Қазақстан халқы Ассамблеясы

16 Қараша, 2018

1961

ОРАЛ ҚАЛАСЫНДА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУШІ КОМПАНИЯ МЕН ҮЙ ТҰРҒЫНДАРЫ АРАСЫНДАҒЫ ДАУ СОТҚА ДЕЙІН МЕДИАТИВТІ ЖОЛМЕН ШЕШІЛДІ

Орал қаласындағы көпқабатты үйдің тұрғындары «Орал лифт» ЖШС қызметі үшін уақытылы төлем жасамай, қарыздар болған.

Кәсіби медиатор және Өңірлік кәсіпкерлер палатасының  қатысуымен аталған мәселе екі тараптың мүддесін ескере отырып шешілді.

«Орал Лифт» ЖШС қаланың Строитель атты шағын ауданында бір тұрғын үйдің лифтіне қызмет көрсетеді. Бастапқыда тұрғындар аталған қызмет үшін уақытылы төлем жасап жүріп, бірақ кейін қарыз көбее бастаған. Сома үлкен емес, сондықтан кәсіпкер мәселені  өршітпей, дауды шешудің басқа амалын таңдады. Кәсіпкердің айтуынша, мұндай шарадан ол ұтпаса, ұтылған жоқ. Компания мүддесін жеке заңгер жүргізді.

- «Келісім-шартты жеке тұлға жасаған. Бұл подъезд бойынша аға қараушы, оны тұрғындар өздері таңдады. Біз оған хабарластық, медиативтік келісім-шарт жасау туралы келістік. Аталған құжат қарызды бөліп төлеуді қарастырады. Осындай шараға борышкер соттық алымдарды және өзге де шығындарды көтермес үшін бардық», – деді «Орал Лифт» ЖШС қорғаушысы, жеке заңгер Сергей Повышев.

Келіссөздер жасау арқылы өзара тиімді шешімге келуге қол жетті. Борышкерлер қарыздарын 5 айға бөліп төлеуге мүкіндік алды. «Орал лифт» ЖШС енді қарызды сот арқылы өндірмейтін болды, өз кезегінде уақыт та үнемделеді.

- «Егер аталған келісімшарттың қандай да бір тармағы орындалмайтын болса, тараптар тағы да медиацияға жүгініп,  шарттарды өзгерте алады», – деді БҚО Медиаторлар одағының төрайымы Алуа Рахишева.

Айта кетелік, медиацияның негізгі қағидаттары – еріктілік және құпиялылық. Жылдың басынан БҚО-да сотқа дейін 1625 медиативті келісім жасалған. Мамандар мұндай қызмет түріне сұраныстың артқанын атап өтуде.

БҚО кәсіпкерлер палатасында коммерциялық медиацияны бизнес мүддесін қорғауда тиімді жұмыс істеп тұрған келешегі бар сала деп  баға береді, сондықтан осы бағытта бірлескен жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Кейін қарай