Қазақстан халқы Ассамблеясы

12 Мамыр, 2021

462

ҚХА Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов Қазақстандағы Түркия және Тәжікстан елшілерімен кездесті

Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов Қазақстан Республикасындағы Түркияның Төтенше және өкілетті елшісі Уфук Экиджимен және Тәжікстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Хайрулло Ибодзодамен кездесті.


Алдымен Уфук Экиджимен әңгіме өрбіткен ҚХА Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынасқа 29 жылдан бері сызат түспегенін айта келе, бұдан әрі де тығыз жұмыс жасауға әзір екенін жеткізді.

- Біз Қазақстанға тек бауырлас, туысқан ел ретінде қараймыз. Қазақстанның әлеуметтік, экономикалық салада дамуы біз үшін өте маңызды. Көз тимесін деп айта кетейін, сіздердегі ұлт, ұлыстардың арасындағы татулық бізді шынымен тәнті етеді. Әрі қарай да сіздердің қарыштап, дами беретіндеріңізге сенімдімін. Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымы бізді қатты қызықтырады. Себебі, біздің елде қаншама ұлт тұрып жатса да, мұндай ұйым жоқ. Бұл елдегі тыныштықты сақтауға, бірлікті нығайтуға көп ықпал етеді, - деді Уфук Экиджи.


Тәжікстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Хайрулло Ибодзода Марат Алмасұлын жаңа қызметімен құттықтай келе, екі елдің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың жоғары деңгейде екенін айтып өтіп, өз ұсыныстарын жеткізді.

- Біріншіден Нұр-Сұлтан қаласындағы Достық үйінде тәжік ұлтының бұрышын ұйымдастырғымыз келеді. Сонымен қатар, әр облыста 13 тәжік этномәдени бірлестіктер бар болғанмен, республикалық деңгейдегісі жоқ. Осы олқылықтың орнын толтырып, бір бірлестіктің статусын көтеруді ұсынып отырмын. Және Қазақстанда талантты тәжік жастары бар, арнайы шараларда солар біздің ұлттық аспаптарымыздың сүйемелдеуімен өнер көрсетсе деген ниетіміз бар. Тағы бір жайт, Түркістан облысындағы тәжік мектептерінде тәжік тіліндегі оқулықтар жеткіліксіз. Осы аударма ісіндегі мәселені тезірек қолға алсақ деймін. Алдағы уақытта да бірлесе жұмыс жасауға әзірміз, - деді Тәжікстан елшісі.



(Суретті түсірген Мақсат Рысбеков)

Кейін қарай