берудің және Тәуелсіздіктің 29 жылында қол жеткізген жетістіктерді дамытудың жалғыз жолы.

Төртіншіден. Ескірген көзқарастарды сақтай отырып, ұлттың модернизациялануы мүмкін емес. Пандемия жауапкершілік пен тәртіптің жоқтығын, кәсіби құзыреттіліктің, салауатты өмір салтының маңыздылығын көрсетті.

Бірақ, ең маңыздысы, еңбек – бұл ақша табудың міндеті емес, ең ұлы игілік, өзін-өзі толық тану, әлеуметтік қарым-қатынас және қоғамды мойындату мүмкіндігі екендігі белгілі болды. Ассамблеяның міндеті – еңбек, жауапкершілік, білім және кәсіби құндылықтарды белсенді насихаттау қажет екеніне ерекше тоқталды.

Бесіншіден. Биылғы оқиғалар COVID-19 аясында өрбіген инфодемия немесе этносаралық қатынастар тақырыбындағы жалған жаңалықтар болсын, халықтың дезинформацияға деген осалдығының жоғары деңгейін көрсетті. Бұл манипуляцияны алыс мақсаттар үшін мүмкін етеді және біздің міндетіміз – бұқаралық санада деструктивті өшпенділікке қарсы мәдени және ділдік қалқан құру» деді.

Қорыта айтқанда «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, жоғарыда атап көрсетілген нақты қадамдарға қолдау білдіріп қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын болсақ, Еліміз дамыған жарқын болашақта өмір сүретінімізге кәміл сенемін.

Е. Баетов,

Түркістан облысы ҚХА жынынан құрылған

«Жаңғыру жолы» РЖҚ жетекшісі


ҚР Конституциялық заңының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» 87 бабы және ҚР Заңының «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» 10 бабына сәйкес, ҚХА Кеңесі Ассамблеядан сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына 9 үміткерді ұсынды.

Осы таңдау арқылы біз еліміздегі этносаралық қатынасты, қоғамдағы тұрақытылқты тағы бір мәрте нығайтамыз деп сенемін. ҚХА мүшелері соңғы кезде елімізде орын алған қиын жағдайда да жұмылып, жұдырық болып ұлты мен дініне қарамастан, нағыз еліміздің патриоттары екенін көрсетті. Бүгінде этностар 29 жыл ішінде мемлекетіміздің тәуелсіздік жолында жеткен жетістіктеріне өз үлестерін қосып, қай салада болсын жемісті еңбек етіп келеді және қасиетті тәуелсіздікті қадірлейді. Мемлекеттік тіл мәртебесі, қайырымдылық, ұлт болып ұйысу, бірлік біздің басты қағидаттарымыз!

Юрий Михуля,

Қарағанды облысы ҚХА

«Жаңғыру жолы» РЖҚ мүшесі


Өзіміз үлгі тұтқан өркениетті әлемде сайлау маңызды да жауапкершілігі зор шара болып табылады. Әсіресе мемлекет үшін қызметке маңызды тұлғаларды таңдағанда әлеумет онымен өзінің һәм ұрпағының тағдырын, елінің қауіпсіз әрі жарқын болашағын байланыстырады. Сол себепті, осы жоғары мансап үшін бәсеке жарысқа ең мықты деген, парасаты мол, халықтың сеніміне лайық тұлғалар түседі. Өз кезегінде Қазақстан халқы Ассамблеясының қатарындағы әрбір үміткерді мұқият зерттеп, кандидаттардан өзін мазалаған сұрақтарына тұщымды жауап ала алатынымызға көз жеткізуге болады.

Өйткені, қазіргі таңда Ассамблея этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырушы маңызды құралға айналып, елімізде тұрмыс кешіп отырған барлық этностардың өзара тең құқықты қатынасын қамтамасыз етуші рөлге ие бірден-бір ұйым.

Гулизар Надирова,

Күрді этномәдени бірлестігі

төрағасының орынбасары


2020 жылғы 11 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың қатысуымен өткен Ассамблея отырсының сайлауалды бағдарламаларымен толық таныспын.

