Қазақстан халқы Ассамблеясы

25 Қараша, 2020

404

«Мәміле» қазақ тілі пікір алмасу клубының кезекті сабағы өтті

Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен елорданың Достық үйінде тұсауы кесілген «Мәміле» қазақ тілі пікір алмасу клубының кезекті сабағы өткізілді.

Сабақтың мақсаты – тыңдаушыларға қазақ халқының әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерінің маңыздылығын жан-жақты ашып көрсету, адами қарым-қатынас рөлінің ерекшелігіне маңыз беру, әдептілікті дәріптеу, бата, тілекті насихаттау.

Сабаққа елорда этномәдени бірлестіктерінің өкілдері және тілді меңгеруге ниет білдірген еріктілер қатысты.

Мемлекеттік тілді меңгеруге баса мән берген елорда этномәдени бірлестіктері өкілдеріне, еріктілерге бұл жолы оқытушы Сағым Барлыбайқызы Естемісова ежелден келе жатқан құндылықтарымыз туралы толымды мәліметтер айтып берді.

Сабақ сәтінде тақырыпты терең ашу үшін арнайы интерактивті тақта мен бейнекөрініс арқылы құнды деректер тыңдаушыларға таныстырылды.

- Ұлт дегеніміз - белгілі бір аймақта тарихи қалыптасқан адамдар тобының әлеуметтік-этникалық бірлестігі. Қазақ ұлты сонау ғасырлар тереңінен, ру-тайпалық дәрежеден бастап, XIV—XV ғасырларда тұтас халықтық дәрежеге жеткенше талай салт-дәстүрлерді басынан өткізді. «Дәстүрдің озығы бар, дәурені өткен тозығы бар» дегендей, бізге жеткен тәрбиелік мәні зор бүгінгі ұлттық салт-дәстүрлер халқымыздың ең қымбат қазынасы», - деді сөз орайында С. Естемісова.

Бата беру, тілек және арнау айту-ұлттық дәстүрлерімізді ұлықтайтын жаhұттарымыз ретінде саналады. Осы құндылықтарға жеке-дара тоқталған оқытушы әрбір сөздің маңызы бар екенін жеткізді. Сонымен бірге жүрекке жылы әсер ететін құндылықтардың жас ұрпақтарды отансүйгіштікке, тарихи дүниелерді қадірлей білуге, адамгершілікті ұлықтай білуге үндейтініне маңыз беріп өтті.

Оқытушы тыңдаушыларға тапсырма беру арқылы сабақтың маңызын пысықтап, олардың ұлттық құндылықтарды жетік білулеріне ерекше мән берді. Осылайша әдет-ғұрыптар, салт-дәстүрлеріміз дәріптеліп, бата мен тілектің айырмашылығына екпін берілді.


Кейін қарай