Қазақстан халқы Ассамблеясы

11 Қараша, 2020

1565

ҚХА төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа орынбасарларын таныстырды

Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің отырысында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы, ҚХА төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа орынбасарларын таныстырды.

«ҚХА кеңесінің отырысы қарсаңында Мемлекет басшысының өкімімен Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасының орынбасары лауазымына Алматы облысы бойынша Ұйғыр мәдени орталығының төрағасы Зәкіржан Кузиев пен «Kazakh TV» арнасының бас директоры Майя Бекбаева тағайындалды. Барлығымыз екеуін де жақсы білеміз», - деді өз сөзінде Елбасы.

Сол сияқты, ҚР Тұңғыш Президенті бұған дейін орынбасары болған ҚХА мүшесі, «Вайнах» шешен-ингуш мәдени орталығының мүшесі, кәсіби медиатор Юсуп Келигов пен ҚХА мүшесі, Нұр-Сұлтан қаласының «Өзбек этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шерзод Пулатовқа жемісті жұмыстары үшін разылығын білдірді.


З.П.Кузиев 1969 жылы 30 қаңтарда Алматы қаласында туған. Кәсіби-техникалық училищені бітірген.

1987 жылы 16 кәсіптік-техникалық училищесін «құрылыс-паркетші» мамандығы бойынша бітірді. 1988-1990 жылдары Кеңес Әскері қатарында мерзімді әскери қызметін атқарды. Еңбек жолын 1990 жылы «Ремстройтехника» өндірістік бірлестігінде 5 разрядты ағаш шебері-станокшы ретінде бастады. 1991-1992 жылдары «Четыре и К» шағын өндірістік коммерциялық кәсіпорнының шеф-монтаж бөлімінде нұсқаушы. 1992-1993 жылдары «Единство» Шағын мемлекеттік кәсіпорнының директор орынбасары. 1993-1996 жылдары «Назигум» шағын жеке кәсіпорнының директоры, 1996-1999 жылдары «Универсал» АҚ Президенті. 1999-2005 жылдары «Универсал» ЖАҚ директоры, бас директоры, «Бент-Анак» БК бас директоры. 2005-2008 жылдары «Жаркент Крахмал-сірне зауыты» ЖШС-ның бас директоры, 2008-2010 жылдары «Универсал» ЖШС –ның Президенті, бас директорының кеңесшісі болған. 2016 жылы «Жаркент Крахмал-сірне зауыты» ЖШС-ның директор кеңесі басқармасының, «Универсал»ЖШС-ның төрағасы. «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Зияткерлік меншігі болып табылатын 25 астам өнертабыс зерттемелерінің авторы. «Қазақстан ұйғырлары республикалық мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің Алматы облыстық филиалының төрағасы. Қазақ және орыс тілдерінде еркін сөйлейді.


Майя Бекбаева 1979 жылы 12 ақпанда Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «халықаралық журналистика» факультетінде оқып, үздік бітірген. Қаршадай 12 жасында «Пульс времени» газетінде тілші болып еңбек жолын бастаған. Телевидениеге 2000 жылы журналист болып келген ол Алматыдағы «Шахар» арнасына бас редактор болып тағайындалады. 2005 жылы алматылық «Таң» арнасында тілші, кейін бас редактор болды. 2009 жылы «Қазақстан» ТРК-сына жұмысқа орналасты. Ал 2012 жылы «7 Арна» ұжымының мүшесі атанды. 2016 жылы тележүргізуші «Хабар» Агенттігінің телеарналарында бірқатар бағдарлама жүргізе бастады. Майя Бекбаева тұрмыста, екі баласы бар. Ал 2019 жылдың сәуір айында Майя «Kazakh TV» арнасына директор болып тағайындалды.


Кейін қарай