Алқалы кеңеске Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және облыстар әкімдері – ҚХА төрағалары, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, ҚХА Кеңесінің мүшелері қатысқанынан да хабардармын. Елбасы, ҚХА Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың бейбітшілік пен келісім саясатын жүзеге асыру мәселелері, сондай-ақ еліміздің Тәуелсіздігін нығайтудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі қарастырылды. Этносаралық қарым-қатынас саласында жаңа инклюзивті саясатқа сұраныс бары баса айтылды. Ассамблея Төрағасы алдағы уақытта қоғамның бірігу үдерістерін тереңдетуге бағытталған шараларды әзірлеу маңызды екенін де тапсырды.

Бірлік пен келісімнің әлеуметтік капиталын нығайту, этностар арасындағы өзара әрекеттестіктің жаңа алаңдарын қалыптастыру, этникалық мәселені саясиландыруға жол бермеу, этникалық негіздегі кез келген жанжалды бейтараптандыру маңызды екенін де көріп отырмыз. Осыған қатысты жалпы азаматтық, саясаттан тыс және жалпыхалықтық институт ретінде құрылымдық және сапалық тұрғыдан Ассамблея жұмысын қайта жаңғыртуда. Ең бастысы қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі басымдық берілетін бағыттары айқындалды. Тың жағдайларды ескере отырып, бірқатар жаңа жобалар енгізілді, оны тәжірибелік тұрғыдан толық қамту және тереңдету бойынша арнайы Жол картасы әзірленгені де белгілі.

Дәстүрлі қалыптан шығып, жаңа жолдар қарастыру мәселелері бойынша мемлекеттік тіл мәселесі алдыңғы шепте тұрды. Өз басым Қазақ тілін – әлемдегі ең жылдам дамып келе жатқан тілдердің бірі деп санаймын. Лексикалық және әлеуметтік базасы кеңейіп, жаңа қаріптік кескінге көшу алдында. 80% түлектер қазақ тілінде БҰТ тапсырады, ал Абай тілінде сөйлейтін басқа этнос өкілдері де өздерін «Абай 175» челленджі бойынша танытты. Бұрынғыдай қазақ тілін сақтау қажеттігі туралы мәселені емес, ендігіде Қазақ тілі – елімізде ұлтаралық қарым-қатынас тіліне және біріктіруші факторға айналуы үшін барлық жағдайды жасауымыз керек.

Отырыс соңында ҚР Конституциялық заңының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» 87 бабы және ҚР Заңының «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» 10 бабына сәйкес, ҚХА Кеңесі Ассамблеядан сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына Ассамблеядан сайланатын 9 үміткерді ұсынды. Олардың ішінде өз дүнген ұлтымнан - Жамбыл облысы Қордай аудандық Сартөбе ауылдық округінің әкімі Буларов Ильяс Юсупович те қатыспақшы. Депутаттыққа үміткер ер-азаматтардың барлығы да дерлік қазақ елі, қазақстандықтар үшін аянбай еңбек етіп жүрген жандар.

«Бізді қасиетті жеріміздегі ортақ құндылықтар біріктіреді: бейбітшілік, игілік, өркендеу, әділдік және баршаға ортақ тең мүмкіндіктер» - деп, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, әрбір қазақстандық сайлауға деген жақсы көзқарасымен, нық сенімімен қатысады деген ойдамын. Себебі, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның жеткен жетістігін, Елбасының салған сара жолын әрі жалғастыру үшін сабақтастық қажет. Біз – Қазақстанның біртұтас халқымыз. Мызғымас бірлігіміз бар. Мұның бәрі Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен тәуелсіздік жылдары қол жеткізген құндылықтарымыз бен табыстарымыз. Сондықтан да, мен өз дауысымды лайықты азаматтарға беремін!

Нұралиева Динара Хатамқызы,

«Жамбыл облыстық «Вынхуа» дүнгендер

ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі


2020 жылғы 11 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысы өткен отырыста «Қазақстанның этникалық және мәдени алуан түрлілігін – бәсекелестік артықшылыққа және елдің тәуелсіздігі мен дамуын нығайтуға арналған құралға» трансформациялау қажеттілігі белгіленді.

Бірлік пен келісімнің әлеуметтік капиталын нығайту, этностар арасындағы өзара әрекеттестіктің жаңа алаңдарын қалыптастыру, этникалық мәселені саясиландыруға жол бермеу, этникалық негіздегі кез келген жанжалды бейтараптандыру маңызды екенін көріп отырмыз. Бұл – барлық билік институттары мен азаматтық қоғамның мәселесі.

Биыл қысқа мерзімде еліміздегі этносаралық процестерді басқаруға қатысты әдістемелерді ауыстыруға бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылды.

