Қазақстан халқы Ассамблеясы

09 Қыркүйек, 2021

215

«Мемлекет дамуының, ел өркендеуінің бірден-бір кепілі ішкі бірлік пен ынтымағымыз»

Жасыратын несі бар, әдетте, Президенттің халыққа арнаған жыл сайынғы Жолдауын бәріміз асыға күтеміз. Өйткені өткенімізді саралап, болашағымызды болжап отырамыз. Кешегі күнге баға беріп, ертеңгі күніміздің қандай боларын шамалаймыз. Әрине, бәрімізді алаңдататын – елдің болашағы.

Бұл Жолдауда Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы қоғамда орын алып отырған күрмеуі күрделі мәселелерді, елдің мұң-мұқтажын, мемлекеттің дамуына нұқсан келтіріп отырған кем-кетікті түгелдей баяндап, оның шешу жолдарын ұсынды. Халықтың талқылауына салатын өзекті мәселелерді қайта қарау қажет екеніне баса назар аударды. Мемлекеттің халықтан алшақ емес екендігін тағы бір мәрте көрсеткен болды. Тұтастай алғанда мемлекеттің қоғамның барлық саласына қамқор болып отырғаны анық байқалды.

Мемлекет басшысы: «Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы», деді. Бұл сөйлем – Жолдаудың түйіні. Ал оның мән беріп отырған ең алғашқы сөзі – елдегі бейбіт өмір. Демек осы мәселеге жіті назар аудару қажет.

Иә, бұл Жолдауда көкейдегі көптеген түйткілді мәселелердің түйіні тарқады. Жер-жерде жұт дендеп, мал жайылымы қиындаған тұста ауылдағы жұртқа үміт сыйлады. Жарылыстардан, қуаңшылықтан, табиғи опаттардан үрейі қашқан елді жұбатып, моральдық тұрғыдан қолдады. Азық-түліктің бағасы шарықтап өсе бастаған шақта нақты шешім жолдарын ұсынып, қоғамдағы алаңдаушылықты басты. Сондай-ақ көкейімізде жүрген ең бір маңызды мәселе – тіл мен әдебиет, өнер мен мәдениет саласын одан ары дамыту, мәдениет қызметкерлерінің жалақысын көтеру және жас таланттарды қолдау және оларға қамқорлық көрсету болды. Бұл шын мәнісінде зиялыларымыздың көңілінен шыққан жағымды жаңалық!

Мемлекет дамуының, ел өркендеуінің бірден-бір кепілі ішкі бірлік пен ынтымағымыз екені сөзсіз. Жолдаудың басты тақырыбы да осыған арналған. Түркі ойшылы Ысмайыл Гаспыралы айтқандай, «Тілде, істе, пікірде бірлік» сақтау қажет. Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде ішкі тұрақтылықты сақтау мақсатында жұмыс істеп келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының қосқан үлесі зор. Бұған дау жоқ.

Алайда Президент тілге тиек еткендей, жаңа цифрлық кезеңнің қауіп-қатерлерімен қоса ақпараттық технологияның қарқынды дамуы қазіргі жұмыс механизмдерін жаңартуға, жаңаша ойлайтын қоғамның болмысына икемделуге итермелеп отыр. Екіншіден, қазіргі таңда халық санағы жүріп отыр. Сарапшылардың болжамы бойынша, қазақ ұлтының саны 75-пайыздан асып түседі. Осы орайда Ассамблея этно-мәдени бірлестіктерімен қатар, ұлт зиялылары тоғысатын ұйымдармен тығыз байланыс құрып, Мемлекет басшысы айтқандай, бірлік пен ынтымақты сақтауда зиялы қауым өкілдерінің рөлін күшейту керек. Үшіншіден, Ассамблеяның ұлттық идеологияның дамуына өзіндік зор үлесін қосып отырғаны мәлім. Жолдауда айтылғандай, ұлттық идеологияның тетігі болып саналатын тіл мен әдебиет, өнер мен мәдениет салаларында белсенділік танытып, таланттардың тартылуына, талантты жастардың өсіп-өркендеуіне үлес қосқан ләзім.

2019-2020 жылдары Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған «Қазақ тілі ұлтаралық тілге айналуы тиіс» сөзіне орай Ассамблея «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты форум өткізіп отырды. Аталған жиынды халықаралық деңгейде өткізіп, қазақ тілінің мәртебесін көтеріп отырған этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері мен шетелдіктерге ерекше көңіл бөлген абзал болар еді. Бұл жиын Ассамблеяның тіл саясатының дамуына қосып отырған елеулі үлесін анық көрсетер еді.

Сонымен қатар, тіл тақырыбы әр уақытта өзекті болып қала береді. Қазақ тіліне реформа керек, жақсы шығармалар жазылып, ғылыми ізденістер жасалу керек деген жаңсақ пікірлер де айтылып жүр. Оны айтып жүрген кімдер? Әрине, қазақ тілін меңгермеген, сол тілде бірде-бір кітап оқымайтын білгіштер. Осы орайда Ассамблея тіл қолданысының аясын кеңейтуге атсалысып, шетелдік әдеби шығармаларды қазақ тіліне, қазақ әдебиетінің інжу-маржандарын этно-мәдени бірлестіктердің тілдеріне аудару бойынша мұрындық бола алады.

Жолдауда, тұтастай алғанда, бүгінгі Қазақстанның алдында тұрған шешілуге тиіс өрісті де өзекті мәселелер көтерілгені қуантты. Көңілге қонатын уәждер айтылды. Ең бастысы, Жолдаудың өн бойынан халыққа деген қамқорлық лебі есіп тұрды. Бірлік пен ынтымақтың мемлекет үшін мызғымас күш екені қайтадан еске салғандай болды.

Осы орайда түркі әлемінің озық ойшылы, Шығыстың жарық жұлдыздарының бірі Мәулана Жәлалледдин Румидің: «Бір аяғың –

орталықта, екінші аяғың – жетпіс екі елді араласын» деген ұлағатты сөзі бар. Демек, Елбасымыздың «Бір отан – бір тағдыр» ұстанымына ие болып, өзара түсіністікпен өмір сүретін болсақ, келешегіміз кемел, болашағымыз жарқын боларына ешқандай күмән жоқ.

Мәлік ОТАРБАЕВ

жазушы, Мәдениет саласының үздігі


Кейін қарай