Қазақстан халқы Ассамблеясы

07 Шілде, 2021

797

Наталья Дементьева: «Нұр-Сұлтан – ел Тәуелсіздігінің жемісі»

Биыл Қазақстан елінің Тәуелсіздігін алғанына 30 жыл толып отыр. Осы уақыттың ішінде еліміз көптеген жетіс­тікке жетіп, дүниежүзілік елдеріне танымал болды.


Ел астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы өзінің 23 жылдық тарихында әлемнің озық ел­дері көшбасшыларының басын қосатын саяси, мәдени орта­лыққа айналды. 2010 жылы Елордада өткен Еуропалық қауіп­сіздік және ынтымақтастық ұйы­мының саммиті – соның айқын дәлелі. Осы ұйымға қазақ елінің төрағалық етуі - бұрынғы кеңестік елдер арасынан ең алғаш рет болған оқиға екенін айтып өткен жөн. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтанда 2003 жылдан бері Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі ұйым­дастырылып, әртүрлі діннің өкілдері бас қосып отырады.

Елордамыз халықаралық саяси аренада өзінің орнын қалыптастырып, халықаралық қауымдастық санасатын дәрежеге жетті. Кезінде ЮНЕСКО Нұр-Сұлтан қаланы дүние жүзіндегі «Бейбітшілік қаласы» деп атады.

10-15 жыл бұрынғы Нұр-Сұлтан мен қазіргі Нұр-Сұлтанның мәдени әлеуетін салыстырсақ, айырмашылық жоқ емес. Елордамыз бүгінде рухани орталыққа айнала алды деп нық сеніммен айтуға болады. Қазіргі таңда зиялы қауым өкілдері мен өнер адамдары Нұр-Сұлтан қаласына көшіп келіп, Елордамыздың рухани-мәдени дамуына өздерінің үлесін қосуда. Соңғы жылдары қалада мәдени ошақтар көбейе бастады. Мәселен, Нұр-Сұлтанда Ұлттық академиялық кітапхана, Қазақстан Орталық концерт залы, «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театры, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елба­сының кітапханасы, Ұлттық мұражай сияқты көптеген мәдени орталықтар пайда болды.

Нұр-Сұлтан қаласы саясат пен руханият­та ғана емес, сонымен қатар, спортта да үлкен жетістіктерге жетті. Мәселен, жыл сайын Елордада көптеген халықаралық спорт шаралары ұйымдастырылып, соның арқасында спортқа қызығушылығы мол жастардың саны артты. Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында тұңғыш рет VІІ қысқы Азия ойындары өтіп, соның нәтижесінде көптеген жастар қысқы спорт түрлерімен айналысуға ден қойды.

Бұл деген Нұр-Сұлтанның тек шенеуніктердің ғана емес, сонымен қатар зиялы қауым өкілдері мен өнер адамдарының астанасы болғанын дәлелдейді.

Қорыта айтқанда, Елорда саясатта, руханиятта және спортта өзінің орнын қалып­тастырып үлгерді. Бұның бәрі Тәуел­сіз­дігіміздің арқасында деп білемін. Сондықтан барлық қазақстандықтар үшін Нұр-Сұлтан - Отанымыздың жүрегі, Тәуелсіздігіміздің тірегі болып табылады.

Барша қазақстандықтарды Нұр-Сұлтан қаласының күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әр отбасыда береке-бірлік, елімізде тыныштық болсын!

Наталья Дементьева,

Қазақстан Республикасы

Парламенті Мәжілісінің депутаты


Кейін қарай