Сайлауалды жиында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының Ұлттық жаңғырудың өзегіне айналуы, мемлекеттік тіл мәселесі, еңбек, жауапкершілік, білім және кәсіби құндылықтарды белсенді насихаттау, бұқаралық санада деструктивті өшпенділікке қарсы мәдени және ділдік қалқан құру сияқты тың, келелі мәселелерді іске асыру көзделген болатын.

Өзім де ардагер ретінде аудандағы ізгілікті істердің басы-қасында жүріп талай игіліктің куәсі болдым. Бүкіл әлемді дерт жайлаған биылғы ауыр жылдың өзінде біз осындай құндылықтарымызды ұмытпай, аудан аумағында өткізілген ізгі іс-шаралардың нәтиже бергеніне қуанамын. Мәселен, 30-ға жуық түрлі этнос өкілдері тұратын ауданымызда ағымдағы жылдың желтоқсан айында әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, көпбалалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету, қолдау білдіру мақсатында түрлі қайырымдылық акциялары ұйымдастырылды. «Бірлік пен келісім» тақырыбында онлайн сабақтар, «Біз біргеміз!» телемарафоны, өзге ұлт өкілдері шоғырланған ауылдық округтерде қаншама кеңейтілген көшпелі отырыстар өткізілді. Мұның барлығы - татулық пен бірліктің арқасы.

Міне, аркез тағатсыздана күтетін Сайлау да келіп жетті. Ел игілігіне қарай ұйымдастырылатын сайлау қарсаңында барлық ұлт пен ұлыс өкілдерін, барша қазақстандықтарды әділ сайлауға қатысуға шақырамын!

ҚР Конституциялық заңының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» 87 бабы және ҚР Заңының «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» 10 бабына сәйкес, ҚХА Кеңесі Ассамблеядан сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына Ассамблеядан сайланатын 9 үміткерді ұсынылыпты. Біздің облысымыздан Буларов Ильяс Юсупович – Жамбыл облысы Қордай ауданы Сартөбе ауылдық округінің әкімі үміткер. Осы 9 үміткердің де жолдары болсын! Бәрі де жерлесіміз батыр Бауыржан айтқандай «ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгіне», жұлқына қызмет етіп жүрген азаматтар.

Ең бастысы – ел татулығына іріткі салар жел сөздерге ермей, сенбей, арандатудан аулақ боп, сайлауға бір адамдай қатыссақ, барлық Қазақстан іс-шараларына бірдей атсалыссақ, елдігіміз де, егемендігіміз де өміршең болмақ.

Бақыт Сырлыбаев,

Жамбыл облысы

Жамбыл аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы

2020 жылдың 11 желтоқсанында ҚР Мемлекеттік хатшысы Қ.Көшербаевтың төралығымен Қазақстанхалқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысы өтті. Кеңесте көтерілген мәселелер бүгінде қоғам үшін маңызды болып отыр. Әрине атқарылған жұмыстар туралы ҚХА Төрағасы Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде «Ширек ғасырда Ассамблея консультативтік-кеңесші органнан парламентте өкілдігі бар жалпыұлттық институтқа айналды. Ол азаматтық қоғамға тән әмбебап құрылымның озық үлгісін көрсете білді. Достық, бейбітшілік, тыныштық пен сенім қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналуына маңызды үлес қосты» деген болатын. Әрине бүгінде өңірлердегі, атап айтқанда Жамбыл облысының Талас ауданының этномәдени бірлестіктері халық арасында қоғамдық бірлік пен бірегейлікті қалыптастыруда еңбегі зор болып отыр. Бірлік пен келісімнің қазақстандық моделінің интеграциялық әлеуетін тиімді әрі белсенді түрде жүзеге асыруда. Қазақстанның этностық және мәдени әралуандығын бәсекелік артықшылыққа және елді дамытудың, тәуелсіздікті нығайтудың тиімді тетігіне айналдыру жұмысынтоқтап қалмай, татулық, келісім мен бірлік мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты болып қала береді. Бұл – этносаралық қатынастар саласындағы мызғымас ұстаным Ассамблея барлығы сенім білдіретін жалпы азаматтық, саясаттан тыс және жалпыхалықтық институт ретінде құрылымдық және сапалық тұрғыдан жұмысын қайта бастап жатқанда таластықтарда бұл жұмысқа белсенді түрде атсалысады деп сенім білдіремін.

