Қазақстан халқы Ассамблеясы

18 Ақпан, 2021

859

«Мейірімділік – әлемді құтқарады»

Тарих – ұлттың өткенінің, бүгіні мен болашағының көкжиегін байланыстыратын көпір іспеттес.

Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Бірақ ол ұлттар мен ұлыстар елімізге қоныс аударуының астарында қаншама азапты жолдар жатыр. Кеңес Одағының көптеген өңірлерінен неміс, кәріс, поляк, грек, шешен, ингуш, қарашай, қалмақ, әзербайжан, күрд және басқа да халықтардың депортациялануы кезең-кезеңімен орын алған. Тоталитарлық жүйенің салқыны қаншама адамды жақынынан, туған жерінен айырды, жат елдерге жөнелтті.

Қарағанды облысы «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сулим Исакиев депортациялау кезінде өз ұлтының басынан кешкен тарихын айтып, құнды мәліметтер келтірді.

- 1944 жылдың ақпан айы. Ресми мәліметтер бойынша, бұл күн 500 мыңнан астам шешен мен ингуштың тағдырын өзгертті. Олар бір түнде-ақ, «жау» деп танылып, Қазақстан мен Орта Азияның шалғай аудандарына күштеп көшіріле бастаған. Жер аудару жылдары халықтардың көбі суықтан, аштықтан, аурудан көз жұмды. Діттеген жерге жетпей ажал құшқандарды санап жатқан ешкім болмаған. Мұндай ауыр жағдайды жауыма да тілемеймін, - деп еске алады ақсақалдар кеңесінің төрағасы.

Депортация жылдарында ол небары бес жаста болған. Бірақ әлі күнге дейін сол қорқынышты күндерді бір сәтте есінен шығарған емес. Көп жылдар бойы оның халқы туған жеріне оралуға деген үміттерін үзбеген екен. Алайда жылдар өте, ол армандары сағымға айналып, осында мәңгі тұрақтайындарына көздері жеткен. Қазақстанға тағдыр айдауымен келген шешен-ингуштар ғана емес, басқа да ұлттар қазақ халқының кеңпейілділігінің арқасында қиын кезеңдері артта қалыдырыпты.

- Бізді мұнда көшіріп жатқанда қазақтарға «сұмдық жауыздар келе жатыр» деп үрей тудырған екен. Жүре-жүре бір ауылға жақындадық. Үлкендеріміз мұсылманша құлшылық жасап, беттерін сипады. Қарасақ қазақтар да дәл солай дұға жасап жатыр екен. Олар біздің қарапайым мұсылман екенімізді көріп, ойларын өзгерткен. Біздің де қазақтардың ең мейірімді, нағыз жанашыр жандар екеніне көзіміз жетті. Міне, содан бері сексен жыл өтсе де, қазақ халқымен тату-тәтті араласып, жасасып келеміз. Тағдыр сан қилы, жолдар сан тарапты болады екен... Егер сол кезде бізді сыртқа теуіп, онсыз да жүдеген жанымызға қаяу түсірсе қайтер едік... Адам қатарына қосылуға жәрдем беріп, барымен бөліскен қазағыма ақтық демім қалғанша алғыс айтып өтем, - дейді ақсақал.

1944 жылғы 31 қаңтарда Шешен-Ингуш Автономиясын тарату және «фашист басқыншыларына жәрдем бергені үшін» оның тұрғындарын Орталық Азия мен Қазақстанға қоныс аударту туралы КСРО Қорғаныс Мемлекеттік Комитетінің қаулысы шықты. Үш мәрте жүргізілген операцияның нәтижесінде Одақтың шығыс өңірлеріне барлығы 650 мың шешен мен ингуш, қалмақтар мен қарашайлар қоныс аударды. Қазақстанға 124 эшелон (344 584 адам), оның ішінде Қарағанды облысына 37938 адам келді. Халықтардың қоныс аударуы 1940 жылдардың аяғына дейін жалғасқан.

- Тарихтың осынау ақтаңдақ беттері халқымыздың есінде мәңгі қалды. Басқа елге емес, дәл қазақ жұртына келгенімізге мың шүкір. Расында, әлемді құтқаратын ең жақсы қасиет – мейіріміділіқ, - деп аяқтады сөзін «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сулим Исакиев.


Кейін қарай