Қазақстан халқы Ассамблеясы

10 Тамыз, 2020

2280

ҚХА мүшелері «Абай рухани реформатор» мақаласына пікір білдірді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Абай – рухани реформатор» мақаласы қоғам белсенділерінің арасында қызу талқылануда. Мақаланың елдің рухани дамуында алар маңызы туралы ҚХА мүшелері өз пікірлерін білдіреді.

Абай – өткен мен бүгінді жалғаған ақын

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» аттымақаласы тек қазақстандықтар арасында ғана емес дүние жүзі елдеріндегі ғылыми орталарда кеңінен талқыға түскені, мемлекеттік деңгейде Абай Құнанбайұлының тағылымын насихаттау мен қоғам игілігі үшін пайдаға асырылуы көңілімізге қуаныш сезімін ұялатты. «Абай – рухани реформатор» мақаласы бұған дейін жарияланған мақаланың жалғасы болып, онда қысқа уақыт ішінде атқарылған жұмыстардың бір сыпырасы айтылыпты. Атқарылған жұмыстар қатарындағы оныншы тамызды «Абай күні» деп белгіленуі тарихи оқиға деп білемін

Ұлы Абайдың мұрасын насихаттау арқылы бүгінгі таңда қоғамымыз үшін өзекті болып отырған «кемшіліктерімізден» арылар едік. Абайды тану арқылы оның өмір сүрген ортасын, қазақ халқының ішкі дүниесін, қоғамдық құрылымын тануға мүмкіндік аламыз. Сол арқылы қоғамды кемел болашаққа бастауға болады.

Бүгінгі таңда да өзге халықтар қазақтың жан дүниесін Абай арқылы танып келуде. Қазақ-өзбек достығы туралы сөз қозғалса алдымен Науаи мен Абай айтылады. Кез келген өзбек ұлтының өкілінен сұраңыз, орыстан Пушкинді, қазақтан Абайды танийды. Өз Абайы ретінде құрметтейді.Өзбекстандағы ҚазақстанРеспубликасының елшіханасына Абай даңғылы арқылы барылады. Көшенің басында Хәкім Абайдың еңселі ескерткіші қойылған. Ескерткіш артында елшілік ғимараты орналасқан. Тәшкенттегі осы көрініс «Қазақстанды, қазақты Абай арқылы таны» деген рәміз беретіндей.

Абай Құнанбайұлының айтқандарын ұғынған сайын оның даралығын мойындап, «Әлемнің Абайы» екенін түсінесің. ХІХ ғасырда тұрып бүгінгі күндегі қазақстандық қоғамның ынтымағын ойлаған тұлғаға құрметіміз күн санап артады.

Алишер Сатвалдиев

Түркістан облысы ҚХА жанындағы

Журналистер мен блогерлер клубының төрағасы.

Облыстық «Жанубий Қозоғистан» газетінің бас редакторы

Ұлы ақын Абайға және оның қазыналы мұрасына құрметпен қарайық

ХХІ ғасырда жалпы интеграциялау және жаҺандану үрдісінде әр ұлттың рухы мен санасы тарих таразында тұр. Ағымдағы 2020 жылы Қазақстан ұлы ақын, дана ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын атап жатыр. Қиын кезеңге қарамастан Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев және Үкімет тарапынан қолдау көрсетіп, Абай мұрасы мен идеяларын бүгінде кеңінен насихаттап, іс-шаралар өткізіп жатыр. Бұл әрине қуантарлық жағдай. Өйткені бұл іс-шаралар Абай мұрасын зерделейтін ғалымдар мен зерттеушілерге тың серпіліс беріп, Абай әлеміне жаңа көзқарастар ашты. Бүгін 10 тамыз, Абайдың туған күніне тұспа-тұс Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абайдың туған күніне арналған кезекті үндеуі жарияланды. Мемлекет Басшысы тереңінен Абай әлемі мен өнегелі өмірі, Абай еңбектері және оның ХХІ ғасырдағы мұрасы жайында жік-жіктеп, барлығын жан-жақты сипаттады. Абайдың асыл мұрасына байланысты қандай жұмыс жасалғаны туралы баяндады. Ол Абай еңбектері әлемнің он тіліне аударылып, барлық кітапханалар мен мәдени орталықтарға жіберілгенін, ақынның қазыналы еңбектері халықаралық ғылыми айналымға еніп келе жатқанын айтты. Бұл шынымен де елеулі еңбек деп білемін. Келесі Қасым-Жомарт Кемелұлы Абайдың ХХІ ғасырға жеткен білім мен тәрбие, кәсіп пен ынтымақ мәселелері бойынша өзекті қағидаттарын келтірді, "Абайтану" курсын оқытуға және оқулығын шығаруға қажеттілігін білдірді. Осылайша қазақтың данасы Абайдың өзекті идеялары мен мұрасын кеңінен зерттеп-зерделеп, біліп-тануға бар жағдай жасалып, мүмкіндіктер кеңейіп отыр. Ұлы Абайдың 175 жылдығына сай жасалған нық қадамдар өзінің жалғасын табады дегеніне кәміл сенемін. Абай арқылы қазақ мәдениеті барша әлемге танытуға да жол ашық. Сондықтан барша қазақ халқы ұлттың рухани реформаторы мен данышпан ойшылы Абайды танып-біліп, оқып-жаттап, тәрбие-өнеге алып, оның идеялары мен ұстанымдары негізінде кемел келешекке ақырын жүріп, анық басуға шақырамыз. Барша қазақстандықтарға ұлы Абайдың мерейтойы құтты болсын! Әрқашанда, қандай жағдай болса да, ұлы ақын Абайға және оның қазыналы мұрасына құрметпен қарайық.