Тапаев Берік,

Жамбыл облысы ішкі саясат басқармасының

«Қоғамдық келісім» КММ-нің

Талас ауданы бойынша филиалының маманы


Тұңғыш Президент – Елбасы, ҚХА Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың бейбітшілік пен келісім саясатын жүзеге асыру мәселелері, еліміздің Тәуелсіздігін нығайтудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі 2020 жылғы 11 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысында қарастырылған болатын.

Өз сөзінде Мемлекеттік хатшы «Бүгін этносаралық қарым-қатынастарды дамытудың жаңа кезеңінің уақыты келді»-деген. Сондай-ақ, 11 қарашада өткен Ассамблея Кеңесінде Елбасы этносаралық қарым-қатынас саласында жаңа инклюзивті саясатқа сұраныс барын баса айтты. Ассамблея Төрағасы алдағы уақытта қоғамның бірігу үдерістерін тереңдетуге бағытталған шараларды әзірлеу маңызды екенін тапсырды. Бұған қоса, «Қазақстанның этникалық және мәдени алуан түрлілігін –бәсекелестік артықшылыққа және елдің тәуелсіздігі мен дамуын нығайтуға арналған құралға» трансформациялау қажеттілігі белгіленді.

Бірлік пен келісімнің әлеуметтік капиталын нығайту, этностар арасындағы өзара әрекеттестіктің жаңа алаңдарын қалыптастыру, этникалық мәселені саясиландыруға жол бермеу, этникалық негіздегі кез келген жанжалды бейтараптандыру маңызды екенін көріп отырмыз. Бұл – барлық билік институттары мен азаматтық қоғамның мәселесі. Осыған орай, ҚР Конституциялық заңының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» 87 бабы және ҚР Заңының «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» 10 бабына сәйкес, ҚХА Кеңесі Ассамблеядан сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына Ассамблеядан сайланатын 9 үміткердің бірі боп Қордай ауданы Сартөбе аулының әкімі Буларов Ильяс Юсупович енді.

Небір қилы кезеңді, тар заман мен зар заманды бастан өткерген халықпыз. Бауырмалдығымыз бен қонақжайлығымыздың жөні бір бөлек. Жатты жатырқамайтынымыз, бауырмашылдығымыз сол, тағдыр тауқыметін тартып, қазақтың кең даласына күштеп жер аударылған талай халықты құшақ жая қарсы алдық. Паналаттық, үзім нанды бөліп жедік.

Енді міне, сол халықтармен бірге бір шаңырақ астында достық шыраймен, бауырлық пейілмен жарастықта тұрмыс кешіп жатырмыз. Бар қиындықтан бірлік пен ынтымақтың арқасында өтуге серттескенбіз. Осынау сайлау қарсаңында Қазақ елін және барша этнос өкілдерін бәрімізге тиесілі ортақ міндетімізді бірге көтеріп, бүгінде ұлттық тұтастығымызды қадірлеп, әлем алдында беделді мемлекет атағымызды қадірлейік отыра, алдағы сайлауға аянбай атсалысайық демекпін. Халық жағдайына жасалған міндеттерге сеніп, алдағы сайлаудан үлкен үміт күтейік, отандастар!

Бірлік пен келісім құндылықтарын сақтап, бейбіт өмірде елімізді өркендетуге күш салайық!

Алпысбай Жұмаханов,

Жамбыл ауданы Қоғамдық кеңесінің төрағасы



Еліміздегі ұлттар достығы, біртұтастығымыз бүгінде көп елге үлгі. Бірлік пен келісімнің әлеуметтік капиталын нығайту, этностар арасындағы өзара әрекеттестіктің жаңа алаңдарын қалыптастыру, өзара татулық пен ымыра бірлік қаншалықты маңызды екенін жақсы білеміз. ҚР Конституциялық заңына сәйкес ҚХА Кеңесі Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына Ассамблеядан сайланатын 9 үміткерді ұсынды. Болашақта осы үміткерлер Қазақстанның этникалық және мәдени алуан түрлілігін – бәсекелестік артықшылыққа және елдің тәуелсіздігі мен дамуын нығайтуға арналған құралға айналдырады деп сенемін. Бейбітшілік пен келісім саясатын жүзеге асыру мәселелерін шешуде, сондай-ақ еліміздің тәуелсіздігін нығайтудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі ерекше. Себебі көпұлтты мемлекет ол кемшілік емес, артықшылығымыз және ерекшелігіміз.

