Қазақстан халқы Ассамблеясы

11 Қазан, 2021

368

Нұр-Сұлтанда балалар арасында мәнерлеп оқудан байқау ұйымдастырылды

2021 жылдың 9 қазанында Достық үйінде Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА қолдауымен «Юнчи» дүнген этномәдени орталығының ұйымдастыруымен балалар арасында қазақ тілінде «Менің Отаным – Қазақстан» мәнерлеп оқу байқауы өтті.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған және қазақ тілі мен поэзиясына қызығушылықты арттыруға, мәнерлеп оқу дағдыларын дамытуға бағытталған.


Байқау Қазақстан Республикасының әнұранымен және ҚХА хатшылығының, этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі бөлімнің басшысы - Тайгокова Гүлнар Ноянқызы алғы сөзімен басталды. Сонымен қатар ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Буларов Ильяс Юсупұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты - Хамедов Әбілфас Мүслімұлы, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің этносаралық қатынастарды дамыту комитеті төрағасының орынбасары Үйсімбаев Еркін Құлымбайұлы қатысушыларға сәттілік тіледі.

Байқауға этномәдени орталығының 6 жастан 16 жасқа дейінгі кіші және үлкен топтардың балалары қатысты. Балалар ақындардың өлеңдерін қазақ тілінде оқыды, әр қатысушы қазылар алқасының мүшелері атап өткендей өте жақсы өнер көрсетті.

Нұр-Сұлтан қаласы «Юнчи» этномәдени орталығының төрайымы Зульфия Месировна Муханзаева кеш соңында барлық қонақтар мен қатысушыларға алғысын білдіріп, балалардың қазақ тілін меңгеруінің жоғары деңгейін атап өтті. Сондай-ақ, аталған іс-шараны ұйымдастырғаны және көмек көрсеткені үшін белсенділерге алғыс хаттар табыстап, барлығын мемлекеттік тілді үйренуге шақырды.

Қазылар алқасы жеңімпаздарға және іс-шараның барлық қатысушыларына сыйлықтар, грамоталар мен ынталандыру сыйлықтарын табыс етті.

Конкурс қорытындысы бойынша кіші топта 1 орынды Хава Амира жеңіп алса, үлкен топтан Идибо Алишер жеңіске жетті.

Кейін қарай