Қазақстан халқы Ассамблеясы

11 Маусым, 2020

7515

әл-Фараби: Білімсіз адамгершілік молаймайды, білімсіз адам өзінің абзал қасиеттерін тани алмайды

Отырарлық ұлы ғалым, ойшыл, кемеңгер Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына биыл 1150 жыл толды. Әл-Фараби Аристотельден кейінгі дүние жүзі білімі мен мәдениетінің екінші ұстазы атанған данышпан, энциклопедист ғалым, астрономия, астрология, математика, логика, музыка, медицина, табиғаттану, социология, лингвистика, поэзия, риторика, философия ғылымдарын меңгерген, көптеген трактаттардың авторы. Өкінішке орай, оның мол мұрасы мен рухани туындыларының көбісі жоғалып, біздің заманымызға тек 40 шақты еңбегі ғана жеткен.

Азияның ұлы ғалымдары мен ойшылдары Әбу Әли ибн Сина, Беруни, Бозжани, Омар Хайям және тағы басқалары өздерін Әбу Насыр әл-Фарабидің шәкірттеріміз деп есептеген. Әбу Әли ибн Сина: «Бұрын еш түсіне алмай жүрген грек метафизикасын толығымен осы әл-Фарабидің кітабын оқып түсіндім» деген екен.

Әл-Фараби «Данышпандықтың інжу-маржаны», «Ақылдың мәні туралы трактат», «Ғылымдардың шығуы», «Аристотель еңбектеріне түсіндірме» тектес трактаттары арқылы ғаламдық ойдың дамуына өзінің қомақты үлесін қосты. Сондықтан да халық оны «Шығыстың Аристотелі» атап кеткен. Ол ежелгі заман ойшылдары Аристотель, Платон, Гален шығармаларына терең талдаулар, түсініктемелер жазды. Білімінің осыншама молдығына таң қалған бір кісі Әл-Фарабиден: «Сіз көп білесіз бе, әлде Аристотель көп біле ме?» – деп сұрағанда, данышпан: «Онымен замандас болған жағдайда мен оның ең мықты шәкірті болар едім», – деген екен.

Ғылым, білім іздеп, жер жерді аралаған ойшыл парсы, түрік, араб тілдерінен бөлек грек, қытай, латын, санскрит және басқа тілдерді меңгерген. Сол заманда дамыған барлық ғылым салалары мен өнер түрлерін жетік меңгеріп, оның дамуына өз үлесін қосады. Осылайша, кейінгі ұрпаққа мол мәдени асыл мұра қалдырды.

Білім-ғылымды үйретумен қатар шығармалар жазды. Әл-Фарабидің тәрбиелік мәнге зор шығармалары бүгінгі ұрпақ жадында мәңгі сақталары анық. Білім мен тәрбиені ұштастыра білген ғұлама ғалым «адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы. Ол келешекте оның өміріне зиян әкеледі» деп тәрбиеге аса қатты көңіл бөлу керектігін айтып кеткен. Білімсіз адамгершілік молаймайды, білімсіз адам өзінің абзал қасиеттерін тани алмайтыны бесенеден белгілі.

Кейінгі ұрпақ үшін ғұламаның білім-ілімі өшпес мұра болып қала бермек.

Ажар Жұмағұл,

Жамбыл облысы әкімі аппараты

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығының тілшісі

Кейін қарай