Карина Марченко,

Қарағанды облысы бойынша

ҚХА «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшесі


Сайлауда дауыс беру менің Қазақстан Республикасының азаматшасы ретінде міндетім деп санаймын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлау жайлы үндеуінде барлық деңгейдегі Мәжіліс және Мәслихат депутаттарының сайлауы тағайындалғаны да айтылған.

«Алдағы сайлау конституциялық мерзімге сәйкес, 2021 жылдың 10 қаңтарында өтеді. Барлық саяси партиялардың бұл сайлау науқанына қатысуға дайындалуына, сайлау алдындағы платформасын әзірлеуіне, партиялық инфрақұрылымдарды жетілдіруіне уақыты жеткілікті болды» делінген сайлау туралы жарлықта. Менін ойымша әрбір Қазақстан Республикасының азаматы ретінде алдағы уақытта өтетін сайлауда дауыс беруі керек және саулаудың әділ өтетініне сенемін.

Алеханова Мухаббат,

Жамбыл ауданы әкімдігінің телеарна тілшісі,

ұйғыр ұлтының өкілі


2021 жылдың 10 қаңтарында елімізде Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауы өтеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті Жарлыққа қол қойды. Қазақстан халқы Ассамблеясынан депутаттар сайлауы келесі күні – 11 қаңтарда өтеді. Орталық сайлау комиссиясына саулайға дайындық және оны өткізу шараларын ұйымдастыру жүктелді. Мемлекет басшысы жариялаған үндеуінде барлық саяси партиялардың сайлау науқанына дайындалуы керектігін айтып, жаңа сайлау науқанына дейін саяси жаңғыру, көп-партиялықты дамыту және еліміздің қоғамдық-саяси өміріне азаматтардың қатысу аясын кеңейту жөнінде шаралар қабылданғанын жеткізді.

Жалпы, Парламент жұмысына өзгерістер енгізіледі. «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заңға және «Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы» заңға түзетулер енгізу арқылы парламенттік оппозиция институтын құру мәселесін қарастыратын және оның қызметін регламенттейтін өзгерістер мен толықтырулар жасалды. Мемлекет басшысы барлық азаматтарды белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырды.

Жапаров Рахымбек,

Жамбыл облыстық Жамбыл ауданы

Қазақстан халқы ссамблеясының мүшесі


2021 жылы 10 қаңтарда өтетін Мәжіліс сайлауы соңғы 16 жылда бірінші рет мерзімінен бұрын емес, ағымдағы шақырылым депутаттарының өкілеттігі аяқталғанға дейін 2 ай бұрын, конституциялық мерзімінде өтеді.

Тұңғыш рет әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота енгізілді. Мысалы, қазір еліміз бойынша 3 мыңнан астам мәслихат депутатының 60-ы ғана жастар. Үшіншіден, 10 қаңтарда мәслихаттарға да сайлау өтеді және олар алғаш рет партиялық тізім бойынша жасақталады. «Бұл партиялардың өз позицияларын елдің саяси жүйесінде нығайтуға қосымша мүмкіндік береді», - деді мемлекет басшысы Қ.Тоқаев.

Менің ойымша болашақ депутаттардың орташа жасы айтарлықтай жасарады деп есептеймін, экономикалық дағдарыс пен пандемия кезінде конструктивті жұмыс істейтін Парламент керек, демократия маңызды құрал, алайда елдің тұтастығы одан да құнды, одан да маңызды деген сенімдемін.

Асан Әділет,

Жамбыл ауданы «Қоғамдық келісім» КММ

кеңесінің хатшысы

***

Ел бірлігі мен тұтастығы жолында Қазақстан халқы Ассамблеясының алатын орны ерекше. Себебі елдегі өзге ұлт өкілдерінің бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, жалпыға бірдей білім алып, бәсекеге қабілетті болу мемлекеттің алдыға қарай өркендеуіне септігін тигізері сөзсіз. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары қатарында Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерінің болуы елдегі саяси тұрақтылықтың орнығуы жолындағы тиімді шешім.