Аслан Абуталибов, Ақмола облысы Қазақстан халқы ассамблеясы

жанындағы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының төрағасы

Әрбір қазақ Абаймен мақтануы тиіс

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай рухани реформатор» тақырыбындағы мақаласын оқып шығып, ұлы Абайдың баға жетпес мұрасын ұрпақ санасына тереңінен жеткізу, біртуар перзентімізді бүкіл әлемге таныту бағытында атқарылып жатқан шаралардың көлемдігіне қуанып отырмын. Тамыз айының 10 жұлдызын «Абай күні» деп белгіленуі қандастарымызға ерекше қуаныш сыйлағаны ақиқат.

Мемлекет басшысы бүгінге дейін атқарылған және алдағы кезеңге жоспарланған шараларға кеңінен тоқталып, мақаласының соңында «Түптеп келгенде, әрбір қазақ Абаймен мақтануға тиіс! Халқымыздың ұлы перзентінің торқалы тойы құтты болсын!» дейді.

Менің ойымша әр қазақ баласы, әр қазақстандықтар жас мөлшерлеріне қарамастан Ұлы тұлғамыздың еңбектерін оқуға, тереңінен зерделеп, түсінуге талпынулары қажет. Өз заманында халқымыздың ерекшеліктерін, кемшілік тұстарын жете түсінген данышпанымыздың ой-толғамдары бүгінде де маңызын жоғалтпағаны айдан анық. Алдағы кезеңде мемлекетіміздің дамуы жолына А.Құнанбаевтың тұрғындарды ауызбіршілікке, өнерді, ғылымды игеруге шақырған тұжырымдары негіз болатыны сөзсіз деген ойдамын.

Қайрат Қазияқпаров,

«Зерделі Зеренді» газетінің редакторы

ҚХАА жанындағы журналистер клубының мүшесі

Абай шығармалары жасасын

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 10 тамыз ұлтымыздың ұлы ақыны, ойшыл тұлғасы Абай күні деп жариялады. Ұлт руханиятының темір қазығына айналған Абайдың 175 жылдығы аясында "Абай күні" деген атаулы датаның белгіленуі біз үшін қуанышты жаңалық болды. "Өзі өлсе де, өлмейтұғын артында сөз қалдырған" Абай шығармалары жасасын! Ақынның баға жетпес мұрасын ұғындыру және дәріптеу - азаматтық парызымыз деп білем.

Нұрқанова Гульбара,

Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы жанындағы

сәндік-қолданбалы өнер шеберлер одағының мүшесі

Ұлы ақынның мұрасы ұлықталуда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Абай – рухани реформатор» атты мақаласын оқып шықтым. Шыныменен, күллі қазақ жұрты, тіпті күллі адамзат баласының ұлы Абайдың асыл мұрасынан алары зор. Өз мақаласында Президентіміз ақын мұраларының маңыздылығын, өзектілігін заманауи жаһандық талаптар тұрғысында және нақты мысалдар негізінде түсіндіреді. Және оның сөздерімен ұлы ойшылдың шығармашылығымен таныс әрбір қазақстандық азамат келіседі деп ойлаймын. Абай қазақ халқының даналығын, көпжылғы көркемсөз өнерін қағазға түсіріп, әлемге танытқан біртуар тұлға. Оның шығармаларын дәріптеу, әлем жұртшылығына насихаттау біздің басты мақсатымыз болуы тиіс. Ол өз халқын әрдайым білімді болуға, адал және талапты еңбек етуге, иман мен арды сақтауға, әділ шешім қабылдап, саналы өмір сүруге шақырудан шаршаған емес. Оның өмір жолы мен шығармалары жас ұрпақтың тұлғалық қасиеттерін жетілдіруде, оларды ойы ұшқыр, ұлты мен туған жерін сүйетін патриот азамат ретінде тәрбиелеуде орны ерек деп білемін. 10 тамыз Абай күні болып бекітілді. Бұл біздің елдің рухани көкжиегіндегі тұғыры биік мейрамдардың қатарында боларына өз басым кәміл сенемін. Абайды жылына бір рет емес, күніне жүз рет оқып, сөздерінен үлгі алып, оның адами қағидаттары негізінде өмір сүрсек еліміздің болашағы жарқын, мақсаттары әрдайым айқын болары даусыз. Осы үлкен мейраммен барша отандастарымызды құттықтаймын.

Буковадзе Диас,

Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының

жанындағы мемлекеттік тілді насихаттау және дамыту

орталығының мүшесі

Абайдың шығармалары жан-дүниеңді байыта түседі

Мемлекет басшысының Абай мұрасын насихаттауға мемлекет тарапынан зор көңіл бөлініп жатқанын аңғарып, шын жүректен риза болдым.

Шынымен де, Абай халқымызға бұрынғыдан бетер қажет. Мұны Президентіміз: «Қазіргі Қазақстан қоға­мын Абайдың рухани ұстанымына сай дамыту аса маңызды» деп, мақалада өте орынды айтып өтті. Абайдың 175 жылдығы той тойлау үшін емес, тұғырлы тұлғаның туын­ды­ларынан терең тәлім алуымыз үшін қажет. Абай­дың рухына тағзым ету – оның қағи­датын ұстану, аманатына адал болу.

Абай шығармалары оқыған жанды жалықтырмайды, бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіріп, рухани жан-дүниесін байыта түседі. Ақ пен қара, жақсылық пен жамандық күреске түскен бүгінгі заманда шыншылдықты, туралықты кімнен іздеймін деп таба алмай жүрген жандарға Абайды оқыңдар деп кеңес берер едім. Абайдың қара сөздерінде, жырларында адами қасиет, еңбек, сүйіспеншілік, әділдік турасындағы барлық сұрақтың жауабы бар.

Мақалада Президентіміз Абай айтқан бес асыл істің бүгінгі қоғам үшін маңыздығын жіктеп көрсеткен екен. Ол – білім игеру, тәрбие мәселесі, жаңа кәсіп игеру, ынтымақ мәселесі. Шынымен де, біз бү­кіл әлемді ақыл-ой мен парасатты пайым арқылы ғана мойындата аламыз. За­ман талабына сай білім алу интел­лек­туалды ұлт қалыптастыруға жол ашады. Өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт берген жөн. Ақынның «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» деген өсиетін әрдайым санаға сіңіру қажет.

– Ақын әр қазақ өз ісінің шебері болса деп ар­­ман­дады. Әсіресе бәсекелестікке толы ал­мағайып заманда мұның мәні зор. Абай: «Мал керек болса, қол­өнер үй­ренбек керек. Мал жұтай­ды, өнер жұта­майды» дейді. Біз ең­бекке, жаңа өнер иге­руге деген көзқа­расымызды түбе­гейлі өзгертуге тиіспіз. Байлықтың да, бақыттың да кілті – өзің сүйген кәсіпте. Абай әрдайым қоғамның береке-бірлі­гін арттыруға ден қойды. Ол «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің – бәрі бос» деп, елді татулыққа шақырды. Біз аса күрделі кезеңді бастан өткеру­деміз. Осындай сәтте бір-бірімізге қол ұшын беріп, өзара мәміле мен ынты­мағымызды арттыра түсу аса маңызды, – деді Президентіміз «Абай – рухани реформатор» атты мақаласында.

Венера Талғатқызы,

облыстық «Арқа ажары» газетінің тілшісі,

ҚХАА жанындағы журналистер клубының мүшесі

Кейін қарай