Асқар Бақтияр,

«Жастар ресурстық орталығы» КММ директорының орынбасары

Қазақстан Республикасының Қазақстан Халықтық Кеңесінің отырысы Мемлекет хатшысы Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен 2020 жылдың 11 желтоқсаныңда болып өтті. Отырыс барысында мемлекет хатшысы ұлт аралық қатынасты нығайту жөнінде қабылданған шешімдер жөнінде айтып өтті. Қазақ тілінің ұлт аралық қатынасты нығайту жөніндегі рөлін, 2020 жылдың 10 қаңтарында өтетің сайлауға Ассамблея мүшелерінен 9 адам депутаттыққа түсетіні жайында айтып өтті. Әрине бір мемлекет болғаннан кейін бір атаның баласындай тату тұрғанымыз абзал.

Татулыққа, бірлікке қазақ елі де, Қазақстанда тұратын басқа ұлттар да қарсы емес екенің, өзге ұлт өкілдері бір бірімен, қазақ елімен тығыз қарым-қатынаста, етене жақын, ажырамастай араласып жатқаның, бір-біріне деген достық көңілдеріне бәріміз куәгерміз. Адам болғаннан кейін адамдар арасында қақтығыстар болып тұрады. Екі адамдық қақтығыс ішінде біреуі өзге ұлт болып қалуы мүмкін. Кеңес отырысында осындай қолайсыз жағдайларды ұлт аралық келіспеушілікке айналдырмау жөнінде де айтылды. Алдағы сайлау әділетті түрде өтеді деп толық сенім білдіремін.

Бергенбай Ербол,

«Жастар ресурстық орталығы» КММ инспекторы

***

Биыл бірегей институт — Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толғаны баршамызға мәлім. Осы ширек ғасыр бойы елдегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтау - оның басты миссиясы болып қала береді, және де ең маңызды жетістіктердің бірі – ҚХА-нан Парламент Мәжілісіне депутаттарды таңдау! Бұл барлық этностардың мүдделерін нығайтуға ғана емес, сонымен қатар тілдерді оқыту, медиация, қайырымдылық институтын дамытуға, сондай-ақ еліміздің этномәдени бірлестіктерін аккредиттеуге бағытталған іс-шараларын жүзеге асыруға зор мүмкіндігі бар екенін білдіреді.

Біз ҚХА депутаттығына үміткерлерді шын жүректен қолдаймыз және осы қиын салада табыс тілейміз! Ассамблеяның депутаттық тобының міндеттерін ойдағыдай атқаруына сенімдіміз!

Эркинбек Алипсатаров,

Қостанай облысы «Асаба» қырғыз ЭМБ төрағасы

***

Барлығымызға, келер жылы 10 қаңтарда Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардың сайлауы өтетіні мәлім. Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланатын депутаттық мандатқа сайлау 11 қаңтарға тағайындалды.

Парламент Мәжілісіне Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған 9 депутат еліміздің барлық этностары атынан өкілдік етеді. Бұл Ассамблеяның басты ерекшеліктерінің бірі болып табылады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің құрылған кезінен бастап орасан біріктірушілік және зияткерлік әлеует жинақтап, халықтық дипломатия институты үлгісіне айналды десек артық айтпас едік.

Елімізде құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы өзге елдерге, мемлекеттерге үлгі көрсетіп қана қоймай, бірліктің қазақстандық бірегей үлгісін қалыптастыруда. Ассамблея мүшелері қашан да Қазақ елінің ынтымағы мен бірлігін жақтап келеді. Алғашқы референдумнан бастап, осы күнге дейін Ассамблея осы өмірлік мәселелердің бел ортасынан табылды. Достыққа - дәнекер, ұлағатты істерге - ұйытқы болып келеді.

Гүлжамиля Сүндетбаева,

Қостанай облысы ҚХА «Ұлы дала ұрпақтары Қостанай» ҚБ

төрағасының орынбасары

***

Баршаңызға белгілі, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесі конституциялық құқықтарын пайдалана отырып, Ассамблеяның 9 кандидатын ел Парламенті Мәжілісінің депутаттығына ұсынған болатын.

Осы орайда, Павлодар облыстық ассамблеясы өз әріптестеріне барынша қолдау білдіреді. Республикалық ҚХА Кеңесі ұсынған депутаттыққа үміткерлер елімізге еңбегі сіңген, өңірлерде қоғамдық жұмыстарда шыңдалған, азаматтық көзқарастары берік азаматтар деп білеміз.

Ассамблеяның маңызды бағыттарын бетке ұстап, елдегі ауызбіршілік, ұлттардың татулығы, сонымен қатар қарапайым азаматтардың әл-ауқатын жақсарту мәселелері әрқашан да күн тәртібінде болады деп сенеміз.

Қазақстан халқы болашағына нық сеніммен қарап, келешектен үлкен үміт күтеді. Алайда өңірлерде әлі де шешілмеген мәселелер баршылық. Мысалы, жастарды жұмыспен қамту, тұрғын-үй мәселесі, экологиялық хал-ахуал сияқты мәселелерді атап өткен жөн.

Ассамблея қоғамдық институт ретінде елімізде болып жатқан саяси-қоғамдық науқандардан шет қалған емес. Осы жолды да Павлодарлық Ассамблея мүшелері бір кісідей дауыс беріп, өздерінің азаматтық белсенділіктерін көрсететіні анық.

Барлық үміткерлерге сәттілік тілейміз!

Павлодар облысы ҚХА белсенді мүшелері

***

2020 жылдың 11 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысы өткен болатын. Күн тәртібінде Тұңғыш Президент – Елбасы, ҚХА Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың бейбітшілік пен келісім саясатын жүзеге асыру мәселелері, сондай-ақ еліміздің Тәуелсіздігін нығайтудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі қарастырылды.

Мемлекеттік хатшы кеңесті қорытындылай келе жаңа VII шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаттығына 9 кандидатты ұсынды. Кандидаттар әр түрлі этнос өкілдері, жеке кәсіпкерлер, этномәдени қоғамдық бірлестік төрағалары. Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлестерін қосып жүрген азаматтар.

2021 жылғы 11 қаңтарда Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында 9 Мәжіліс депутатын сайлау төртінші рет өтеді. Дауыс беруге қатысқан Ассамблея мүшелерінің 50 пайыздан жоғары дауысын жинаған кандидаттар сайланды деп саналады. Кандидаттар мәжіліс депуттаттығына әбден лайықты. Халықтың сенімінен шығатын азаматтар екеніне сенім білдіреміз.

Хурсанд Низамов,

Кентау қалалық өзбек этномәдени бірлестігі

төрағасының орынбасары

Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесі ұсынған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткерлер

1. АБДРАХМАНОВ Сауытбек Абдрахманұлы – ҚР Парламент Мәжілісінің VІ шақырылымының Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаты, ҚХА мүшесі.

2.АМИРХАНЯН Аветик Рубенович – Батыс Қазақстан облысы мәслихатының депутаты, Батыс Қазақстан облыстық «Масис» армян этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ҚХА мүшесі.

3.БУЛАРОВ Ильяс Юсупович – Жамбыл облысы Қордай ауданы Сартөбе ауылдық округінің әкімі.

4.ДЕМЕНТЬЕВА Наталья Григорьевна – «Көкшетау гуманитарлық-техникалық лицей-мектебі» КММ директоры.

5.ЛИ Юрий Виссарионович – «Қазақстанның ұлттық коллекторлар палатасы» ЗТБ төрағасы, ҚХА Кәсіпкерлер Қауымдастығының мүшесі.

6. НАБИЕВ Вакиль Гусейнович – «Барбанг» күрдтер қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің вице-президенті, ҚХА мүшесі.

7. ОСИН Шамиль Абзалетдинович – «Қазақстандық татар және башқұрттар конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, ҚХА мүшесі.

8. ТОХТАСУНОВ Владимир Имтахунович – ««ЖетысуОблГаз» ЖШС Бас директоры.

9. ХАМЕДОВ Абилфас Муслимович – «Әзербайжандықтар қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ҚХА мүшесі.


Еске сала кетсек, 2021 жылғы 11 қаңтарда Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында 9 Мәжіліс депутатын сайлау төртінші рет өтеді. 2020 жылғы 10 желтоқсанда Мемлекет басшысы ҚХА сессиясын шақыру туралы тиісті қаулыға қол қойды. Сессия және дауыс беруді өткізу орны ретінде Бейбітшілік және Келісім сарайы белгіленді. Егер Ассамблея мүшелерінің жартысынан көбі қатысса, сессия шешімі қабылданды деп саналады. Бүгінгі күні Қазақстан халқы Ассамблеясының 504 мүшесі бар. Әр сайлаушы – Ассамблея мүшесі – жеке дауыс береді. Дауыс беруге қатысқан Ассамблея мүшелерінің 50 пайыздан жоғары дауысын жинаған кандидаттар сайланды деп саналады.

Кейін қарай